Азамат асулары

Уақыты: 29.08.2017
Оқылды: 1342
Бөлім: ТҮПСАНА

Ердің атын еңбек шығарады. Әрбір адам сол еңбегінің  арқасында ғана биік белестерді бағындырады. Соның  бір дәлелі – біздің бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолы. Аманжол Мұхаметжанұлы Шормақов еңбек жолын қарапайым өндіріс шеберінен бастап, күрделі құрылыс басқармасының басшысы дәрежесіне дейінгі жолдардан  өтті.

Оның бойында үлгі тұтатын  қасиеттер көп. Өзгелердің қызығатыны да, риясыз разы болатыны да ерекше еңбекқорлығы, тынымсыз ізденісі. Кейбіреулер шаруаның басын сәл-пәл қайырса болды, кеуде қағып, омыраулап шыға келсе, Аманжол  сабырлы да сырбаз мінезінен еш ауытқыған  емес. Мінезі – кесек, тұлғасы – нар,  істеген ісі – зор.  Ол басқаларды  жақсылығымен  жарылқап, шапағатына бөлеп жүреді.  
Елбасымыз «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты мақаласында  «Туған  жерге, оның  мәдениеті мен  салт-дәстүріне  айрықша  іңкәрлікпен  атсалысу – шынайы патриотизмнің  маңызды көріністерінің  бірі», – деген болатын.  Осы орайда  туған жерге деген  адалдығынан  айнымай, онысын маңдай терімен дәлелдеп келе жатқан   азамат туралы  қалай айтсақ та жарасымды  болар еді.
Бұл дүниеге келіп, ес біліп, етек жиған әрбір жанның білімді азамат, білікті маман, толық мағынасындағы жақсы адам болуды армандайтыны анық. Оған жетуді мұрат тұтқандар ерінбей еңбек етіп, көп оқып, білгендерін көңілдеріне тоқып,  әр қадамын аңдап басып, мақсат шыңына шығу үшін өмір бойы ұмтылады. Сондықтан да ата-бабаларымыз «Арман – адамның қанаты» деген тұжырым жасап,  кейінгі ұрпаққа қағида боларлық өсиет қалдырған. Сол асыл арман, жақсы ниет, үкілі үміттің әр кез адамды жақсылыққа жетелейтінін  қиындығы мен қызығы қатар жүретін  өмірден   күнде көріп жүрміз.
Жер бетінде қанша адам болса, барлығының дерлік мынау қарбалас тірлікте, тынымсыз тіршілікте өзіндік атқаратын міндеті мен парызы, өмірден алатын өзіндік орны, сыйы, дәрежесі, құрметі мен қошеметі, абырой-атағының болары сөзсіз. Бірақ, біріншісіне қарағанда екіншісінің салмағы ауыр, жолы қиын, қолға түсе беруі сирек. Өйткені, ол табанды еңбек пен тынымсыз ізденістің, қажырлы қайраттың, білім мен біліктіліктің нәтижесінде  келеді. Таңдап алған кәсібіңді беріле сүю, бастаған ісіңді діттеген жеріне жеткізу, ойлаған жоспарыңды жүзеге асыру, көпшіліктің тілін табу секілді толып жатқан қасиеттер бір бойынан табылып, алғырлық танытқанда ғана сенімен өзгелер санасады, сөзіңді тыңдайды, өзіңді мойындайды.
Міне, осындай адами қасиеттерімен өмірден өз орнын тауып, іс басында танылған Аманжол Мұхаметжанұлы 1947 жылы қасиетті  Жамбыл  ауданының құнарлы топырағынан қуат алып, тамырын терең тартқан,  батырлар мен  ақындар туған  өңірде дүниеге келді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, осы  өңірдегі  беделді  қарт  әкесі  Мұхаметжан  және текті ана Айымхан Жаңабайқызынан дарыған адами қасиеттер оны өмірде адастырған жоқ. Отбасында өнегелі тәлім-тәрбие алған  Аманжол Мұхаметжанұлы  алғашында Алматы  қаласындағы құрылыс  техникумын, кейін институттың өндірістік құрылыс  факультетін үздік   бітіргеннен кейін «Алматыжилстрой»  мекемесінде қарапайым  жұмысшы,  шебер,  құрылыс  тресінде  прораб   болып  қызмет  істеп, өндірісте  шыңдалды.  Кейін  Алматы  облыстық  комсомол  комитеті мен Орталық  комсомол  ұйымында түрлі жауапты  қызметтер  атқарады. Осыдан  соңғы бүкіл саналы  өмірі  Алматы  қаласы мен  облыс аумағындағы  құрылыс  саласына басшылық  етумен  келеді. Өмірінің  ширек  ғасырын   тұрғын  үй, мектеп, аурухана,  балалар  үйін, зауыт-фабрика, ГЭС  салуға  арнаған азаматтың бұл  тұрғыда  айтары да  аз емес. Әсіресе, 1972  жылы «Медеу» тау  шаңғысы нысанының құрылысына белсене  араласқанын әлі  күнге  мақтаныш  етеді. Ел  «Мохнатка»  атап кеткен тау  шатқалында  селден  қорғау құрылысына  басшылық  жасауы өзінше  бір  әңгіме.  
Аманжолдың әкесі Мұхаметжан  ақсақал  көп сөзге жоқ, айтқанынан қайтпайтын, асыл  текті, жақсы көрген адамына жаны қалмайтын, осы мінезін қарапайым жұрт қадірлейтін, ал інілері оның алдында ығып жүретін кісі болған. Ұлы Отан соғысына  қатысып,  елге  аман-сау  оралған  соң  Жамбыл  ауданында  жер  қатынастары саласында  еңбек  еткен.  Еңбектегі жетістіктері  үшін   басшылық  тарапынан бірнеше  рет  марапатталған. Анасы  Айымхан  Жаңабайқызы –   кемел  ақыл иесі, ұрпағын мейіріміне бөлеп өсірген  өте талғампаз адам еді.
Әр істе салиқалы ой, сабырлы көзқарас білдіретін, не нәрсе болса да сана сарабына, тәлім таразысына салып шешетін, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін, өте ұстамды, артық сөйлемейтін, әр іс-қимылына білікті тұлғаға лайық байсалдылық танытып жүру   Аманжол   Мұхаметжанұлына  ата-анадан  жұққан  десе де  болады.
Аманжол  құрылыс  саласын өте  жетік  меңгерген. Луговойдағы  жер  сілкінісінен  кейін  аталған елді мекенде   тұрғын үй, мектеп, Мәдениет үйлерін салу ісінде талай  ұйқысыз  күндерді  өткізді. Қызылағаш  су  тасқынынан  кейін елді мекенді  қайта  қалпына  келтіруде  де  оның өзіндік  үлесі бар. 
Құрылыс  саласы – әлеуметтік  саланың тамырына қан жүгіртетін жүйе. Елбасы сапалы заманауи құрылыссыз дамыған ел болмайтынын, Қазақстанның  бүгінгі жағдайында оны  дамытудың маңызды мәнге ие екенін айтқан болатын. «Сондықтан  еліміздің жаңа экономикалық  саясатын жүргізуде,  халықтың  әл-ауқатын   жақсартуда  оның  келешегі  зор», – дейді мекеме басшысы  Аманжол   Мұхаметжанұлы.
Ауызбіршілік, ынтымақ бар жерде жасалған жұмыс та берекелі, нәтижелі болады.  Ол,  әрине, бірінші  басшыға  байланысты  болатыны  ақиқат. Қазір  Алматы  облысы  мен қалаға  жақын елді мекендердегі жағымды жаңалықтардың басы-қасында Аманжол  Шормақ жүргенін айта кетуге тиіспіз.  Бүгінгі  біздің  кейіпкеріміз  күрделі құрылыс басқармасында   ұзақ жылдар жұмыс жасап, көп тәжірибе жинаған жан. Аймақтың жағдайын жақсы білетіндіктен қандай күрделі мәселенің де үстінен дөп түсіп жатады. Бұл аймақтағы әріптестеріне үлгі-өнеге. 
Жалпы,  соңғы  жылдары құрылыс  мәселесіне мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлініп келеді.  Әсіресе, ел экономикасының дамуына тың серпін беретін  құрылыс  өндірісі басты назарда. Өйткені,  ол  тоқтаусыз жүріп тұруы тиіс. Қазіргі таңда жаңа  тұрғын үй  салу мен бұрынғы ғимараттарды  қалыпты ұстап тұру үшін тартылып жатқан инвестиция қомақты. Елінің болашағын ойлаған жандар  жол,  құрылыс салады. Бүгінде  бұл саланы  дамытып,  оны қалыпты ұстап тұру үшін қажетті техниканың бәрі бар. Оны меңгеріп, кәдеге асыруда да құралақан емеспіз. Соңғы  үлгідегі  технологиялар  болмаса,  тағы  болмайды.  Осы  ретте  мекеме  басшысының  өзі  араласып,  жаңа  техника  алғанын  жақсы  білеміз.  Оны  алмаса  тағы  болмайды.  Қазір кейінгі толқын жастардың үлгі алып, үйренетін аға буын  мамандар абыроймен жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда  мекемеде  жүзге  тарта  қызметкер жұмыс жасап жатыр. Жұмысшылардың жыл өткен сайын әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді.    
Алматы  өңірі  – республикамыздағы  ірі   аймақтардың  бірі. Сондықтан оның  одан әрі өсуі, көркеюі құрылыс саласының заман талабына сай болуына тікелей байланысты. Қазір аймақта сапалы құрылыс  салуға талпыныс артып отыр. Мекеме   өткен мезгілде өзінің алға қойған мақсаттарын толықтай орындап шықты. Келешекте жұмыс  қарқынын  одан  әрі  арттыра  түспек. Оған  Аманжол Мұхаметжанұлының  қабілет-қарымы  жететініне  сенімдіміз.
Туған халқымыздың ұрпақтан-ұрпақка жалғасып келе жатқан түсінік-талғамы бар. Кейде осындай ерекшеліктері жайлы бөтен елдердің өкілдеріне түсіндіріп жеткізе алмайсың. Мысалы, біздің халқымызда «ат басын тірейтін» деген ұғым бар. Бұл тіркес «Ауылыңда немесе еліңде жөн-жосық білетін, қарапайым жұртқа сөзін тыңдата алатын, жақсы мен жаманды бір көргеннен байқайтын адам бар ма?» деген мағынада айтылады.
Қазақы тәрбиеде қалың ел түйінді мәселелерге келгенде осындай данагөй азаматтардың, ақылгөй аналардың пікіріне құлақ салып: «Ол не дер екен?» деп елеңдеседі. Тіпті, ат үстінде жүрген есті әкімқаралар да елдегі осындай азаматтардың  пікірімен есептесіп отырған. 
Елінің елеулісі, халқының қалаулысы Аманжол  Мұхаметжанұлы  бұл күнде абзал әке, сүйікті ата, үлкен отбасының қадірлі отағасы. Оның алтын босағасын ұстап  отырған отанасы  Нұрила Нұғманқызы  еңбек  ардагері, бүгінде  зейнеткер.  Нұрила екеуі   Нұрлан, Данияр атты саналы ұл өсіріп, олардан өрбіген сүйкімді немерелерін аялап тәрбиелеуде.  Бәрі де  жоғары білімді.
Ел үшін адал қызмет атқарғандарды ардақтау – ұлтымыздың ізгі дәстүрі.  Еліміздің  гүлденуі  мен  көркеюі  жолында еткен еңбек  зая  кеткен  жоқ.  Аманжол Мұхаметжанұлы еңбектегі  табысы  үшін  «Құрмет»  орденімен және оншақты мерекелік медальмен  марапатталды. Қазақстанның құрметті  құрылысшысы.
Халық  мұқтажы  үшін құдық  қазып,  жол  салған,  көпір  тұрғызып,  бала  оқытқан  жандар  екі  дүниеде де құрметті  болады  екен.  Бақытын  еңбектен  тапқан  азаматқа  бұдан  басқа   қандай  марапат  керек?! 


Азат ҮСЕН.