Заманауи оқу орны

Уақыты: 05.09.2017
Оқылды: 1220
Бөлім: ТҮПСАНА

Жаркент қаласындағы  Хилил  Хамраев атындағы  орта мектеп ғимараты өткен  ғасырдың отызыншы жылдарында шекарашыларға  арналып салынған офицерлер үйі болыпты. Бұл ғимарат, өткен ғасырдың орта  шенінде мектепке берілген. Уақыт озды, кезінде қала орталығында тұрған сәнді, екі қабатты ғимарат үйі пайдалануға жарамсыз жағдайға  жетіп тозды.  

Қала тұрғындарының  өтініш-тілегімен мектеп  үйін  қайта  салуға ұйғарым  жасалып, құрылысқа респуб­ликалық бюджеттен  қаржы  бөлініп, өткен  жылдың сәуір  айынан «Алматыкультбытстрой» АҚ құрылысшылары іске кіріскен болатын. Жаңа үлгіде салынған 300 орынға арналған мектеп үйінің құрылысы оқу жылының басында толық аяқталып, салтанатты  жағдайда пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылында мұнда қазақ сыныбы ашылып, енді ол  қазақ, ағылшын және ұйғыр тілдерінде білім беретін аралас  мектепке айналды. Жаңа  мектеп үйінде  22 сынып  бөлмесі, 105 орынды  асхана, 96 орынды жиын жай, 12 компьютер сыныбы және  спорт залы бар.

  Мектептің ашылу салтанатында алдымен сөз сөйлеген  Панфилов ауданының  әкімі Бердәулет Абдулдаев  ұстаздар ұжымы мен оқушыларды,  ата-аналарды  жаңа оқу жылының  басталуымен  құттықтап, заманауи үлгіде сапалы іс тындырған, қалаға  көрік  сыйлап  тұрған  сәнді  ғимарат  үшін құрылысшыларға  алғыс білдірді. Бұл  қуанышқа  бұрын  осы  мектепте  білім  алған  қала тұрғындары, алыста  жүрген  ғылым,  өнер  қайраткерлері жиналды. Салтанатқа арнайы  келген  облыстық табиғи  ресурстар  және табиғатты  пайдалануды  реттеу басқармасының  басшысы  Керімбек  Жаншабай қуанышқа  жиналған  қауымға  облыс  әкімі  Амандық  Баталовтың  жаңа  оқу  жылымен  құттықтаған  ыстық  сәлемін  жеткізді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ.  

Жаркент қаласы.