ЗИЯНКЕСТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1449
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Ауылшаруашылығына зиянын тигізетін үйірлі шегіртке тектестер мен итальяндық прус, азиялық шегірткелер сияқты аса қауіпті организмдерге қарсы күрес жүргізу маңызды мәселенің бірі. Осы ретте республикалық бюджет есебінен облыс көлемінде 1 миллион 729 мың гектар жерге зерттеу, 217,665 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі деп жоспарланған. Бүгінде нақты өңделгені 201,765 мың гектарды құрады. 

 

   Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті өткізген тендерлерге сәйкес, облыс аумағында «НАК КазАвиа» ЖШС 8 ұшақпен 153,4 мың гектар, «Фитосанитария» РМК 4 атомайзерлік бүріккіш техникасымен 9,010 мың гектар, 7 тракторлық бүріккіш техникалармен 9,1 мың гектар жерге өңдеу жұмыстарын жүргізді.  Ал «Gard Agroservis» ЖШС 5 газогенераторлармен 31,8 мың гектар жерді химиялық өңдеуден өткізді. 
   Аталған мекемелер тарапынан химиялық өңдеу жоспарға сәйкес жүзеге асып, жұмыс сапасы облыстық аумақтық инспекция мен аудандық инспекциялар мамандарының қатаң қадағалауына алынды. Мұның сыртында зиянды үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы 90,6 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмысын жүргізу үшін облыс бюджетінен 204,9 млн. теңге бөлінді. Химиялық өңдеу жоспарға сәйкес толық іске асты. 
   Жалпы, шегіртке тектестердің жаппай таралып, ауылшаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіруі көптеген факторға байланысты. Биылғы көктемнің созылып, ауа райының жауынды, түннің суық болуына қарамастан аталған зиянкестерге қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар оң нәтижесін көрсетуде. Мұның сыртында облыс көлемінде тұрақты фитосанитарлық ах-   уалды қалыпты жағдайда ұстау үшін және ауылшаруашылығы өнімдерін зақымдап, залалдайтын зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізу мақсатында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер өз қаражаттары есебінен 91,480 мың гектар жерге қорғау шараларын атқарды. 
   Сонымен қатар, облыс көлемінде Қазақстан Республикасының «Өсімдіктерді қорғау туралы» 2002 жылы 3 шілдеде қабылданған Заңын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді жүзеге асыру және бақылау мақсатында 17 ішінара тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 5 заңбұзушылық анықталды.    
   Сөйтіп, 144 300 мың теңгені құрайтын 4 айыппұл салынып, 2 шаруа қожалығына анықталған заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Қазіргі кезде облыс бойынша аса қауіпті және зиянды организмдердің таралу аймақтары белгілі және өсімдіктерді қорғау саласы мамандарының толық бақылауында. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде аймақта ауылшаруашылығы жерлерін зиянкестерден қорғауға барлық жағдай жасалуда.

Ж. ОҢДАСЫНОВ,
облыстық аумақтық инспекцияның
өсімдіктерді қорғау
жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы