"Біздің қолымызда емес": Исабаев тұрғындар сауалына жауап берді

Уақыты: 04.08.2023
Оқылды: 1578
Бөлім: САЯСАТ

Алакөл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Артынша халықпен кездесіп, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаруаларды толықтай баяндады. Сонымен қатар, аудан жұртшылығын толғандырған сауалдарға жауап берді.


Ержан БИАХМЕТОВ: – Бидай, жүгері, сояның бағасы күрт төмендеп кетті. Ал нан мен жанар-жағармай қымбат. Ауыл шаруашылығы мамандары еккен егінін өткізе алмай отыр. Осыған орай біздің өнімдерді шетелге өткізуге рұқсат берсеңіздер?

Жауап: – Бидай – биржалық тауар. Астықтың бағасы қыркүйек айында қайта көтерілуі керек. Ал жанар-жағармай бізде басқа облыспен салыстырғанда төмен. Ауыл шаруашылығы бойынша қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Шетелге тауар өткізу үшін квота сұраймыз.

Айдана ТҰТҚАСОВА: – Үшарал қаласындағы Бейбітшілік, Ынтымақ, Жандосова көшелерінің тұрғындары атынан келіп тұрмын. 7 жыл бойын түйіні тарқамай тұрған интернет, жол, жарық мәселесін шешіп берсеңіз?

Жауап: – Жарық пен судың мәселесі биыл шешіледі. Қазір жолдың негіздемесін жасап қойдық. Өкінішке қарай, интернетті қосу біздің қолымызда емес. Облыс орталығының өзінде интернет ұстамай қалып жатады. Бірақ, біз бұл мәселені жоғарыдағыларға айттық.

Бағдат ШАЙҚАРБАЙ: – Шетелден келген қонақ ең бірінші Көлбай ауылдық округінен өтеді. Бірақ ауылда Мәдениет үйі жоқ. Аурухананың жағдайы өте нашар. Бізге Мәдениет үйі мен аурухана салып берсеңіздер?

Жауап: – Ауылдың жағдайын кеше ғана барып көрдім. Бұрын салынған аурухана 20 жыл бұрын өртеніп кетіпті. Емхананың жағдайы мәз емес. Қазір екеуінің де жобалықсметалық құжаттары дайын тұр. Бұйырса, келесі жылы екеуін де бірге жасауға тырысамыз.

Махаббат НҰРСОВЕТҚЫЗЫ: – Көлбай орта мектебінде ауызсу кезек күттірмейтін мәселе. Осыны шешіп берсеңіз?

Жауап: – Балалардың білім алуына бар жағдай жасалу керек. Сондықтан, бұл мәселені жаңа оқу жылына дейін шешеміз.