ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1511
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Құрылыс нысандарының көптеп салынуы ауданымыздың жылдан-жылға көркейіп,  өркендеуінің дәлелі. Жыл сайын Балқаш ауданының орталығы Бақанастан бой көтерген тұрғын үй құрылыстары уақытында аяқталып, пайдалануға беріліп жатыр. Ал  күрделі жөндеуден өткізілген нысандар ауыл ажарын айшықтап тұр.

 

   Биыл ауданымызда бірқатар нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, аудан орталығынан салынып жатқан он тұрғын үйдің құрылысы мен Жиделі ауылындағы жаңадан бой көтеріп жатқан ФАП ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын ауызсу және газбен қамтамасыз ету мәселесі де  шешілген. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісовтың қадағалауында. 
   Осындай жүйелі атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының мән-жайымен жақынырақ танысу мақсатында аудан әкімі аппаратының  басшысы Жанат Жүнісбеков аудандағы құрылыс нысандарын арнайы аралап қайтты. 
   Алдымен Жанат Төлегенұлы Бақбақты ауылдық округінде жүргізіліп жатқан су құбыры жұмыстарының орындалу барысын көзбен көрді. Бақбақты ауылындағы ауызсу құбырының  жүргізілуіне жауапты мекеме «Фуд-МС» ЖШС-нің құрылыс басшысы  Ғалымжан Омаров атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, су құбырын жүргізу сызбасымен таныстырды. 
Осы орайда Жанат Жүнісбеков жұмыстың кейбір  кем-кетік тұстарына  тоқталып өтті. Әсіресе, екі бірдей 600 текше метрлік су қоймасының монтаждау жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығын айтты. Сонымен қатар, ауыл әкімі Қали Сәтбаевқа су құбыры жұмыстарының жедел жүргізілуін  күнделікті қадағалап тұруын тапсырды.
   Келесі кезекте Бірлік ауылдық округіндегі Бірлік орта мектебіне жүргізіліп жатқан  күрделі жөндеу жұмыстарының қаншалықты атқарылып жатқанын көріп шықты. Құрылысқа жауапты мекеме «ЭлМ» ЖШС-нің директоры Ләйлә Исатаева жұмыс жүйесімен таныстырды. Аудан әкімі аппаратының басшысы мұндағы оң өзгерістерге тоқталды. Кемшіліктерді де көрсетті. Жаңа оқу жылында оқушыларға қуаныш сыйлайтын құрылыс мекемесіне  ризашылығын білдіріп, атқарып жатқан құрылыс жұмыстарын сапалы жасау қажеттігін ескертті. 
   Осы тұста айта кетер болсақ,  Бірлік орта мектебі 1973 жылы бой көтеріп,  көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Бүгінде аудандағы білім сапасы бойынша алдыңғы қатарда тұрған мектептердің бірі. Бұл мектепте 369 оқушы білім алуда. Мектеп құрылысы тамыз айының жиырмасына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Жанат Жүнісбеков Бақанас ауылында жаңадан салынып жатқан он коммуналдық тұрғын үй құрылысының сапалы жүргізілуіне баса назар аударып, белгіленген мерзімге дейін аяқталатынына көз жеткізді. Ол жерде  «ЭлМ» ЖШС-нің құрылыс басшысы Қаршыға Мұқановқа  тапсырма жүктеді.
   Осыдан кейін Жанат Төлегенұлы Ақдала ауылдық округіндегі Мәдениет үйіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. 

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы