САРЫӨЗЕКТЕ "ЖАС САРБАЗ" ӘСКЕРИ КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 29.10.2021
Оқылды: 1188
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарыөзек ауылының Күреңбел орта мектебінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жас сарбаз» сыныптарының «Біз - Мәңгілік ел ұландарымыз!» атты ант қабылдау шарасы өтті.

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балалардың жан-жақты, білімді де білікті болып қалыптасуы үшін «Жас сарбаздар» әскери патриоттық қозғалысын құруды тапсырған еді. Осыған орай Кербұлақ ауданында балалар мен жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру жөніндегі штабын құру туралы қаулы бекітіліп, аудан мектептеріне балалар мен жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық «Жас сарбаз» клубы құрылды.

Салтанатты іс-шараға ауданның білім бөлімінің басшысы Қайсар Сейітқанов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Болат Омаров, Кербұлақ ауданына қарайтын мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ, оқушылардың ата-аналары мен Сарыөзек гарнизонының өкілдері қатысып, жас сарбаздарды айтулы мерекелерімен құттықтады.

Шара басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортаға шығарылып, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Сондай-ақ, шара барысында жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдап, оларға «Жас сарбаздар» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» мүшесінің куәліктері табысталды.

Өз кезегінде жас сарбаздар мектеп қабырғасында алған машық-дағдыларын, соның ішінде, қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты шерумен жүріп өтті.

- Біз халық алдында ант қабылдадық. Еліміздің нағыз патриоты болуға, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды қастерлейтін рухани дүниесі бай, танымы терең, тәрбиелі азамат болуға сөз береміз, - деді ант қабылдаған жас сарбаз Бексұлтан Орынбек.

Айта кету керек, биыл Тәуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдығы. Осы уақыт ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсіп келеді.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы