МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ АЙҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1501
Бөлім: ЭКОНОМИКА
   Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы кеңесінің қаулысына сәйкес, Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарында есеп беру-сайлау жиналысы өтіп жатыр. Бес жылда бір рет өтетін науқанның бірінші, екінші кезеңдерін қыркүйек-қазан айларында, соңғысын келер жылдың қаңтар айында аумақтық ұйымда өткізу белгіленген. 
 

   Қазіргі таңда 62 бастауыш кәсіподақ ұйымында жиналыстар өтіп, төрағалардың 50 пайызы жаңадан сайланды. Сонымен қатар, атқару комитеті мен бақылау-тексеру комиссиясының құрамы жаңаланып, аудандық, қалалық конференцияларға делегаттар сайлануда.
   Осындай есеп беру-сайлау жиналысы Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылындағы К. Шестаков атындағы орта мектебінде өтті. Оған облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов, білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров қатысып, сөз сөйледі. Олар Елбасы кәсіподақтар қозғалысын жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға баруды ұсынып келе жатқандығын алға тартып, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау, еңбек шартын, әлеуметтік жағдайын, тұрмысын жақсарту, жұмыс беруші мен қызметшілердің арасындағы қарама-қайшылықты реттеу керектігіне тоқталды. Ұжым ішіндегі алауыздықтың алдын алу, еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек қауіпсіздігін қадағалау және басқа да еңбек жағдайына байланысты өзекті мәселелерді әрдайым назарда ұстау кәсіподақ ұйымының басты мақсаты екенін айтты. Сондықтан, осы маңызды міндеттерді мүлтіксіз орындауға белсене атсалысу керектігін атап көрсетті. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ботагөз Отаршынова есепті баяндамасында 75 мүшесі бар ұжымдағы атқарылған игілікті істерді баяндады.
– Қазіргі нарықтық заманда тек бұқаралық кәсіподақ қозғалысы болғанда ғана сала қызметкерлерінің мүддесі мен құқығын шынайы қорғау мүмкіндігі туады, сонда ғана көздеген мақсатқа жетуге болады. Еңбек адамдары үшін кәсіподақ ауадай қажет ұйым болғандықтан, сенім тірегіне айналған, маңызды құрылым болуға тиіс. Халықтың сенімін ақтау үшін еңбек ету – қасиетті борышымыз. Бұл жолда басты құндылығымыз – берекелі бірлігіміз, – деді ол.
   К. Шестаков орта мектебінің директоры Нариман Естібаев та кәсіподақтың бүгінгі таңдағы рөлінің маңыздылығы жайлы тілге тиек етті. Жарыссөзге шыққан Б. Түсіпова,        Т. Треппель  есімді ұстаздар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ботагөз Сайлауқызының еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, бірқатар маман Алғыс хатпен марапатталды. Облыстық кәсіподақтар орталығының Алғыс хатын         Л. Құсайынова, Талдықорған аумақтық ұйымының Алғыс хатын А. Әубәкірова,  А. Жұматаев, О. Столярова алды. К. Шестаков орта мектебінде 42 жыл ұстаздық қызмет еткен, 20 жыл бойы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болған, бүгінгі күні зейнеткер Л. Жукова кәсіподақ ұйымының арнайы сыйлығына ие болды. 
   Жиналыста ұйымдық мәселе қаралып, көпшіліктің қолдауымен Б. Отаршынова бірауыздан кәсіподақ ұйымының төрайымы болып және комиссия құрамындағы алты адамның төрт мүшесі жаңадан сайланды. Кәсіподақ жұмысына қанағаттанарлық деген баға берілді. 

Шора БАТЫРБАЕВ
Ескелді ауданы