ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰМЫСТАН БОСАТЫЛДЫ

Уақыты: 05.08.2021
Оқылды: 1693
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды. Оған не себеп болғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облыстық департаменті түсіндіріп берді.

Қазір аталмыш департаменттің тергеу басқармасы Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысына және бас маманына қатысты істі тергеп жатыр. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша пара алды деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, аталған бөлімнің бастығы қарамағындағы бас маманмен сыбайласып, коронавирусқа қатысты шектеу шаралары кезінде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан мейрамхана иелерінен және көшедегі сауда-саттық нүктелерінен 20 мыңнан бастап 270 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Олардан бөлек, тағы 5 мейрамхананың әкімшісі де пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

Осы қылмыстық істің негізінде Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы Талдықорған қаласы әкімінің қатысуымен кеңес өткізді. Оның нәтижесі бойынша тиісті бақылау жасамағаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жұмыстан босатылды. «Аталған жемқорлық қылмысын тергеу жалғасып жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», - деп толықтырды департамент өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"