АГРОПАРК – АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЛОКОМОТИВІ

Уақыты: 13.07.2019
Оқылды: 1002
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қарасай ауданына қарасты «Оңтүстік агропаркі» егістігінде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты бірлесіп «Агропарктегі жаз» атты семинар-кеңес өткізді.

Дәстүрлі түрде жалғасын тапқан іс-шараға ҚР Ауылшаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Абай Сағитов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары С. Ахметов, С. Звольский, М. Теміржанов, С. Құсайынов, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, ауылшаруашылығы саласының жауапты мамандары мен аудандық әкімдік өкілдері, шаруашылық иегерлері қатысты. Келелі кеңестің кемелдене түсуіне АгроМарт, Eurasia Group, YTO, Irritec, NEO SUN Energy, KMF, Yurttage.kz, Илад Агро, DuPont Kaзахстан, АгроАлем сынды компания өкілдері де атсалысты. 
Аталған семинар-кеңесте ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің бастамасымен қолға алынған ғылыми-демонстрациялық кластер «Оңтүстік Агропаркі» жобасы бойынша шығарылған  егіс дақылдарының жаңа сорттары мен будандары, өсімдік өсірудің инновациялық технологиялары, заманауи ауылшаруашылық техникалары, басқа да жетістіктер жайы кеңінен сөз болды. Игі шара басталмас бұрын семинарға қатысушыларға осы мақсатта ұйымдастырылған ауылшаруашылық техникаларының көрмесі таныстырылды. 
– Елбасының ауылшаруашылығының алдына үлкен міндет қойғаны белгілі. Ол – ауылшаруашылығында еңбек өнімділігін және қайта өңдеуден өткен  өнімді экспорттауды 5 жыл ішінде 2,5 есеге ұлғайту. Сондықтан былтыр республика бойынша үш жерден – Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарынан «Оңтүстік агропарк» сияқты полигондар жасалып, нәтижесін көрсетуде. Заманауи технологияның, жаңа техниканың арқасында толағай жетістіктерге жетіп отырмыз. Бұл орайда, семинарға қатысушы шаруашылық басшыларының еңбектері өлшеусіз. Бүгінгі күнде озық технология мен техниканың маңызы зор. Тиімділік артқанда ғана  жетістікке жетуге болады. Бүгін ауылшаруашылығын бұдан әрі де қарқынды дамытуда қандай шаралар жасап, нені жүзеге асыру қажеттігі жөніндегі ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдайтын боламыз, – деген ҚР Ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ауылшаруашылығын ғылымсыз дамыту мүмкін емес. Оған егін және мал шаруашылығымен айналысатын «Байсерке-Агроның» іс-тәжірибесі дәлел. Шаруашылықтың егіс алқабындағы инновациялық технологияға негізделген арпа, бидай мен жүгерінің өнімділігі еселеп артып, табыс көлемі ұлғаюда. Ауылшаруашылығы бойынша еліміздің ең алдыңғы қатарлы шаруашылығына айналған агрохолдингте 6 түрлі асыл тұқымды мал өсіріледі. Сонымен қатар, құс және балық шаруашылығын дамытуда.
– Жыл сайын «Байсерке-Агроның» оқыту базасында 200-ге жуық семинар өтеді. Шаруашылық иегерлеріне ғылымның көмегінсіз нәтижеге жетудің мүмкін еместігін ғалымдар мен мамандар түсіндіреді. Төккен тер ақталу үшін жаңа технологияны пайдаланудың тиімділігін білу шарт. Тұқымды дұрыс таңдап, оны сеуіп, өсірудің технологиясы толық сақталғанда ғана мол өнім алынады, – деген «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті  Т. Досмұхамбетов он рет тыңдағаннан бір рет көргеннің артықшылығын айтты.
– Өнімділікті арттыруда тұқымның сапасы мен оның күтіміне ерекше мән беру қажет. 2013 жылдары Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында жаңа технологияға негізделген ғылыми тәжірибе жемісін беріп, осындай игілікті істердің ілгерілеуіне жол ашты.  Алдағы кезеңде шетелдік емес, отандық ғылымның жетістігін пайдаланатын уақыт келеді. Жалпы, өнім көлемін еселеп ұлғайтудың басты тетігі – биотехнологияны қолдану, – деген «Қаскелең агропаркі» жобасының жетекшісі академик Абай Сағитов оның өнім алу мен өткізуге де тигізер пайдасының орасан зор болатындығына тоқталды. Ғалымның пайымдауынша, өсірілетін өнімді түрлі зиянкестерден қорғауда химиялық тыңайтқыштардан гөрі биотехнологияны пайдалану тиімді.
Келелі кеңесте сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов жас мамандарды оқытумен қатар өндірістік тәжірибеден өткізудің маңыздылығына, сондай-ақ, дәстүрлі емес шаруашылықтарды жетілдіруге де көңіл бөлу қажеттігіне тоқталса, саясаткер Сергей Терещенко елімізде жаңғақ пен бал шаруашылығын жандандырудың өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, кең-байтақ Қазақстан үшін еділбай қойын көбейтуді, халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру жасын ұзартуда бал өндіруді ұлғайтуды басты назарға алуды ұсынды. 
Елімізде автоматтандыру, цифрландыру жүйелерін енгізу үрдісі кең етек алған уақытта заманауи технологиядан ауылшаруашылық саласының шеткері қалмауы тиіс екендігін тілге тиек еткен компания жетекшілері де өздерінің тиімді ұсыныстарын ортаға салды.  Шығынсыз өнім алуда саланы автоматтандырудың маңыздылығын түсіндірді. Бұл орайда, заманауи техникалардың түрлері назарға ұсынылды. 
Семинар-кеңесте ауылшаруашылық саласының өкілдері өздерін толғандырып жүрген сан салалы сауалдарына толыққанды жауап алып, ой-өрісін кеңейтіп, ұмтылысын арттырды.

Ұлбосын ИСАБЕК
Қарасай ауданы