Тоғыз мектеп ашылды

Уақыты: 05.09.2017
Оқылды: 1466
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматыдай алып шаһардың іргесінде  орналасқан Іле ауданы үш ауысымды оқу жүйесін жою үшін жылда жаңа мектептермен толықтырылып келеді. Білім күні Іле ауданында тоғыз бірдей мектептің есігі айқара ашылды. Соның бірі – Түймебаев ауылындағы №43 мектептің ашылуы тұрғындар үшін ерекше қуаныш болды.

Бұл салтанатты жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев қатысты. Тұратбек Шарапиев көпшілікті қуанышымен құттықтап, облыс бюджетінің үштен бірі осы білім саласына бөлініп жатқанын айтты.

 «Аламан құрылыс» компаниясының директоры Қанат Оңалбаев өткен жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталғанын айта келіп, заманауи үлгідегі жаңа ғимараттың кілтін табыстады.

Қонақтар бұдан кейін келесі жаңа білім ордасы №44 мектептің  ашылу салтанатына қатысты. Аудан әкімі Қыдыргелді Медеуов жаңа мектептер қатарының жыл өткен сайын өсіп келе жатқанын бәсекеге қабілетті ел болу жолындағы үлкен қадамның дәлелі деп атап көрсетті. Аталмыш мектепке аудан аумағындағы саяжайда тұратын балалар қатынап оқитын болады.

Бұл күні ауданға қарасты Екпінді, Чапаев, Байсерке, Көкқайнар ауылдарында да жаңа мектептер ашылып, көп қуанышын еселей түсті.

Мақпал МЫСА.

Іле ауданы.