"Қабанбайды орталыққа айналдырып жіберсе": белгілі жазушы Жетісуда жаңа аудан құруға қатысты ойын айтты

Уақыты: 12.04.2023
Оқылды: 1995
Бөлім: САЯСАТ

Жақында ауылды дамытуға қатысты жаңа қаулы шыққанын жариялағанбыз. Әрі ондай шекаралас ауыл-аймақтарды дамыту мәселесі көтерілгенін астын сызғандай атап өткенбіз. Осы ретте жазушы, журналист Қанат Тілеуханның әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы да сол тақырыптың тұздығы болатындай түрі бар.

Себебі Қарт Алакөлге көп қашаннан өтсеңіз, жолыңызда Қабанбай деген елді мекен бар. Заманында Андреевка болып дүрілдеген. Жазушы сол елді мекенді көрген де өз ойын жеткізген жұртқа. Біз сол жазбаны автордың рұқсатымен сіздерге қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік. 

"Өткенде Алакөл жағасындағы Үшарал қаласына іс-сапармен барып қайттым. Жолай Ербол Ақшолақ деген ініміз Қабанбайға қонақ етті. Бұл ауылды баяғыда үлкендер Андреевка дейтін. Атын естіп жолай сыртынан өтсек те ат басын мүлдем бұрмаппыз. Осы жолы Ербол аралатты.

Шыны керек, мен таңқалдым. Бағдаршамы істеп тұр. Бір емес, бірнеше мектебінде бала толы. Мәдениет үйі хан сарайындай! Дүкеннің сан түрі мен қонақ үй де бар. Қонақ үйден қара нәсілді бір адамды көріп «мынау қайдан жүр» деймін ресепшендегі келіншекке. «Ағылшын тілінен сабақ береді. Бауыржан Оспанов арнайы алдырған» дейді.

90-жылдары Талдықорған облысы жабылғанда осы Андреевка ауданы да жабылған еді. Қапал мен Бөрілі ауданын Ақсуға қосып тастаған. Қазір Қапал мен Бөрлінің орталығы Лепсіні көрсең жүрек ауырады. Кезінде қалай жайқалып тұрып еді. Ал мына Қабанбайдың іргесі соншалықты шайқала қоймапты. Үйгентас деп жаңа аудан құрып Қабанбайды орталыққа айналдырып жіберсе, жайнап кеткелі тұр екен. Әмбе бұл елдің Бауыржан Оспановтай азаматы бар. Өз алдына аудан боп кетулері әбден мүмкін, - дейді ол. 

 

да оқи отырыңыз: Белгілі кәсіпкер Бауыржан ОСПАНОВҚА қатысты даудың ақ-қарасы (видео)

7-SU.KZ ҰСЫНАДЫ