ҚАЙНАЗАРЛЫҚТАР ҚУАНЫШЫ

Уақыты: 05.09.2017
Оқылды: 1469
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл ауданда бес мектеп салынды. Білім күні Ұзынағаш, Қайназар және Ақсеңгір ауылдарында үш бірдей жаңа мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашты. Сондай-ақ, Қарғалы ауылындағы орта мектептің 300 орынды жапсаржай құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында заманауи білім шаңырақтарының  іске қосылуы халықтың зор ризашылығына ие болды.

Қайназар ауылындағы 600 орынды орта мектептің ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев пен аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды және ата-аналарды оқу жылының жаңа ғимаратта басталуымен құттықтады. Мектеп құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Мемлекеттің екі жарым миллиард теңге шамасында қаржысына он төрт айдың ішінде ауылдың тау жағынан сәулеті келіскен білім ордасы бой көтерді. Бұған дейін ескі мектеп үйінде оқып келген шәкірттердің енді кең де жарық, тиісті құрал-жабдықтары бар бөлмелерде білім алатыны қуанарлық. Ұстаздарының дені де осында орналасыпты.

Құрылысты жүргізген мердігер мекеме «Alatau Construction Group» ЖШС бас директоры Валерий Ильницкий ғимараттың нышан кілтін мектеп директоры Салтанат Сұлубековаға тапсырды. Лента қию рәсімі жасалып, әжелер шашу шашқаннан кейін көпшілік қуанышына ортақтасқан құрметті қонақтар мектеп ішін аралап көрді. Мұнда 34 оқу кабинеті, кітапхана, екі спортзал, 127 орынды асхана тиісті талап бойынша толық жабдықталған. Осындағы 885 оқушының сапалы білім алуына, оларға дәріс беретін 70 мұғалімнің алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалған. Оқушылар оқулықпен түгел қамтылып, бірінші сыныпқа 105 бала қабылданыпты. Жеті мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы бұл үшінші мектеп. Кейінгі жылдары халқының саны күрт артып, іргесі кеңейе түскен елді мекенде осыдан төрт жыл бұрын ғана бір мектеп салынған болатын.

Аудан орталығынан шалғай Күрті жазығында жатқан Ақсеңгір ауылында да жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл құмдауыт аймақтағы алақандай ауылдың бүкіл тұрғыны үшін үлкен қуаныш. Мектептің ашылу салтанатына елдің шетінде, желдің өтіндегі елді мекеннің алты жасар баласынан алпыстағы қариясына дейін түгел келді десе болады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев пен аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев ақсеңгірліктерді құттықтауға барды. 450 орынды орта мектептің салынуымен осындағы үш ауысым мәселесі шешілді. Өйткені бұған дейін ақсеңгірлік өрендер ескі мектеп үйінде үш ауысымда оқып келген еді. Мердігер мекеме «Іргетас Құрылыс-2» ЖШС құрылысын өткен жылдың маусымында бастап, биылғы тамызда сапалы аяқтады. Осылайша 409 оқушы мен 43 ұстаз биылғы оқу жылын заманауи үлгіде салынған, іші су жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ғимаратта бастады. Мұнда да екі спортзал бар. Асханасы 150 орынға шақталған. Бірінші сынып табалдырығын 24 бүлдіршін аттады.

Оқу жылы қарсаңында аудан орталығында 1200 орынды жаңа мектептің ашылуына облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысқаны газетте өткен аптада берілген болатын. Сол Ұзынағаш ауылындағы орта мектеп Білім күні өзінің алғашқы шәкірттерін салтанатпен қабылдады. Оқу кабинетінің саны 60-қа жететін үлкен мектепте 47 интерактивті тақта, екі кітапхана, 230 орынды асханасы бар. Ауыл шетіндегі жаңа көшеде бой көтерген сәулетті білім шаңырағында 850 шәкіртке 60 ұстаз дәріс береді.

 Серік САТЫБАЛДИЕВ.

Жамбыл ауданы.