“Үкіметтің жұмысына көңілім толмайды”: Депутат Еділ Жаңбыршин жазғы демалысын қалай өткізгенін айтты

Уақыты: 18.08.2023
Оқылды: 1296
Бөлім: САЯСАТ

Жақында VIII шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясы басталады. Cоған қарамастан халық қалаулылары жазды құры өткізбеген. Аманат партиясының атынан сайланған мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жаз бойы әртүрлі саладағы мәселелерді зерттеп, тұрғындардың шағымын тыңдағанын айтады. Соның арқасында мәжіліске ұсынатын бірқатар заң дайындаған. 

 

“Демалыс деген аты ғана”

Еділ Жаңбыршин жазғы үзіліс кезінде өзінің демалып та, жұмыс істеп те үлгергенін айтады. Ол көп уақытын Қазақстанда өткізіп, түрлі жұмыстармен айналысқан. Сондай-ақ Кавказ елдеріне барып, емделіп қайтқан. 

“Мен Маңғыстаудан сайланған депутат болған соң сессия біте салып, Ақтауға ұшып келдім. Шілде айының басында екі күн жұмыс істедім. “Жайлы мектеп” бағдарламасы бойынша конкурс ұтып алған мердігер компания басшыларымен кездесу өткіздім. Жұмыс барысымен танысып, жасалынып жатқан іс-шаралар жөнінде ақпарат алдым. Сондай-ақ Қошқар ата көліне қатысты үлкен мәселе бар. Қанша жылдан бері қордаланып, бір орында тұр. Осы жағдай бойынша әкімдіктегілермен және жауапты органдармен жиналып, талқылау өткіздік”, – дейді депутат. 

Бұдан кейін депутат шілденің ортасында оңтүстік Қаратұрында көтерілген мәселелер бойынша кен орнының бұрынғы жұмысшыларымен кездесу өткізген.

“Басқа да мұнай компанияларының жұмысшыларымен кездесіп, уәждерін тыңдадым. Олар өздерінің жұмыстан заңсыз шығарылып жатқандарын айтты. Біз қазір қыркүйектің 1-інен кейін жұмыс жасайтындықтан, ресми хат ешқайда жолдай алмаймыз. Сондықтан қазір олардан тек мәселелерін, шағымдарын қағазға түсіріп беруін сұрадық. Ертең жұмысқа шыққан соң нақты шаралар қабылдайтын боламыз. Бұдан басқа “Плюс капитал” деген компанияның салымшылары өздерінің алданғанын айтып, хабарласқан болатын. Олардың бәрін “Аманат” партиясының ғимаратында қабылдап, мәселелерімен айналыстық. Бүгіннен бастап басқа да жұмыстарға кірісіп жатырмыз. 27-сіне дейін Маңғыстауда жұмыс істейтін боламын”, – дейді Еділ Жаңбыршин. 

Мұнымен қоса депутат жақында апат болған МАЭК “Қазатомөнеркәсіпке” барып жөндеу жұмыстарымен танысыпты. Соның арқасында заңға енгізілуі керек өзгерістер барын білген. 

“Бүкіл үш станцияның жүмыстарын бақылап, қандай мәселелері бәрін тыңдап, жоспарға алдық. Түстен кейін мұнай-газ саласындағы тәуелсіз кәсіподақ өкілдерімен кездестік. Жұмыстың арасында онлайн режимде зейнеткерлікке аннуитет кезінде болып жатқан мәселелерді агенттікпен және салымшылардың өкілдерімен талқыладық. Сонымен қатар депуттаттар көтерген инициативалық заңдар бар. Оны орман шаруашылығымен талқыладық. Жақында иттер мен мысықтарды чиптеу туралы заң қолданысқа енгізілді. Демалыс деген аты болғанмен тұрғындармен кездесіп, объектілерге барамыз. Онымен қоса онлайн режимде жиналыстар өткізіп тұрамыз”, – дейді депутат. 

“Тұрмыс қалдықтарын өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс түсті”

Депутаттың сөзінше, жақында елімізге тұрмыс қалдықтарын өңдеу зауытын салу үшін инвестиция тарту туралы ұсыныс түскен. Қазір жобамен танысу үшін құжаттарын зерттеп жатыр екен. Сондай-ақ “Құрық” портының қасына жаңа порт салу жөнінде ұсыныстар айтылған.

“Аманат” партиясынан әр өңірден сайланған депутаттары су және ауыл шаруашылығына байланысты туындаған мәселелерді шешуге тырысты. Одан бөлек, инфрақұрылым және жол мәселесіне де байланысты халықпен кездесіп, проблемалық нысандарға барып жұмыс жасап жатыр. Қандай мәселелер бар соның бәріне шамамыз келгенше араласуға тырысамыз. Әр өңірдің тұрғындарымен кездесіп, мәселелелерін талқылағаннан кейін ол сараланып, хатталып үкімет мүшелеріне, министрліктерге жолданады. Депутаттық сауал болып көтеріледі. Одан кейін заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін”, – дейді депутат. 

Айтуынша, жаңа сессия бастала салысымен ұсынатын заң жобалары мен ұсыныстары дайын. Әсіресе, энергетика саласына қатысты ұсынылатын бірқатар ұсыныстары бар көрінеді. 

“Біз МАЭК-те болғанымызда сол жердегілер халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін қазандықтар, басқа да қосалқы бөлшектерді мемлекеттік сатып алу туралы заң бойынша алу өте қиын деп отыр. Бірнеше айға созылып кететін көрінеді. Ал оларға жедел түрде әрекет ету керек. “Соған қатысты өзгерістер енгізсеңіздер” деп ұсыныс айтты. Енді күзде Парламентке барған соң осы жұмыстармен айналысамыз. Бізде қазір жылу-энергетика саласына қатысты заң жатыр. Су, жылу, жарық, кәріз мәселелері бойынша апатты жағдайлар көп орын алып жатқандықтан, бұл жердегі мәселе тез арада шешілуі керек екені белгілі. Осыған алынатын қосалқы бөлшектерге қатысты заң басқалай жасалынуы қажет. Әйтпесе жөндеу жұмыстары созылып, дер кезінде аяқталмай қалады”, – дейді Еділ Жаңбыршин. 

“Стратегиялық кен орындарының 50%-дан көбін мемлекетке беру керек деген де ұсыныс айттық”

Сондай-ақ депутат электромобильдерді дамытуға қатысты заң дайындалып жатқанын айтады. Заңды тезірек шығаруды жоспарлап отыр екен. 

“Біздің зауыттар электромобильдер шығарамыз деп жатыр. Бұнымен қоса жер қойнауын пайдаланушыларға арналған заң шығаруды қарастырамыз. Мысалы, біздің “Қазпошта” деген ұлттық операторымыз бар. Жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс жасап болғаннан кейін сол жерді реттеп кетуі керек. Сол үшін арнайы қаржы жинақтайды. Заң бойынша оны екінші деңгейді банктерге ғана орналастыру көзделген. “Қазпошта” банк сияқты жұмыс жасай алатыны белгілі. Сол себепті бұны квазимемлекеттік ұйым болғаннан кейін ұлттық операторымызға орналастыру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Бұнымен қоса үлкен стратегиялық кен орындарының 50%-дан көбін мемлекетке беру керек деген де ұсыныстар беріп жатырмыз”, – дейді ол. 

“Қырғызстан мен Қазақстан арасында су мәселесіне қатысты екі жақ келісімге келуі керек”

Сонымен қатар депутат жақында Қырғызстанның Қазақстанға баратын егіс суын тоқтатқанының әсерінен болып жатқан Жамбыл облысындағы құрғақшылық мәселесі туралы пікір білдірді. 

“Қырғызстан мен Қазақстан арасында су мәселесіне қатысты екі жақ келісімге келуі керек. Өйткені төмен жақта тұратын халық сусыз қалса үлкен әлеуметтік наразылық туғызады. Сондықтан осыған жауапты министрліктер, уәкілетті органдар қырғыз ағайындармен келіссөздер жүргізіп, бұл мәселені реттеуі керек деп ойлаймын. Бұрын бұндай проблемалар туындамаған. Әрқашан көрші мемлекеттермен келісімге келіп, өзімізге қажетті көлемдегі суларды алып отырдық. Ал шаруаларға келтірілген шығын бойынша өтемақы немесе субсидия секілді жағдайлар қарастырылады деген ойдамын. Себебі, бұны төтенше жағдай деп айтуға болады. Қаншама қаржы салып, егінін өсірді. Алған несиелері де болуы мүмкін. Ол күйіп кетсе ертең банкрот болады ғой. Бұл мәселені жергілікті билік үкіметтен бірігіп шешуі тиіс”, – дейді депутат. 

“Үкіметтің жұмысына көңілім толмайды”

Сөз соңында депутат үкіметтің қазіргі жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты. 

“Шынын айтсам, кейбір салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліміз толмайды. Мәселен, ауыл шаруашылығында мәселелер көп. Экология саласында да түрлі жағдайлар туындап отыр. Энергетика саласында да бір орында тұрмыз. Сондай-ақ бізде өндіріс тоқтап тұр. Сол себепті министрлер халықпен араласып, көздерімен көріп бірге жүмыс жасауы керек. Мысалы, жаңадан тағайындалған төтенше жағдайлар министрі жұмысты жақсы бастады. Оны бәріміз көріп отырмыз. Оқиға орнына барып, мәселеге араласып жүр. Солай барлығы жұмыс жасауы керек деп ойлаймын. Экология, ауыл шаруашылығы, энергетика министрлерінің жұмысына көңіл толмайды. Мәселелер баршылық”, – дейді Жаңбыршин. 

Оның сөзінше, Парламентте министрлердің 9 айда атқарған істері қаралатын болады. Егер олардың жұмыстары нашар болатын болса президентке орнынан алу туралы ұсыныс айтылады.

“Мәселелер бар екенін көрсетеміз, ары қарай шешімді мемлекет басшысы өзі қабылдайды”, – дейді депутат. 

Материал: Stan.kz алынды