МАЛ АЗЫҒЫ МОЛЫНАН ДАЙЫНДАЛАДЫ

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1735
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Биыл Кеген ауданы бойынша 145256 тонна шөп дайындау жоспарланып отыр. Осынау игілікті іс Тасашы ауылдық округіне қарасты «Жаңа Ақтасты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қарқынды жүргізілуде. Серіктестік еңбеккерлері маңызды науқанды шілде айының ортасында бастаған болатын.

 

– Серіктестігімізде 1700 гектар шабындық алқабымыз бар. Биыл 1500 тонна шөп, 1000 тонна пішендеме дайындауды жоспарлап отырмыз. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Жалпы, мал азығының бір жарым жылдық кепілді қоры жасалады. Былтырғыдан артылып қалған шөбіміз де бар, – дейді «Жаңа Ақтасты» ЖШС-нің директоры Жарылқасын Адасбаев.
   Айтса айтқандай, мал азығын дайындауға қажетті техникаларының бәрі толық қуатында іске қосылған. Оның бәрі кейінгі жылдары алынған, жап-жаңа қалпында. Жалпы, «МТЗ-80» маркалы 4 трактор шөп шабуда. 4 трактор  шөп тайлауда. Шөпті басатын 2 трактор қарқынға қарқын қосуда. Тайланған шөпті әртүрлі маркалы, сыйымдылығы жоғары, қуатты 5 жүк көлігі кідіріссіз тасымалдауда. 
Науқанды жұмысқа механизатор, жүргізушілері бар, барлығы жиырмаға тарта еңбеккер қатысуда. Олардың тамақтары тегін. Барлық жағдай жасалған. Дала жұмыстарына Алпамыс Даукенов жетекшілік жасайды. Осынау игілікті іс бойынша шөп шабуда жүрген Адалбай Байбұқаев, Мұрат Халықовтың, тасымалдауда жүрген Ұшқын Тұрданиязовтың, шөп басатын Ерғанат Жұмаханов секілді еңбеккерлердің есімдерін орнымен айтуға болады. 
   «Жаңа Ақтасты» ЖШС «КазМясо» құрылымына қарайды. Олар таза асыл тұқымды ет бағытындағы 1100 бас «Абердин Ангус» ірі қарасын бағып отыр. Экспорттық әлеуеті жоғары, сапалы, семіз ет дайындау үшін жұғымды мал азығы керек. Серіктестік сол үшін де мал азығына 300 гектар арпа, 300 гектар сұлы, 80 гектар бұршақ өсірген. Жоғарыда сөз болғанындай, аталған егіс алқаптарынан 1000 тонна пішендеме дайындалады. Оның бәрі «KRONE» маркалы шөп тайлағыш арқылы, жаңа технология бойынша, тайланады. Су өтпейтін материалға оралған, салмағы 750 килограмм тартатын тайланған пішендеме        3 жылға дейін сақталады. Құнарын, сапасын жоғалтпайды. Серіктестік тайланған мұндай шөпті былтырдан бері дайындап келеді. 
    Жалпы, ұжым еңбеккерлерінің өнімді жұмыс жүргізуіне жақсы жағдай жасап отырған іскер азамат Төлеген Бозжанов басқаратын  «Каз Мясо» ЖШС-не айтар алғыстары мол. Олар әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалануда. Жұмыс өнімді. Науқанды жұмысты бір ай көлемінде сапалы аяқтап шығуға мүмкіндіктері мол.

Қанат БІРЖАНСАЛ.