ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНДЕ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАУ ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 09.05.2021
Оқылды: 1482
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов Жеңіс күніне орай соғыс және ішкі істер органдары ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерді, олардың жұбайларын, сондай-ақ, ішкі істер органдарында елеулі еңбек еткен ардагерлерді келіп жеткен мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

- Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие. Оларға шайқастың бар ауыртпалығын бастан өткеріп, соғыстан кейінгі уақытта ел экономикасын қайта қалпына келтіруге тура келді. Бұл кісілер соғыстан кейінгі уақытта қылмыспен күресті. Алматы облысы полиция департаменті мен ардагерлер кеңесінің басшылық және жеке құрамы атынан барлық ардагерлерге шын көңілден денсаулық, тіршіліктің ұзақ та жарқын, алаңсыз күндерін, жан шуағын, жақын адамдарыңыздың қамқорлығы мен ықыласын тілеймін, - деді өз сөзінде ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан