Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ХАНКЕЛДІ ӘБЖАНОВ: "ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ ТОҚЫРАУДАН ҚАЛАЙ ШЫҚТЫҚ?"

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 274
Бөлім: САЯСАТ

Ұлттық тарихымыздың жұлдызды айы – қыстың басы желтоқсан келіп жетті. Жалпы, халқымыз үшін Желтоқсан айының орны ерекше. Әсіресе, өткен ғасыр үшін. Мысалы, 1917 жылғы желтоқсанда Алашорда үкіметі құрылса, 1936 жылғы желтоқсанда Ресей құрамындағы автономиялы республика – Қазақстан одақтас республика мәртебесін иеленді. 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі кеңестік кеңістікті дүр сілкіндірді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлаумен Н.Назарбаев Қазақстан Президенті лауазымына келсе, 16 желтоқсанда қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Жұлдызды ай дегеніміз осындай-ақ шығар?!

Бұл күнге жеткенше небір теперішті бастан өткеруге тура келді. Ашаршылық пен қуғын-сүргін миллиондардың тағдырын қиды. Жеріміздің асты-үстіндегі байлық аяусыз тоналды. Басқа да қиянаттар аз емес. Ғасыр соңындағы Қазақстанның экономикасы, саяси дербестігі, әлеуметтік құрылымы отарланған дамушы елдерге тән деңгейде тұрды. Мәскеудің жүгенсіз өктемдігі ұлттық болмыс пен сұранысты өрескел өктемдікпен таптады. Қазақ халқының рухани, тілдік, ділдік тұтастығына ыдырау қатері төнген еді. Мұның бәрі Елбасымыздың осыдан 21 жыл бұрын жариялаған «Тарих толқынында» кітабында тайға таңба басқандай бедерленген.

Түптеп келгенде Кеңестер одағын құраған 15 одақтас республиканың бірде-біреуі «біздің ел бақытты, жарқын қоғамда өмір сүріп жатыр» деп айта алмайтын. Ғасыр соңында күйреуге бет алған әрі адам баласы бұрынсоңды білмеген жойқын қару-жарағы бар кеңестік тоталитарлық режим адамзаттың қасіретіне айналды. Ал ол Қазақстанды да өзімен бірге құрдымға ала кетуі бек мүмкін еді. Тағдырымыз тығырыққа тіреліп, заманақыр көрінгендей шақта республикадағы билік басына Нұрсұлтан Назарбаев келді.

Турасын айтсақ, төрт мүшелге енді ғана толған, металлургиядай ауыр өндірісте құрыштай шыңдалған, ұлтаралық қатынастар мәдениетін бойына сіңірген Н.Назарбаевтың билікке келуін тағдырдың халқымызға берген сыйы десек құдайдың жөні болар. Ол комсомол мен партияның қатал сүзгісінен өтсе де, таптық идеологияның дүмшесіне айналмаған еді. Ол социалистік экономиканың немен және қалай ауыратынын көзбен көріп, қолымен ұстағандықтан мемлекеттік меншікке табынудан, нарықты жатсынудан алыс тұрды. Ол әкімшіл-әміршіл жүйеде өссе де, болашаққа бағдарды шынайы демократиядан, саяси, экономикалық, ұлттық егемендік пен алуантүрліліктен көрді. Ол бір күндік қызыққа алданбастан, Абай ұлықтаған «толық адам» қасиеттерін, әсіресе интеллектуалды ізденісті өзіне серік ете алды. Ол қиыншылықтарға қарсы жалғыз шыққан жеке батыр емес. Соңына ерген халқына, айналасына топтасқан, өзі жасақтаған командасына сенді. Әрбір қадамы Орталықтың қарсылығына тап болып жататын.

Бірақ Н.Назарбаев жауырды жаба тоқыған жоқ. 1991 жылғы 30 мамырда КСРО Президенті М.Горбачевтің қатысуымен өткен республикалық актив жиналысында экономикалық тоталитаризм мен әділетсіздікті аяусыз сынады. «Орталық, – деді ол, – жергілікті жерлердегі көнгіш «көсемдердің» көмегімен республиканы елдегі шикізат шылауына табан аудартпай айналдырып отырған өндірістің салаларын ғана күшті дамытып келді, қалпына келмейтін табиғат ресурстарын парықсыз әрі су тегін тонаумен болды. Ал бізге: «көмір қазыңдар, кен шығарыңдар, металл балқытыңдар, қалғанына қам жемеңдер, қазақстандықтарға қажеттің барлығын басқа жерден жеткізіп береміз!», – деді. Мен, тегі, осындай саясатпен ілесіп жататын экологиялық апаттар туралы айтып та тұрған жоқпын».

Содан бес-ақ жыл бұрын барша қазақ халқын ұлтшылдықпен айыптаған М.Горбачев үшін бұл тірідей отқа қақтағанмен бірдей жаза еді. Тағдыранықтағыш сәтте Н.Назарбаевтай тұлғаны тарих сахнасына шығарған құдірет күші неде? Әрбір қазақстандықтың осы сұрақ айналасында өзіндік пайым-тұжырымы бар екені сөзсіз. Дегенмен бірнеше басты-басты факторды мен де қаперге сала кеткенді жөн санадым.

Біріншіден, түпжаратушының мырзалығымен, ата-ананың тілегімен тұла бойына молынан дарыған терең ақыл, ыстық жүрек, қайтпас қайрат қатардағы қазақ баласын саясат пен биліктің, кемелдік пен көрегендіктің асқаралы биігіне көтерді. Тоғызыншы атасы Қарасайдан бері тарқамаған мемлекетшілдік, батырлық, шешендік, мол несібе, абырой-атақ бір әулеттің, тайпаның, өңірдің мәнді нышаны болудан асып, Қазақ елінің айшықты ерекшелігіне айналды.

Екіншіден, уақыт Н.Назарбаевты таңдады. Коммунистік теория мен практика, идеология мен құндылықтар құлдырай бастағанда Қазақстанның бірінші басшысы орнына лайықты азаматтар аз болған жоқ. КОКП-нің беделі төмендеп, экономикалық ахуал асқынып жатқан шақта ұлт республикасының басшылығына ірі индустриялы облыста, Үкімет басында ысылған, мықты шаруашылық ұйымдастырушысының келуі – қисынды да объективті құбылыс.

Үшіншіден, алдыңғы толқын елтұтқаның, яғни, Д.Қонаевтың орнын басуға ең лайықты үміткер Н.Назарбаев екені Қазақстан коммунистерінің XVI съезінде сөйлеген сөзінен толық аңғарылды. Онда елдің жағдайы, алдағы міндеттер, номенклатураның моральдық-имани келбеті жаңаша ойлау тұрғысынан талданды. Шығып сөйлеген басқа шешендер ескі сүрлеуден аттай алмай қалды. Осылайша Қазақстан аспанында бұрынғыдан өзгеше жарық жұлдыз туды. Өзара қырқысып жатқан Кремль басшылары оны кеш байқады.

Сын сағатында ел басшылығы дамудың дұрыс жолын таңдай алды. Экономикалық өрлеу нарықтық қатынастарға көшумен жүзеге асатынын ашық жариялады. Практикалық іс-әрекетінде осыны басшылыққа алды, әлемдік тәжірибені зерделеді. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен сапасын арттыруды үздіксіз жетілдіріп отырды. Сырттан инвестиция тарту күн тәртібіндегі маңызды міндет саналды.

Дегенмен, 90-шы жылдардың ортасына дейінгі ахуал өте ауыр еді. Бағаны ырықтандыру халықтың басым бөлігін кедей-кепшікке айналдырды, өнімнің 40 пайызына дейін жоғалды. 1994 жылы бағалар 19 есеге көтерілді. Басқа ұлт өкілдері Қазақстаннан көше бастады. Ұлы Даланың болашағына сенімсіздікпен қарайтындар әлемдік танымал тұлғалардың арасынан да табылды. Америкалық саясаткер З.Бжезинский «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында Қазақстанды «Еуразиялық Балканды» құраушы құрлықтың тұрақсыз және болашағы бұлыңғыр 9 елінің қатарына жатқызды, болашағы жоқ дегенге саятын тұжырымын жасырмады.

Бірақ бұлар КОКП билігі жүріп тұрған заманда Семей сынақ полигонын жапқан, 1992 жылы «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» еңбегімен алдағы 20 жылды дәлме-дәл болжаған, 1994 жылы Еуразиялық одақ идеясын, елорданы Сарыарқаның төріне көшіруді ұсынған «Назарбаев факторын» дұрыс бағалай алмаған екен. «Қазақстан жолының» жасампаз әлеуеті 1997 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдаумен барынша ашыла түсті. Тап осы жылы алғаш рет ЖІӨ 2 пайызға өсті. Ел экономикасының айтарлықтай бәсекелік қабілетке ие бола бастағаны 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржылық дағдарысқа, 1998 жылғы Ресейдегі дефолтқа төтеп бергенінен көрінді.

Дағдарысқа қарсы күрестің тәжірибесі 2000 жылы ҚР Ұлттық қорын құруға әкелді. Оған мұнайдан түскен қаржының бір бөлігі салына бастады. ТМД-да мұндай қорды бірінші болып Әзірбайжан (1999 ж.) құрған еді. ХХІ ғасырдың басында экономиканы әртараптандыруға әрі шикізат бағытынан бас тартуға бағытталған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы қолға алынды. Екі кезеңі қомақты нәтиже әкелді, ең бастысы, 2007-2009 және 2014-2015 жылдарғы жаһандық дағдарыстардан елімізді көп шығынсыз алып шықты. Мұның бұлтартпас айғақ-дәлелі – кейбір мемлекеттердей дефолтқа да, банкротқа да ұшырамағанымыз. Өзіне сенген Қазақстан 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясын, 2015 жылы 100 нақты қадамнан тұратын «Ұлт жоспарын» жария етті. Ендігі мақсатымыз – ең дамыған 30 елдің қатарына кіру.

Қазірдің өзінде Қазақстанды бұрынғы Қазақстанмен салыстыру мүмкін емес. Тоталитарлық режим тұсында екінші университет ашуға құқымыз, қауқарымыз жоқ еді. Енді метро да саламыз, жаңа астананы да әлемге таныттық. Мыңдаған жастарымыз дүниенің төрт бұрышындағы үздік оқу орындарында білім алуда. Шетел тілін игеру, қалаған елге сапарға шығу таңсық емес. Мәселенің үлкені – алға озып кеткендердің сапына кім болып кіретініміз. Жаһандық деңгейде жүзеге асқан экономикалық, дипломатиялық, мәдени-рухани шаралар, әлемдік діндер өкілдерінің съездері, ЭКСПО-2017 – бәрі-бәрі ұлттың болмысына, қазақ мемлекетінің унитарлы құрылысына қылаудай нұқсан келтірген жоқ. Алдағы уақытта да осы биіктен түспеу аса маңызды.

Мұнсыз жер бетіндегі өркениеттерді біріктіру және кіріктіру үстіндегі жаһандануға жұтылып кетеміз. Қазақтың орыстанғанынан, қытайланғанынан, батыстанғанынан ұлтқа қылаудай пайда жоқ. Жаһандануды ырқына бағындырғандар ғана жоғалмайды. Ендеше, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында дәйектелген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру тұжырымы болашақты дәл болжаған көрегендік деп білемін.

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

Ұлттық ғылым академиясының академигі