"Кадрларды осы жерден іздейміз": Бейбіт Исабаев кадр мәселесіндегі қауесетке қатысты жауап берді

Уақыты: 14.06.2023
Оқылды: 689
Бөлім: САЯСАТ

Күні кеше өткен Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың баспасөз мәслихаты туралы ақпарат БАҚ бетінде тез тарап, әдеттегідей қоғам талқысына түсе бастады. Көкейде топталған көп сұрақ қойылған жиында көңілге түйер біраз жауап берілді. Осы ретте, сол сұрақ-жауап кезеңінің кезекті бір "тартысты" тұсын назарларыңызға  ұсынбақпыз.

Шарада "Nege.kz" сайты тілшісі кадр мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Журналистің айтуынша,  жұрт аузында «Мықты кадрлар жұмыстан кетіп, олардың орнына әкімнің туыстары мен жақындары келіп жатыр» деген әңгіме бар. Тиісінше сұрақтың мазмұны да осы төңіректе болды. 

Бұған Бейбіт Исабаев өзінің ешкімді жұмыстан шығармағанын, тіпті туыс қана емес, бұрын қарамағында істеген адамды да жұмысқа алмағанын жеткізді. 

«Мықты кадрлардан ешкімді жұмыстан шығарған жоқпын. Сондай-ақ, сырттан мен өзімнің туысымды, менімен бірге бір мекемеде қарамағымда жұмыс істеген бірде-бір адамды облысқа басшылық қызметке алған емеспін. Барлығы осы жердің жергілікті кадрлары. Баяндамамда да айтып өттім, кадрларды осы жерден іздейміз", - деді ол.

Осылайша, өңірге қажетті кадрларды "осы жерден іздейміз" деген облыс басшысы журналисттің қайталап қойған сұрағына орай, сенбесеңіздер тексеріп көріңіздер деп жауап берді.  

"Егер менің айтқаныма сенбесеңіздер, интернеттен қарап, «мынау туысқаныңыз екен, мынау жерлесіңіз екен, мынау сыныптасыңыз екен» деп көрсетіңіздер. Тағы қайталап айтайын, бір де бір туысқанымды, танысымды жұмысқа алған жоқпын және болашақта да жұмысқа алмаймын. Бұл менің –  принципім. Жақсы жұмыс істеп жатқан кадрларды мен орнында қалдырамын», – деді облыс әкімі. 

Қозыбай ҚҰРМАН

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.