«Ешқандай тәртіп жоқ»: Министр құмар ойындарының тым көп жарнамалануына шүйлікті

Уақыты: 13.07.2023
Оқылды: 1181
Бөлім: САЯСАТ

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ойын бизнесі мәселесі бойынша ақпараттық кеңес өткізді.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы smartnews.kz сайтының дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Бүгін министр Асхат Оралов вице-министрлердің, комитет төрағаларының және ҚР МСМ аппарат басшысының қатысуымен аппараттық кеңес өткізіп, жиында лудоманиямен күрес мәселесі қаралды.

Қоғамдық талқылар мен әлеуметтік желіде кеңінен тараған проблеманың бірі – құмар ойынынп елітетін жарнамалардың көптігі. Еліміздегі мегаполистер мен үлкен қалалардан бөлек, ауылды аймақтардың өзінде жөнсіз ойын бизнесі жайында жарнама толып тұр.

Аталған мәселеге қатысты министр мынадай ұсыныс тастады:

«Мәдениет және спорт министрлігі жанынан заңға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі таңда қала көшелеріне қарайтын болсақ, елордадан бастап шалғайдағы ауылға дейін әрбір көшеде билбордтар, баннерлерде құмар ойындардың жарнамасы тұр. Ешқандай тәртіп жоқ. Сондықтан бұнын бәрін тоқтатуымыз керек. Керек болса арнайы бұйрықтарға, заңға да өзгерістер енгізу қажет. Бұл мәселені шешуді созбай, тез арада шешім қабылдауымыз маңызды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек», - дейді министр.

Сондай-ақ, Асхат Оралов бүгінгі таңда елімізде букмекерлік кеңселердегі жағдай түзеліп келе жатқанын айта кетті. Соңғы 2,5  жылда олардың саны 38-ден 16-ға дейін азайған. Қазіргі уақытта 4 букмекерлік кеңсенің лицензиясының күшін жою бойынша жұмыс жүріп жатқанын, ал жыл басынан 5 лицензия қайтарып алынғанын мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөзден