Құқықтық көмек – әркімге керек

Уақыты: 16.03.2024
Оқылды: 429
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ата заңымызда екшеп көрсетілгендей елімізде басты құндылық – адам құқықтары мен сөз бостандығы. Ал осы құндылықтың қастерленуі үшін заң үстемдігі салтанат құруы тиіс. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың бастамасымен «баршаға бірдей мүмкіндік» тудыру үшін құқықтық мемлекетті нығайту, заң үстемдігін қалыптастыру аса маңызды. Әділеттілікті ту еткен мемлекеттің басым саясатының бірі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Биліктің әр сатысында осы бағытта ауыз толтырып айтар тірлік бар. Мәселен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мұрындық болуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы жүзеге асуда. Жуырда аталмыш жоба бойынша Ескелді ауданында ерекше шара өтті.

Әдетте кез келген заңгерден, әрине, жекелеген ұйымдардан құқықтық көмек сұрай барғанға кеңесі мен қызметін пұлдай кететін әдеті. Себебі де түсінікті. Білгенін тұрмысына арқау еткен жеке заңгерді сөгуге де болмайды. Осындайда халыққа құқықтық көмек ұсынудың тиімді әдісін орайластыру қоғам талабы десек, жаңсақ болмас. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» барлық құрылымы өз қарекетінше қам қылуда. Әсіресе, ел «антикор» атап кеткен құрылым «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» көшпелі акциясын жасақтады. Ескелді ауданына барған да осы топ. Құрамында заңгерлер, адвокаттар, нотариус өкілдері, құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері бар. Акцияны ұйымдастырушылар аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды, халықты толғандырған мәселелерін заң аясында шұғыл шешуді мақсат еткен. Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында өткен шарада Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Саян Ахметжановтар бой көрсетіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мұндай жиынның өтерін алдын ала естіген Өтенай елді мекенінің тұрғыны Гүлмира Молдабекова арнайы келіпті. Көптен тінін тарқата алмай жүрген мәселесіне заңгерлердің ақыл-кеңесі арқылы нүкте қоймақшы.

 – Ауылда жүріп, күйбең тірлікпен көп дүниеден хабарсыз қалып жүрміз ғой. Жеті баламды қатарға қосамын деп жүріп біраз дүниеден қағылғандаймын. Мамандар мәселемнің шешімді жолын көрсетті. Бастысы, заңды білу керек екенбіз. Мен сықылды құқықтық сауаттылықты арттыруды қажет ететін көп замандас бар. Мұндай шаралар жиі-жиі өтіп тұрса екен, - дейді Г. Молдабекова.

Акция барысында байқалғандай ескелділіктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, жұмысқа орналастыру, жергілікті жолдардың жай-күйі, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, мемлекеттен несие, жеңілдіктер мен субсидиялар алу төңірегінде көмек сұрай келіпті. Көпшіліктің көкейтесті мәселелері шешімсіз қалмайды деп сендірді шараны ұйымдастырушылар.

 Дастанбек САДЫҚ
Фото: Видеодан алынған кадр