АЛТЫН ШАШАҚТЫ АЛҚАП

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 1354
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Өңірімізде жүгері өсіретін бірнеше іргелі шаруашылық бар. Солардың бірі – Жолбарыс батыр ауылдық округіне қарасты «Гладиус-Қаратал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Көбіне жүгері мал азығы ретінде сүрлем жасауға өсіріледі. Дәндері баданадай ірі әрі сапалы жүгері егістігінде бүгінде қызу науқан.

 

   Аталмыш шаруашылықта 304 гектар жер бар.Соның 150 гектарына жүгері, 20 гектарына қызылша, қалған134 гектарына жоңышқа егіледі. Биыл шаруашылық егістігіне украиналық «Пионер» сұрыпты жүгері тұқымы егіліп, үш рет суарылды. Қазіргі таңда ресейлік «Дон-600» комбайны, 4 «КамАЗ» жүк көлігі, 2 трактор астық тасып жүр. Шаруашылықта 15 адам науқанға білек сыбана кіріскен. Гектар берекелігі 70-80 центнерді құрап отыр. 
– Орылып жатқан жүгеріден мал азығы, сүрлем дайындалады. Шаруашылықта 1500 бас ірі қара бар. Тауарлы-сүт фермасы үшін Германиядан әкелінген сиырларға азық ретінде дайындаймыз. Қысқы мал азығына 7-8 тонна сүрлем, 11-12 тонна жоңышқа, сонымен бірге, арпа, жемшөп әзірленеді, – дейді «Гладиус-Қаратал» ЖШС егістік алқабының жетекшісі, агроном Байбазар Қанабатыров.
   Шаруашылық жүгері өсіруде алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланады. Алтын шашақты алқаптардағы жайқалып өскен дән собығымен қоса орылып, жүк көліктеріне тиеліп, қамбаға жөнелтілуде. 
Жалпы, ауданда мал азығына керек жемшөп қоры қажетті мөлшерде әзірленіп қалды. Сондықтан малсақ жандар қыстың көзі қырауда азықтан тарықпайды.  

А. Өмірбаев
Қаратал ауданы