Аралдың тартылуы: "3 мың адам нанынан айырылуы мүмкін"

Уақыты: 26.05.2023
Оқылды: 1005
Бөлім: САЯСАТ

Арал теңізінің айналасындағы 3 мыңға жуық балықшы нанынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов осылай дабыл қақты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Massaget.kz  сайтының дерегіне сүйеніп.

Депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.В.Склярға 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цех жұмысы кідіруі мүмкін екенін баса айтты. Оған себеп - теңіздің тартылуы. Соңғы 12 жылда Арал суы үштен бірінен айырылған.

"Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Нәтижесінде судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды", - деді халық қалаулысы.

Сырдария өзені бойындағы мемлекеттердің немқұрайлы көзқарасы да мәселені ушықтырды. 

"Сондықтан мемлекетаралық келісімге "кепілдендірілген келісім" статусын беруіміз қажет", - деді Мәжіліс депутаты.

Алдыңғы жылы Аралда жаппай қуаңшылық болып, жайылымның 95 проценті жарамай қалған еді.