ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫ 200 МЫҢ ТЕҢГЕ МЕ? ТАҒЫ БІР АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 09.05.2021
Оқылды: 1454
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданында азаматтық жасатып беремін деп елді алдаған 24 жастағы күдікті ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Көктөбе ауылының 24 жастағы тұрғыны Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне арызданған. Ол шағымында 2020 жылдың маусым айы мен тамыз айының аралығында өзінің танысына алданғанын жеткізген.

"Яғни, Қазақстан Республикасының азаматтығын жасатып беремін деп сеніміне кірген азамат оның 200 000 теңгесін қалтаға басқан. Арызданушы алаяқтық жолмен ақшаны алған азаматқа қатысты шара қолдануды сұраған", - делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдемесінде. Жедел-іздестіру шаралары барысында 24 жастағы Есік қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Жауап алу барысында күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазір аталған дерек негізінде ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан