Әріптестік жандана түседі

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1122
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жер жаннаты Жетісудың тұмса табиғаты – туризмді дамытудың қайнар көзі. Оны дұрыс пайдаланып, ұқсата білсек ел экономикасына тигізер пайдасы шаш етектен. Осы мақсатпен үстіміздегі жылдың мамыр айында облыстық туризм департаменті ұйымдастырған, құрамында бірнеше компанияның өкілдері бар арнайы делегация Қытайдың Шэньси аймағына барып қайтқан еді. Онда шетелдік әріптестерге Жетісудың туристік әлеуеті жайлы ақпарат молынан ұсынылған болатын.

Дүйсенбі күні осы әріптестіктің жалғасы ретінде Шэньси аймағынан келген делегация өкілдері Алматыға ат басын бұрды. «Rixos» қонақүйінде өткен екіжақты іскерлік кездесуде қытайлық қонақтар отандық туроператорлар мен БАҚ өкілдеріне Шэньсидің туризм саласында жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен әңгімеледі.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Шэньси провинциясы туризм комитетінің басшысы Гао Чжун Инь мырза Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан екі мемлекет арасындағы байланыстардың тым тереңнен бастау алатыны туралы өз ойын ортаға салды.
– Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан екі мың жыл бұрын император Хан У Ди-Чжань Цянь өзінің Шэньси аймағындағы елшісін Орталық Азия елдеріне достық қарым-қатынас орнату үшін арнайы жібереді. Міне, соның нәтижесінде Батыс пен Шығысты жалғастырған Ұлы Жібек жолы ашылады. Оның бастауы – Шэньси провинциясының орталығы – Сиань қаласы. Ұлы Жібек жолы ХХІ ғасырда да жаңаша сипатта дамып келеді. Бүгінгі әріптестік кездесу соның бір көрінісі, – деді Гао Чжун Инь мырза.
Шэньси провинциясы Қытай мәдениеті мен тарихының рухани орталығы саналады. Мұнда ежелгі тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер көптеп кездеседі. Ел басқарған 72 император осында жерленген екен. Сонымен қатар, бұл аймақ тамылжыған табиғатымен де ерекшеленеді. Әсіресе, Хуашань мен Тайхуашань таулары, Хукоу сарқырамасы, жер астынан бүлкілдеп шығып жатқан Хуацин ыстық шипалы суы да ешкімді де бейжай қалдырмайды. 
Өз кезегінде сөз алған облыстық туризм департаментінің басшысы Жетісу жерінің туристік әлеуетіне тоқталды.
– Өткен жылы Жетісу жеріне келген туристердің саны 1,5 миллион болды. Биыл бұл көрсеткіш 2 миллионға жетіп отыр. Жылдан жылға шетелден келетін демалушылар көбею үстінде. Бұл, әрине, туризм саласында қол жеткізген әріптестік байланыстардың жемісі. «В2В» үлгісінде өтіп жатқан шара осы мақсаттарға арналып отыр. Жалпы, Шэньси провинциясынан дүниежүзіне сапарлайтын туристер өте көп. Қазіргі таңда Сиань мен Алматы арасын жалғайтын тікелей әуе рейсі ашылды. Мұның өзі туризмнің дамуына тың серпін беруде. Енді тек ақпарат алмасып қана қоймай, әріптестерімізді көрікті жерлерге арнайы апарып көрсетуді жоспарлап отырмыз, – деді облыстық туризм департаментінің басшысы Жанар Алшымбаева.
Аталған шарада бірнеше компания өкілдері өздерінің туристік нысандары туралы мол мағлұмат берді. Қытайлық іскер топтан үйренетін, үлгі алатын тұстар аз емес екен.
Кездесу соңында екі елдің туроператорлары әріптестік меморандумға қол қойып, туризм саласында өзара тығыз байланыс орнатуға уағдаласты.

Болат МӘЖИТ
Алматы