ПРЕЗИДЕНТ: "ӨТКІЗІЛГЕН ІС-ШАРАЛАР ТУРАЛЫ ҚҰРҒАҚ ЕСЕПТІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ"

Уақыты: 05.02.2021
Оқылды: 1758
Бөлім: САЯСАТ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысына қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Тәуелсіздікті идеологиялық тұрғыда тойлауды ұсынып, ысырапқа жол бермеудің маңыздылығын, сондай-ақ, өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің керегі жоқтығын алға тартты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Комиссия отырысында Президент Елбасының көшбасшылығымен елдіміз барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесі қаланғанын, егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанымызды, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды.

– Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным  болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазір заман басқа екенін назар аударды. Атап айтқанда, адамдардың санасы өзгерген. Оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеруде. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес екенін, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқтығын қадап айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын атап өтті.

Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтты.

Айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Себебі елде не жасалса да, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігіне тоқталды.

Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруды тапсырды. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек.

Президент талантты жастарымыздың креативті экономика құрудағы рөлінің маңыздылығына назар аударды. Өйткені креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойластыруды тапсырды. Президенттің пікірінше, оның негізін қалаушы бөліктің бірі ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы болуы қажет.

Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі.

– Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы күндер тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы ядролық сынаққа тыйым салу арқылы өз тағдырымызға өзіміз жауап бере алатынымызды көрсетіп, еліміздің әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналғанын айтты.

Мемлекеттік нышандарға құрмет отаншылдықтың көрінісі екенін, осы орайда, ел рәміздерін қолдану ережесін қайта қарауды тапсырғанын, қасиетті Көк байрақты үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін меңгеру  біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан, тіл үйренуге талпынған отандастарымызды бәріміз қолдауға шақырды.

– Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графикасындағы қазақ әліпбиімен түйіндеп, латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі деп бағалады.

Мемлекет басшысы елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдап, «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді. Осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өту туралы ойымен бөлісті. 30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады. Сондықтан, жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздікті мерекелеу барысында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлі ерекше аталып, Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті.

– Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Сөзін қорытындылай келе, Президент Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, мемлекетті нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілетінін, мереке қарсаңында «Қазақстан Республикасының 30 жылдығы» мерейтойлық медалі шығарылатынын айтты.

– Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйледі.

Шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та қатысты. Комиссия отырысынан кейін аймақ басшысы жиында көтерілген мәселелерді назарда ұстап, Елбасы мен Президент тапсырмасын сапалы орындау қажеттігін алға тартты. Бұдан бөлек, облыс әкімі салаға жауапты мамандарға жаңа міндеттер жүктеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"