Жол-көлік оқиғаларын «Европротокол» жүйесі бойынша тіркеу басталды

Уақыты: 29.01.2024
Оқылды: 698
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда полиция мен сақтандыру компаниясын шақырмай-ақ, «Европротокол» қосымшасы арқылы жол-көлік оқиғасын онлайн тіркеуге болады.

Бұл туралы Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар  қызметі  ақпараттық алаңында өткен БАҚ өкілдерімен кездесуде облыстық Полиция департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Спикерлердің айтуынша, бұл тәжірибенің бірқатар артықшылықтары бар. Атап айтсақ,  азаматтарға   полицияны  күтудің  қажеті  жоқ  және «Еурохаттама» бойынша  шағын жол-көлік оқиғасы үшін жүргізушілер бұдан былай әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Одан бөлек, сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Мәселен, бұрын 60 күнге дейін созылса, қазір шамамен 5 күн болады.

«Жол-көлік оқиғасы кезінде сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібін пайдалану шарттарымен апаттың қатысушылары полиция шақырмай және сот шешімінсіз декларация жасау арқылы жеделдетілген және оңайлатылған түрде сақтандыру төлемін жасай алады», - деді Жетісу облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Диас Айнақұлов. 

Еске сала  кетейік, «Еуро хаттаманы» жүзеге асыру үшін бірнеше шарттарды білу маңызды. Біріншіден, көлікке келтірілген залал сомасы 100 АЕК (369 мың теңгеден) аспау керек. Екіншіден, азаматтардың өміріне немесе денсаулығына зиян келмей, апатқа қатысушылардың екеуінде де қолданыстағы міндетті автосақтандыру полистері бар, екі көліктің қатысумен орын алған жол-көлік оқиғаларын онлайн тіркеуге болады. 

«Жаңадан шығып отырған бұл қызмет халық үшін өте тиімді. Жол-көлік оқиғасын рәсімдеу үшін «Европротокол» мобильді қосымшасын көшіріп, авторизациядан өтеді. Орын  алған  апаттың  күнін, уақытын  және орнын көрсетіп, жол-көлік оқиғасына кінәлі адамның және жүргізушінің деректерін енгізеді. Төрт жағынан мемлекеттік нөмірі бар көше мен көлік құралының фотосуреттерін түсіріп, хаттаманы жібереді. Одан кейін 5 күн ішінде жүйеден растауды күтеді», - деп түсіндірді полиция майоры Саят Ибраимов. 

Егер көрсетілген шарттардың бірі болмаса немесе жүргізушілер апаттың мән-жайы туралы келісе алмаса олар полиция қызметкерлерін шақыруға және белгіленген тәртіппен ЖКО ресімдеуге міндетті.

"Жетісу-Ақпарат"