ЖЕТІСУДЫҢ ҚЫТАЙМЕН САУДАСЫ - 325 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Уақыты: 26.11.2018
Оқылды: 1348
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы қаласы мен Алматы облысы кәсіпкерлер палаталары өңірлік кеңестері Жаркентте бірлескен көшпелі отырысында кәсіпкерлікті дамыту жайы сөз болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан БЕСКЕМПІРОВ, облыстық өңірлік кеңесінің төрайымы Римма САЛЫҚОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман ӘБІЛШАЙЫҚОВ, Алматы қаласы өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий ТІЛЕУМҰРАТОВ, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат ТЕЛЕБАЙ, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Отандық бизнесті дамыту жөнінде сөз сөйлеген Серікжан Іслямұлы ҚХР Жетісу өңірінің сауда-экономикалық бағытындағы маңызды серіктесі болып табылатынын айтты. Тоғыз айда облыстың аспанасты елімен сауда айналымы 29,6 пайызға өсіп, 325 млн. долларды құраған. Экспорт өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 46,8 пайызға артып, 30,1 млн. доллар болған. Ал импорт үлесі 28,1 пайызға ұлғайып, 295,4 млн. доллардан асқан.

Осыдан бірнеше ай бұрын Оңтүстік Кореядан делегация келіп, ірі индустриалды аймақ ашуға ниетті екендіктерін білдірді. Осылайша олар Алматы маңындағы ауданға бірқатар өндіріс орындарын көшіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мемлекетіміз көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен оның халықаралық дәліздерге бірігуі бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен көлік дәліздерін диверсификациялаудың арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы логистикалық хабқа айналып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде Римма Аждарқызы бұл Алматы кәсіпкерлерімен бірлескен аймақтар арасындағы әріптестікті дамытуға арналған екінші шара болып отырғанын айтты. Сонымен бірге ол: «Жиын «Қорғас» аумағында бизнесті дамытуды талқылау және мәселелерді шешу бойынша жұмыстардың бірі саналады. Қытай нарығына отандық тауарларды өткізу мақсаты тұр. Қазіргі таңда біз ҚХР аккредиттелген компанияларымен қазақстандық өнімдерді сертификаттау шарттары мен талаптары бойынша келіссөздер жүргізудеміз», – деді.

Жиында екі өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселесі де егжей-тегжейлі әңгімеленді. Алматы қаласы өңірлік кеңесінің мүшесі, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова облыста туристер үшін қонақүйлер ашу бойынша кешенді шаралардың жүргізіліп жатқанын және олардың саны қазір 60-тан асқанын сөз етті.

Жақында біз Қарабұлақ ауылында семинар өткіздік. Онда жаңадан 10 қонақүй ашылды. Бұл, әлбетте, өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді, орналастыру бойынша қызмет көрсететін ауылды бәсекеге қабілетті жасайды. Осындай үйлерді басқа да аудандарда ашуды жалғастырудамыз. Ұлттық парктер де қонақүй ашу мүмкіндіктерін қарастыруда, – деп атап өтті спикер. Рашида Шайкенова, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облыстың туристік нарығы қайта жаңарудан өтуі тиіс екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ол: «Туристік маршруттарды мазмұн жағынан байыту керек. Мазмұнды түркі тарихы, көшпенділер өркениетінің тарихымен толтыруға болады. Елімізге осы қызмет түрін тұтынуға келетін еуропалық туристерді Көлсай мен Шарынға апарып келу аздық етеді. Олар мәдениетімізбен, тағамдарымызбен және қазақ мемлекеттілігі мен көпшпенділер мемлекетінің тарихымен танысқысы келеді. Туристер үшін бұл жаңалық және өте қызықты дүние», – деді. Сонымен бірге сарапшы бизнес өкілдерін қызмет көрсету сапасын арттыруға шақырды. Өз кезегінде облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева кәсіпкерлер үшін жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту бойынша мүмкіндіктердің ашылғанын айтты.

Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі жұмыс комиссиясы бар және біз ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының желісі бойынша «KazWay» атты екі павильон салынды. Бұл павильондарды «ҚазАвтоЖол» кәсіпкерлерге жалға беруге дайын. Келесі жылы тағы 12 павильон ашу бойынша келісімге келдік. Сондықтан кәсіпкерлерді дайын модульді нысандарда жұмыс істеп, табыс табуға шақырамыз. Онда дәмхана, кәдесыйлар дүкені, әжетхана қарастырылған, – деді облыстық басқарма басшысы.

Қорғас еркін экономикалық аймағында кәсіпкерлер үшін даму мүмкіндіктері мен жеңілдіктері туралы «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті Қаһарман Джазин мен «KTZE Khorgos Gateway» ЖШС коммерциялық директоры Нұрлан Тоғанбаев айтып өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, ШЫХО Қазақстандағы ірі инвестициялық жоба саналады. Инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылым әзірленген, бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда қытайлық туристердің біздің тауарлар мен қызмет түрлерін пайдалануға қызығушылығы жоғары және бұл үшін артық төлем жүргізуге дайын, – деді ШЫХО басшысы.

Жиында көлік инфрақұрылымы алдындағы мәселелелер мен оларды шешуге бағытталған ұсыныстар туралы Қазақстан көлік одағының директоры Сәбит Аманбаев айтып өтті. Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің облыс бойынша басқарма өкілі Алмас Өсенбаев бизнестің құқығын қорғау жұмысы және «Qamqor» қосымшасының ерекшелігі туралы баяндады.

Бірлескен көшпелі отырыстың қорытындысы ретінде Алматы қаласы және облыстық кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестері «Қорғас» ШЫХО» АҚ және «KTZE Khorgos Gateway» ЖШС арасында төртжақты келісім жасалды.

Аталмыш меморандум серіктестік қарым-қатынасты дамыту мен жақсартуға, отандық өнімдерге қолдау көрсетуге бағытталған. Қытайдың біздің ауылшаруашылығы өнімдеріне, соның ішінде ет өнімдеріне деген сұранысы жоғары. Сонымен бірге, Алматы – ауылшаруашылығы өнімдері үшін үлкен нарығы бар қала. Біз кәсіпкерлер мен фермерлер үшін нарықты делдалдарсыз қолжетімді етіп жасауымыз керек. Осы бағытта облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдіктегі әріптестерімізбен бірлесе жұмыс атқаратын боламыз, – деп қорытты Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай.

Меморандум аясында тараптар жергілікті өндірушілер және инвесторлармен бірлесе жұмыс жүргізу, компанияларды ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімдерді жылжытуға белсенді қатыстыру жоспарланған. Сонымен бірге қазақстандық кәсіпкерлерге ақпараттық, консалтингтік, құқықтық көмек көрсетілетін болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Панфилов ауданы