Жұмыс сапасы сынға алынды

Уақыты: 11.08.2018
Оқылды: 1153
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің төрағалығымен мал шаруашылығы саласын өркендетуге қатысты селекторлық жиын өтті. Онда өңірлердегі аналық мал басының тұқымдық түрлендіруге қатысуы, сиыр етін дайындауды жоспарлау, мал бордақылау алаңдарына бұқашықтарды алу, тауарлы табынға асыл тұқымды бұқаларды жіберу, фермерлік шаруашылықтардың аналық етті ірі қара және ұсақ мал басын сатып алуына қатысты атқарылған жұмыстар сөз болды. Осыған қатысты сұрақтарға аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары жауап берді.

Қазіргі таңда облысымызда мал шаруашылығы саласын өркендетуде ауқымды жұмыс атқарылуда. Облыстық бюджет есебінен және «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ-ның қаржыландыруымен 50-200 басқа арналған сүт фермаларын құру жұмысы қолға алынып, 2021 жылға дейін оның санын 100-ге, қуаттылығын 23 мың басқа жеткізу көзделуде. Сондай-ақ, ет экспортын еселеу үшін де тиянақты жұмыс істелуде. Болашақта экспортты ұлғайту үшін етке басымдық беріліп, трансұлттық компаниялардың қатысуымен инвестициялық ірі жобаларды жүзеге асыруға қол жеткізілмек. Бұл орайда мал басы мен өнімділігін арттыру қажеттігі туындайды, мал тұқымын асылдандыруға зор мән беріледі. Сол арқылы алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру қажет. 
Жоспар ауқымды. Осы бағытта мемлекеттік қолдау көрсетіліп, өңірлердегі фермерлер мен шаруа қожалықтарының мал басын өсіріп, шаруасын шалқытуға дем берілуде. Алайда, ұтымды ұйымдастыру, жүйелі жоспар болмағандықтан кейбір аудандардың көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Жиында нәтижелі жұмыс істеген аудан, қала басшыларының аттарына жылы сөз айтылды. Жиынды қорытындылаған Серікжан Іслямұлы аудан әкімдеріне  нақты тапсырма беріп, жоспарға сай жұмыс істеу қажеттігін назарға салды. 

 

Қажет АНДАС