Тіл тазалығын сақтайтын әліпби

Уақыты: 29.08.2017
Оқылды: 2031
Бөлім: ТҮПСАНА

Асылы, осы бастама әліпбиімізге абырой әкелетініне сенімім мол. Менің пікіріме сіз қайшы келмессіз. Ет піспесе де екі самаурын қайнайтындай уақыт өтті ғой. Қанша рет керуен ұзаттық. Қанша мәрте көштен қалдық. Кезегіміз келсе де кейін шегініп өзгелерге орын бердік. Одан қалса ойымызды ашық айта алмай, ошақ қасында бүгежек атандық. Опа таптық па? Осыны ойлайықшы.

Дәуір түлкі болса, неге тазы боп тартыспасқа, қасқыр болса, қабыланның қауқарын көрсетейік. Қашанғы құрғақ қасықты жалай береміз? Үнсіздіктің ұясына тас қамалып, ұры түспей жатып, ұрынқайлап шабатынымыз несі? Бесін қаза болса құтпанмен толады деу – ақымақтық. Көрпеміз түгенделмесе де, көштен қалмағанымыз абзал. Бұл қандай көш дерсіз, қадым заманнан бері қазақ мінгесе алмай келе жатқан салқар сапар. Керегеміз кеңейгенде кері тартып келешегімізге нұқсан келтірмейік. Талғам таразысына салып, табанымыз тимеген жерге тарымызды шашайық.  Ел тұрғанда егініміз бітік шығар. Бағанадан бері басын аша алмай отырғаным – латын әліпбиінің жыры.
Бұл мәселе төңірегінде біраз дау шықса да, дауасы осы. Бұқтырма қалай ақса да жағасынан ел көшпейді. Жөн білгеннің де жөргегі бүтін емес пе?  Басшы айтты, құлақ асу керек. Құлағыңа алтын сырға. Ләббай, даурығатын дәнеңесі жоқ. Жыланға түк біткен сайын қорқақ келеді дейді. Қазақтың бір жаманы – бітер  істің байыбына бармай, ұлардай шулайтыны. Орыстың оғы өтіп кеткендер ашыған айран ішердей ат-тонын ала қашуда. Оның үстіне, орыстың оң құлағы қазақ дейтіндерді қайтесіз? Қазақтың әуені қырымды қойып, қытайға жыр болса, қадіріміздің қашқаны емес, мерейіміздің өскені деп ұққан ләзім. Онда тұрған не бар?! Көрсін әуселемізді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, ұлт боп, халық боп бұл тарихи шешімнің тура жолын қарастырайық.
Алдымен аңдатпа. Уақыт машинасын артқа айналдырсақ, әу баста араб графикасына негізделген қазақ әліпбиін тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы емлеге сай саралап және оған «төте жазу» деген атау берді. Әйтсе де ғалымның еңбегі 1929 жылы латын жазуы негізіндегі «Жаңа әліп» әліпбиіне ауыстырылды. Бұл дүние көптеген ғалымдардың арасында дау-дамай туғызды. Әркім өз жобасын ұсынып, ойларын ортаға салып, илеуден өткізген болатын. Сол дәуірдің сауаттылары Сәрсен Аманжолов ұсынған қазақ – кирилл әліпбиін қолайлы көрді. Сонымен, 1940 жылдан бастап 42 әріптен құралған қазақ әліпбиі өмірге келді. Сорымызға орай, тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алды. Жат дыбыс тіркестері еш кедергісіз еніп, ұлттық бояу мен табиғи реңк жоғалды. Өзімізге тән тоғыз төл дыбысымыздың таңбалануының ешқандай ерекшелігі болмауы іш қынжылтады. Бәлкім, кеңестік кезеңнің ықпалынан ба екен?! Саясаттың шеңберінен де  шығып кету оңай емес. Оның үстіне қазіргі біздің қаріп, бізден басқа Монғолия жұртшылығында ғана қарқынды дамыған. Қалған қазақ диаспоралары төте жазумен немесе латын әліпбиімен таңбаларды қолданып жүр. 
Осы мәселе төңірегінде айтылған тұщымды ойлар некен-саяқ. Ата жұртын аңсаған қандастарымызды да қаперімізден шығармауға тиіспіз. Оны айтып отырғаным мәдениет пен өркениетіміздің, әдеби тіліміздің әдемі өрнектері Қытайдағы қазақтардың санасында жаңғырып тұр. Сөзге ілік болсын дегенім. Жағдайдың бұлай құбылғанын жақсылыққа жорудан басқа шара жоқ. 1993 жылдан бері әрі итеріп, бері жығып үкімет үстелінде талқыға түсіп жүрген тақырыпқа, 2017 жылы Елбасымыз нүктесін қойды. Арнайы тапсырма берді. Қазынадан қаражат бөлмек. Қазаққа қазақтың ғана жаны ашитынын ескерсек, қалың жұрттың қапа болмағаны қайыр.  Жөн-жосықсыз кінәлай кетуден де ада болайық. Дамыған елдердің дарбазасына кіре алмай жүргеніміз бесенеден белгілі. Еуропаның есігін ашсақ, әлем біздің алдымызға жығылатын болады.  Қойдай момын халықтың бөрідей ұмтылғанын сөз етеді әлі. Басымызды шөп жұлған аттай кегжең еткізе салатын жайт емес. Жауапты нәрсе, тарихты түбегейлі түгендейтін, ұлттың руханияты қайта жаңғыратын, экономикамыздың тағы бір деңгейге көтерілетін сәті. Орыстың ықпалынан ығысып шығатын ұрымтал тұс та осы шығар.
Жалпы, әліптің артын бақпай, алдын-ала топшылаудың түк те қажеті жоқ. Латын әліпбиінің ұтымды тұстарын іздестіріп көрейікші. Әркім өз білгенінше бейапар бұрмаламағаны жөн. Топтасып ұшсақ, тұрымтай да бата алмас. Тілге жанашыр ғалымдардың пікіріне сүйенсек, алдымен, тіл тазалығы артар еді. Бұрынғы жазбаларда: «Қазақтар сөйлегенде ән салып тұрғандай», – делінген. Расымен, жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартсақ, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтар едік. Соған қатысты емле, ережелер де ықшамдалады. Мектеп қабырғасындағы балалардың оқу үрдісі біршама жеңілдейді. Қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашылады. Әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігі артады. Бүгінгі компьютер заманында ғаламтор жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігіне дау жоқ. Ғылым, білім саласында ғаламтор арқылы кеңістікке көбірек еніп, жастарымыздың таным деңгейі өсер еді. Болашағымыз жастардың қолында екені жасырын емес. Түбі бір  түркі дүниесі, негізінен латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейткеніміз абзал. Орыс тілінің орманынан сытылып шығатын бірде-бір амал да осы болмақ.
Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие. Қолданыс аясы мен мүмкіндігі өте-мөте зор. Қай саланы алып қарасаң да латын әліпбиімен тікелей байланысып тұрады. Химиялық және математикалық формулалар, терминдер, медицина саласындағы дәрі-дәрмектер атауы, ғылыми әдебиеттер, түгелдей  латын әліпбиімен біте қайнасып жатыр. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын электрондық поштамыз да, темір тұлпарымыздың нөмірі де, тіпті төлқұжаттағы таңбаларға дейін латын әріптерімен жазылған. Қарапайым халық білмейді емес, біледі. Ірі компьютерлік бағдарламаларға қазақ қаріптері енгізілмеген. Осының зардабынан есептер, халықаралық маңызды құжаттар, тек орыс тілінде басылып жатыр. Осы орайда Елбасымыздың: «Біз орыс тіліне қарсы емеспіз, қазақтардың арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз», – деген сөзі көкейдегі ойды дөп басқандай. Пернетақтаның төбе тұсында сандармен жасырылған төл әріптерімізді терудің өзі бір қасірет. Қайда тұрғанын, қай жерде қолданылатынын шатасасың. Сондықтан тілімізді компьютерге емес, компьютерді тілімізге икемдеуіміз керек. Дүниені дүр сілкінткен аспан асты елінде де латын әліпбиінің маңызы зор. Қытайлықтар 1949 жылы өз иероглифтерін латын әріптерімен баспалады. Соның арқасында шетелдіктердің қытай тілін меңгеруі едәуір жеңілдей түскен. Ал, жапон елінде ғылыми жұмыста және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін екінші әліпби ретінде латын жазуын қолданып отыр. Бұл да болса көп нәрседен хабар беретін сияқты.
Президентіміздің «Қазақстан – 2050» стратегиясына сүйенсек, тұтастай қазақ елі 2025 жылға дейін мемлекеттік тілде бұлбұлдай сайрап тұруы қажет. Мұндай жағдайда латынға көшу балық аулағаннан да оңай болмақ. Әйтеке бидің айтқанындай, «сөз жөніндегі сөзді, асылы, бүгін ойлап ертең айтқан озады». Таяуда өзбек елінде қонақта болған бір ағайынымыз: «Ол жақта мемлекет латынды оқыту үшін мектептерге, оқу орындарына қаржы бөлген де, өзге азаматтарына көп көңіл аудармаған. Сондықтан олардың қоғам әлі уақытқа дейін екі әліпбиді қатар қолданатын көрінеді. Жастар жағы латынға көшіп алса, орта буыннан жоғары ел азаматтары баяғыдай кирилл әліпбиін пайдаланып жүр», – дейді. Шынымен де, елдің екіге бөлініп бара жатқаны, етікті теріс кигенмен бірдей. Осыны ескерген абзал. Себебі, бұл бастама болашақтың жемісі, оған бей-жай қарасақ, берекеміздің құны бес тиын болмақ. 
Әлемде әліпбиін үш рет ауыстырған жалғыз  мемлекет бар. Ол – Қазақстан. Тіл – ұлттың рухани уызы әрі күнделікті азығы. Өркениетіміз байымай ұлтымыздың да өз мүддесіне жетуі екіұдай. Алайда, алақаны бар тіршіліктің шапалағы да бар.  Кереғар пікірлердің көлденеңдеп шығуы бек мүмкін. Бабалардың тәмсілі бұған: «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау», – деген. Алаш арыстары ат ізін салған латын әліпбиінің жүгін көтеру ұрпаққа парыз. 
Кезінде Сингапурды «Азия жолбарысына» айналдырған Ли Куан Юдың ұстаған негізгі төрт принципінің бірі білімге, оқуға көп көңіл бөліп, ұлтты бір тілде сөйлету болыпты. 30 жылда адам сенгісіздей болып өзгерген шағын мемлекеттен үлгі алуымыз керек те шығар.  Иә, әріптеріміздің таңбасы жеңіл, әрі менмұндалап тұруы қажет. Сонда әдеби мұрамызға, ата-дәстүрімізге, қатпар-қатпар тарихымызға өзге ұлт өкілдері қызығушылық танытатынына талас жоқ. 
Латын әліпбиінің пайдасы ұшан-теңіз. Мемлекеттің архивтегі барлық кітапты реставрация жасауға қауқары жетеді. Қордалы дүниелерді де қайта басып шығатынына кәміл сенемін. Бүгінде тәуелсізбіз. Осы сөздің өзі ұлтқа ұран іспетті. Рухани болмысымыздың бостандыққа шығатын кезеңі келді. Іргемізден іріткі іздейтіндердің із суытары анық. Біз өркениетке жаңаша көзқараспен қарауға тиіспіз. Қысқасы, тіл ұлттың жаны, биікке көтерілетін баспалдағы іспетті. Баспалдақта нық тұруымыз да, тайып құлап кетуіміз де өз қолымызда.

Елеулі іске ерте бастан қамданған жөн. Таным таразысына салып, тізгінді ұстаған тіл мамандарының  тезірек бір шешімге келгенін күтеміз. Әліпбидің атасы Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған қағидаларды сараптап отырып, үндестік заңынан ауытқымай жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді. Жел тураған бұлттай бетімен кеткен әріптерді бір арнаға біріктіргені бізге де игі. Тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндестікте айтуға кедергі келтіретін ескі әліпбиіміздің жаңа сипатқа енуіне мүмкіндік туып отыр. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, бұл межені де бағындыратынымыз сөзсіз.

Қабыл ИСА.