Саяжайдағы шаттық

Уақыты: 05.09.2017
Оқылды: 1202
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыс әкімі Амандық Баталов Есік қаласының кіре берісіндегі Рахат селолық округіне қарасты Саяжай елді мекенінде де болды.

Ауылдың Саяжай деп аталуының  мәні бар. Бұрын осында жеке отбасыларға қарасты саяжайлар болған. Кейін ішкі-сыртқы урбанизацияның нәтижесінде қоныс аударушылардың саны артты. Атамекенді аңсаған қандастарымыз құтты жерге жан-жақтан ағылып келіп жатты. Осылайша ауылдың өрісі кеңейді. Іргелі елді мекенге лайық атрибуттар пайда бола бастады. Соның арқасында Саяжай ауылында тұратын халықтың саны 16 мыңға жетті. Жаңа мектептің тездетіп бой көтергені де сондықтан.

– Ойлап қарасаңыздар, қуаныштың ең үлкені – халық санының көбеюі. Бұл – жақсылықтың белгісі. Биыл облысымызда 49 мың бүлдіршін алғаш рет партаға отырады.

Мемлекетіміз жас ұрпақтың болашағына ерекше қамқорлықпен қарайды. Сондықтан да «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жетісу жерінде 35 мектептің құрылысы қолға алынды. Білім күні 24 мектеп оқушыларға өз есігін айқара ашады. Соның бірі осы  Саяжайдағы білім ордасы. Мектептеріңіз ел игілігіне айналсын! – деді Амандық Ғаббасұлы.

Былтыр  басталған жұмыс мерзімінде біткен. Оны ойдағыдай атқарған мердігерлік ұжым «Жөндеу құрылыс» ЖШС-нің құрылысшылары. Мемлекет қазынасынан бөлінген 1,4 миллиард теңге ойдағыдай игерілген.

Ашылу салтанатында Ж. Әбдімұратов мектеп директоры Бибігүл Букаеваға символдық кілтті табыс етті. Бұл күн саяжайлықтар үшін үлкен оқиғаға айналды.

Олардың алабөтен қуанатын жөні бар. Кешеге дейін Саяжайдағы оқушылар Есік қаласына және оған іргелес жатқан жақын ауылдарға қатынап оқып келді. Әсіресе, қыстың көзі қырауда балалар мен ата-аналар қатты қиналатын. Енді соның бәрі бір күнгідей болған жоқ, мәселе өз шешімін тапты.

600 орынды мектеп құрылысы соңғы үлгімен салынған, әсем келбетімен көз тартады. Мұндағы кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған. Оқушыларға барлық жағдай жасалынған. Мәжіліс залы, лингафон кабинеттері, спорт залы, асхана көрушілерге бірден ұнады. Жаңа оқу жылында мектепке 1500-дей бала оқитын болады. Онда 83 мұғалімнен тұратын үлкен ұжым жұмыс істейді.

– Мынандай ғимаратта білім алып, шынығып, шыңдалатын біздің ұландарымыз бақытты! Әрқашан солай болсын, көретін қызықтары көп болсын! – деп Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның қадірлі қариясы Солтанбай Жарықбасов аталық лебізін арнады.

Білім күнінде  тағы бір жайдарман жаңалықтың куәсі болдық. Шелек ауылында салынып жатқан 600 орынды мектеп үйі жұмысын толық аяқтап, пайдалануға берілді. Ел игілігіне арналған нысандардың қатары толыға түсті.

Болат БАТЫҚҰЛЫ.

Еңбекшіқазақ ауданы.