ҚЫЗМЕТ АЯСЫ КЕҢЕЙЕДІ

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 850
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Кәсіпкерлер палатасында кезекті «Салық сағаты» өтті. Оған кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Санат Түсіпов, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас мамандары Индира Әлкенова мен Шұғыла Қалибекова қатысып, кәсіпкерлерді қабылдады.

 

   Қабылдау кезінде кәсіпкерлер деректерді тіркеу немесе беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану, электронды шот-фактураларды шығару, сомадан тыс төленген салықтарды қайтару сияқты  сұрақтарды көтерді. Басқосу барысында кәсіпкерлерге деректерді тіркеу немесе беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдануға енгізілген өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Қазіргі таңда деректерді тіркеу немесе беру функциясы бар бақылау-касса машиналары 10 қызмет түрі үшін қолданылады. 
  Олар – орман және құрылыс материалдарын, сантехникалық құрал-жабдықтарды көтерме саудалау, металл бұйымдарын, су құбыры және жылыту құралдары мен құрал-саймандарын көтерме саудалау, компьютер, шеттегі құрал-жабдықтар мен бағдарламалық қамтуды көтерме саудалау, аудио және бейнетехниканы, электрлі тұрмыстық құралдарды, жиһаз, жарықтандыратын жабдықтар және басқа да тұрмыстық бұйымдарды бөлшек саудалау, қонақүй, мейрамханалар мен азық-түлікті жеткізу, кинофильмдерді көрсету, шаштараз және сұлулық салоны қызметтері. 
   Сарапшылардың айтуынша, биылғы 16 тамыздағы ҚР Қаржы министрінің №758 бұйрығына сәйкес, 1 қазаннан бастап тізімге келесідей 17 қызмет түрі қосылады. Олар – автокөліктер мен жеңіл автокөлік құралдарын сату, техникалық қызмет көрсету мен автокөлік құралдарын жөндеу, автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектер мен құралдарды, сусындарды, фармацевтикалық тауарлар- ды, матадан жасалған, темір бұйымдарды, лак және бояу материалдары мен әйнекті, киім-кешектерді, сағаттар мен зергерлік әшекейлерді көтерме және бөлшек саудалау, ломбардтар, жылжымалы мүліктер бойынша операциялар жөніндегі агенттіктер қызметі, сыйақы немесе келісімшарт негізінде жылжымалы мүлікті басқару, жарнама агенттіктерінің, құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша, уәкілетті ұйымдар жүзеге асыратын қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметтер. 
   Осылайша, 1 қазаннан бастап деректерді тіркеу немесе беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану аясы10 қызметтен 27-ге дейін артты. 

Диас БЕЙСЕНБЕК,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы