Әккілердің әлегі азайғанмен айласы асқынып тұр

Уақыты: 11.04.2024
Оқылды: 231
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу өңірінде интернет алаяқтығы төмендепті. Қуанатын жаңалық емес, әрине. Әлі де алпыс айлалы әккілер облыс халқының қалтасын есебін тауып қағуда. Жыл басынан бері 120 киберқылмыс тіркелген. Осы сан өткен жылдың бастапқы үш айында 165-ке жеткен еді.

Дегенмен, халықтың қаржылық сауаттылығы артты ма, әлде жергілікті құқық қорғаушылар айлалылардың алдын орап отырды ма, ол жағы белгісіз, көрсеткіш 27,3 пайызға төмендеген.

Дейтұрғанмен, қылмыстың ашылу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бар-жоғы 25,6 пайыз. Ал былтыр осы кезеңдегі қылмыстың 38 пайызы айғақталды. Бұл жайында облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының биылғы 3 айда атқарған жұмысын қаламды қару еткендерге таныстырған басқарма бастығының орынбасары Мәди Бағдатұлы мәлім етті. 

Өңір тұрғындары сапынан алаяқтардың, оның ішінде киберқылмыскерлердің құрығына көбіне талдықорғандықтар ілігеді екен. Облыс орталығында 77 факті тіркелген. Сұмпайылардың сұмдығын Алакөл, Кербұлақ, Ескелді, Қаратал ауданы мен Текелі қаласының тұрғындары да сезінуде. Ол ол ма? Алаяқтар банк қызметкері ретінде хабарласып, сан соқтыру белең алған. Жыл басынан бері мұндай 51 жайт тіркелген. Айлалылар әлеуметтік желідегі жарнамалар, интернеттің өзге мүмкіндіктерін арам пиғылына пайдалану арқылы 24 өңір тұрғынының қалтасын қаққан. Тіпті, өзгенің атынан онлайн-қарыз алу жағынан да әккілердің тасы өрге домалап тұр. Тұлғаның қатысуынсыз «түлкі қарекеттілер» 17 мәрте займ алыпты. Құқық қорғаушылар да, өзге де халықтың қамын ойлаушы құзырлы органдар да жоқ жерден байытамын дегендерге сенбеу керегін айтып, жиі дабыл қақса да  оңай жерден инвестиция салып, мол қаржыға кенелемін деп «шоқ басқандардың» да қарасы азаймай тұр. Алаяқтар «тиімді инвестиция», «төбеден ақша жаудыратын» жоба деген желеумен 21 тұрғынды сазға отырғызған.

Құқық қорғаушылар да қарапайым халықтың қалтасына ұры түспесі үшін қарекет етуде. Жыл басынан бері «Алаяқтыққа жол бермеңіз» атты жедел профилактикалық іс-шарасын өткізіпті. Бәлки, өңірде киберқылмыстың азаюына осы себеп шығар?! Кім білсін? Одан өзге тәртіп сақшылары ақпараттық-насихаттық жұмыстарын да күшейтіпті. Мәселен, еліміздегі ірі банктік құрылымдардың өкілдерінің қатысуымен тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

– Киберқылмысты азайтудың бірден-бір жолы тұрғындарды ақпараттандыру. Алаяқтардың әккі тірлігін жүзеге асыру жолдарын жан-жақты түсіндіруіміз керек. Тұрғындар көп шоғырланатын орындарда брошюралар тарату арқылы қылмыс азайды дей алмаймыз. Дегенмен, оның да өз себі бар. Қаладағы кинотеатрларда алаяқтардан сақтану туралы бейнероликтер көрсеттік. Қазір сандық технологияның дәуірі. Ересектер заманауи құрылғыларды түсінбеуі мүмкін. Осы мақсатта облыс көлеміндегі 211 мектеп, 21 колледж бен 2 университеттің білім алушыларын киберқылмыскерлердің арбауынан арашалау үшін ақпаратпен сусындаттық, – деді Мәди Бағдатұлы. 

Қылмыстың азайғаны қуантқанмен оның ашылу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Өйткені, киберқылмыскер жер шарының басқа аумағында отырып-ақ жетісулықтардың қалтасына ұрлыққа түсетіні бар. Сондықтан, өзге қылмысқа қарағанда интернет алаяқтар құрыққа оңай іліне бермейді. Тек, облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары айтқандай, әрбір тұрғын сан соқпасы үшін «оңай олжаға кенелемін» деген пиғылды қойып, қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттырғаны абзал. Сонда ғана әккінің әлегі азаяды.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: alataunews.kz