ПЕНЖІМ АУЫЛЫНДАҒЫ ТӨБЕЛЕС: ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ МӘН-ЖАЙДЫ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1317
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полиция департаменті Пенжім ауылындағы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, Панфилов аудандық орталық ауруханасына Пенжім ауылындағы мектеп ауласынан 16 жасар жасөспірімнің дене жарақатымен келіп түскен. Тексеру барысында 9 және 10-сыныптың екі оқушысының арасында жанжал туып, соңы жаппай төбелеске ұласқан. Салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігі негізінде іс қозғалды. Жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды.

Қазіргі уақытта зардап шегушінің жағдайы тұрақты, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, ауыл азаматтары мен Панфилов ауданының әкімі, ақсақалдар және Алматы облысы полиция департаменті тарапынан кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта жағдай тұрақты және бақылауда.

Еске салайық, кеше Панфилов ауданының Пенжім ауылында оқушылар арасында төбелес болып, оқиға әлеуметтік желілер арқылы тарап, көптің талқылауына түскен еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"