Тарихтан тағылым - еткенге тағзым

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 2095
Бөлім: ТҮПСАНА

 «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы»,– деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, туған ауылдың қасиетін білмейтін азамат некен-саяқ. Әркімнің туған жері, өскен ауылы өзіне қымбат. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», –  деп атап көрсеткендей, тарихтан бір үзік сыр тартуды жөн санадым. 

Адамдар өте ерте кезден-ақ бір-бірімен сауда жасасқан. Алғашқыда сауда бір жерде бар, екінші өңірде жоқ нәрселер мен құнды заттарды айырбас жасау ретінде жүргізілді. Кейін келе оларды ақшаға сату, керектілерін сатып алу жүзеге аса бастады. Бұл сауда орындары – базардың, жәрмеңкенің, сонымен қатар ел мен елді, қала мен халықты бір-біріне жалғаған сауда жолдарының пайда болуына мүмкіндік туғызды. Осылайша Еуропа мен Азияда Ұлы Жібек жолы пайда болды. 
Ұлы Жібек жолы – Еуразия континентінің күре тамырын басып өтіп, 16 ғасыр бойы халық игілігіне жарап келе жатқан керуен жолы. Оның жалпы ұзындығы 7 мың шақырымнан асып жығылады. Ұлы Жібек жолының бірінші тармағы Египет пен Вавилон, Иранда өте қымбат бағаланатын әдемі көк тас лазурит тасымалдаған «Көк тас жолы» (Лазурит жолы) деп аталған. Екінші тармағы Қытайдағы императорлар мен ақсүйектердің сүйікті заты болған әшекейлер жасау үшін әдемі нефрит тасын тасымалдайтын «Нефрит жолы» болған. Ал үшінші – «бұлғын жолмен» қымбат бағалы терілер тасылған. «Ұлы Жібек жолы» ежелден келе жатқан ат емес. Бұл атау тек 1877 жылы пайда болды. Оны неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен қалыптастырды. Жібек жолы тұрақты жол емес, уақыт ізімен өзгеріп отырған, бірақ тарихтағы дәстүрлі бағыты өзгермеген. Қытайда өндірілген жібек сол кездегі сауданың басты тауары еді. Сондықтан да жол – «Жібек жолы» деп аталған. 
Ұлы Жібек жолы Еуразияның кіндігіндегі қазақ жерін де басып өткен. Керуен жолы Тянь-Шань тауларының бөктерімен жүріп, Сырдария, Талас, Шу, Іле, Көксу, Қаратал алқаптарынан өтіп, Шығыс Түркістан арқылы Қытайға жетті. Осы жолдың бойында ертеректе даңқы асқан Сақ, Үйсін, Қаңлы мемлекеттері, орта ғасырларда Түрік қағанаты, Түркеш мемлекеті, Қарлұқ, Оғыз қағанаттары, Қыпшақ пен Қалмақ хандықтары өмір кешті. Ұлы жолдың бойында Екі оғыз (Екі өгіз), Қойлық (Қиялық), Дүнгене, Талхир (Талғар), Алматы, Аспара, Құлан, Тараз, Сайран, Арсубаникат, Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Янгикент, Сарайшық қалалары бой көтерді. Әсіресе Жетісу өңірінде жаңа қалалардың пайда болуы өңірде отырықшылдық, егіншілік пен қала өмірін жандандырды. Мәселен, тек Солтүстік Шығыс Жетісуда ІХ-Х ғасырда 10 ғана қала болса, ХІ-ХІІІ ғасырдың басында олардың саны 70-ке дейін көбейген. VІІ-ХІV ғасырларда елшілік сауда керуендерінің дені Жібек жолымен жүрді. Сан ғасырлар бойы тынымсыз өзгеріп отырған, оның бір бөліктері айрықша маңыз алып, көркейіп жатса, екінші бір аймағы жабылып, ондағы қалалар мен сауда бекеттері қаңырап бос қалды. Біздің Көксу ауданының жерінде «Қойлық» (Қиялық), «Дүнгене», «Екі оғыз» (Екі өгіз) деп аталып жүрген қалалар болған. Ғалым-инженер М. Тынышпаев өзінің «Коксуские развалины и город Койлык» атты кітабында Қойлық қаласы Көксу өңірінде екендігін жазса, ақын-жазушы Әміре Әрін ауданымыздың 60 жылдығына орай шығарылған «Кенен жерім – Көксуым» атты кітабында тарихқа жүгіне отырып, нақты дәлелмен осы қалалардың орналасқан жерін, қай ғасырда өмір сүріп, қалай қирағаны туралы жазған болатын. Сонымен Қойлық қаласы туралы біз не білеміз? 
Мұхаметжан Тынышпаевтың тұжырымдауынша, қала 1400 жылдары шамасында қираған. Оған тарихтың өзі куә. 
Қойлық қаласы аймағының ұзындығы 20, көлденеңі 10 шақырымнан астам жерді алып жатқан. Қаланы «Қойлық» деп атауға негіз бар. Бұл енді біздің арғы тегімізден бері өзіндік өрісін тапқан, халқымыздың қой өсіруге бейімділігін байқатады. Малға ыңғайлы жерлерді де осылай атай берген ғой. Кезінде Ташкент түбіндегі жерде Қойлық деген атауды дәл осындай негізде қойған. Оны орыстар Куйлюк деп өздерінше ыңғайлап алған. Қазақстан жері арқылы сапар шегіп келе жатқан француз королі Людовик ІХ-дың елшісі Рубрук Қойлықтан 16-17 шақырым жерде шіркеу Мәжүнси (Несториан) селосын байқаған. Мәжүнси селосы Гавриловканың орнындағы, яки сәл батыс жағындағы елді мекен-ау деп топшылауға болады. Гавриловканың орнында бұрын әлде қандай ескі село болған. Оның дұрыстығы Гавриловка болғанға дейін бұл мекен «Талдықорған» деп аталғандығы. Сарқанттың Антоновка селосын кейінгі кезде «Қойлық» деп атады. Мен бұл жерде қала Қойлық немесе Қиялық Антоновкада емес біздің жерде деп дәлелдеуден аулақпын. Оны тарихшылар мен археологтардың еншісіне қалдырайық. Ал Екіоғыз (Егі өгіз), Дүнгененің, Төрткүл керуен сарайының Көксу өңірінде болғандығына ешқандай күмән жоқ шығар. Бұл жерде ескі қорған, көне қала мен қалашықтардың орны, ежелгі керуен жолдарының ізі сайрап жатыр. Бір кездерде бұларда өмір базары қайнап, сансыз ұрпақтардың күн кешкені белгілі. Аудандағы көне қалалар жайлы «Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық қала мәдениеті (VI-XVIII ғасырлар)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған археолог-ғалым К. Байпақовтың зерттеулерінде нақты жазылған. 
Екіоғыз (Екі өгіз) және Дүнгене қалалары жайлы тарихтан көп сыр тартуға болады. Мәселен, Рубруктың күнделігінен алынған үзіндіде Эквиус қаласының аты аталады. Сөз жоқ Эквиус Екіоғыз қаласының дыбыстық өзгеріске ұшыраған аты. Бұл қалада зерттеу жұмыстарын өз уақытында А.Н. Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экпедициясы жүргізген. Мұхаметжан Тынышпаев өз кітабында көкірек көзі ояу азамат, шежіреші Керімқұл Назарұлының пікірлеріне сүйеніп Дүнгене қаласы Балпық би ауылының батысында деп жазады яғни, қазіргі қант зауытымен Құрманов мектебінің аймақтарында орналасқан. Ал Екіоғыз қаласы одан сәл төменірек Амангелді, Қаратал, Кеңарал ауылдарының орындарын қамтиды. Оған дәлел Құрманов мектебі салынарда іргетасын қазарда көптеген қыштан жасалған ыдыстар, құмыра, тостаған, қылыш, қанжар тағы басқа көне заттар табылған. «Дүнгене» деп аталуы осы жазықта дүнгендер бау-бақша, көкөніс, қауын-қарбыз өсірген көрінеді. Мен Көксу бекетіндегі Қазақстанның 50 жылдық атындағы кеңшарда партком хатшысы боп жүргенімде, сол кездегі Мұқаншы ауылкеңесінің басшысы Құсайын Саутбеков ақсақалдың кемпірі қайтыс болып, жерлеу рәсіміне қатыстым. Кеңаралдағы қорған жерлерде жаңадан қазылған ақымнан қыштан жасалған су жүйесінің құбырлары табылған. Кеңарал ауылының тұрғыны, округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Қошан Қожабергеновтың айтуы бойынша сол жердегі үлкен шоғыр-төбе Шыңғысхан ұрпақтарының хан ордасы болған көрінеді. Ал қаланың «Екіоғыз» деп аталуы, тура сол жерден екі өзен Қаратал мен Көксу тоғысады. Сондықтан «Екіоғыз» аталуы мүмкін деп топшалайды.  Осының өзі сол заманда-ақ өркениеті дамыған үлкен қалалардың болғандығын көрсетеді. Кезінде Екіоғыз қаласы жайлы Махмұт Қашқари «Диуани лұғат ат – Түрік» шығармасында жазған. Жетісу қалаларының картасын сызған. Соған қарағанда Махмұт Қашқари Екіоғыз қаласында болған деген тұжырым бар. 
Жарлыөзек қалашығы ауылға кіреберістегі Жарлыөзек өзенінің сол жағалауында орналасқан. Республикамыздың белгілі өлкетанушысы Михаил Федорович Милощенконың ұзақ жылғы зерттеулері арқасында тапқан тарихи мағлұматтардың негізінде Жарлыөзек қалашығы бұрынғы Октябрь қазіргі Жарлыөзек ауылының аймағын алып жатқан алқап. 1987 жылдары ғалымдар АҚШ-тың архивінен Жібек жолының картасын алып келген болатын. Сол картада Октябрь ауылының көлемінде үлкен қаланың бар екендігі көрсетілген. Ғалымдар бір-екі жылда қазба жұмыстарын жүргіземіз деп жүргенде партия құлап, Кеңес Одағы тарап, бәріде қожырап кетті. Жарлыөзек қалашығы тоғыз жолдың торабында орналасқан үлкен қаланың орны, себебі айналасы 7-18 шақырым аралықта көптеген қалашықтар шоғыры бар. Олар Аталық бабамыздың жатқан жеріндегі төмпешік. Бесқайнар ауылы маңындағы каналдың бойында орналасқан Бесағаш, Кеңарал, Амангелді ауылдарының айналасында орналасқан төмпешіктер бұрынғы қалашықтардың орны. М. Милощенконың зерттеуі бойынша Жібек жолының 8 бағыты осы Жарлыөзек қалашығына келіп тоғысады екен. Бұл бағыттар жөнінде Әміре Әрін «Кенен жерім – Көксуым» атты кітабында нақты жазған. Қорыта айтқанда бұл қалашықтар аталған алқаптарда ішкері жақтағы қамал. Оңтүстік пен Шығыстан келетін жаулардан қорғап тұрған. Жетісу арқылы өтетін керуендердің бірде біреуі бұл алқапты айналып өтпеген. Сондықтан сол заман үшін Жарлыөзек қалашығының маңызы өлшеусіз болатын.
Жарлыөзек ауылындағы Төрткүл қамалы тарихқа жүгінсек IX-XIV ғасырда өмір сүрген, төрт ғасыр бойы сауданың қайнаған қызу ортасы болған Қойлық, Екіоғыз, Дүнгене қалалармен бірге жау қолынан қираған деген аңыз бар. Кешеннің бұрыштары төрт тарапқа қаратылған, сыртқы қоршауы 500-550 метрдей болса, ішкі қоршауы 200х180 метр тік төрт бұрышты алаңнан тұрады. Кешеннің Солтүстік Шығыс жағын Жарлыөзек өзеннің суы шайып жатыр. Бұрынғы дуалдардың 150 метрге дейінгі жалғасы жойылып біткен. Топырақ жалдың Оңтүстік Батыс бөлігі жер қазу жұмыстары салдарынан да көп бүлінген. Қазір кешен дуалының жұрнағы 3-4 метр, іргетас ені 15-16 метр топырақты жал болып жатыр. «Төрткүл» деп аталуы кешеннің төрт бұрышында жан-жағында төрт терезесі бар биік мұнара (маяк типтес) орналасқан. Мұнараның басына түнде сексеуілмен от жағатын болғандықтан, содан түскен күлдің есебінен «Төрткүл» деп аталған. Бұл арада «көл» деген сөзбен шатыстырмау керек. Ұлы Жібек жолында бұндай көлемдегі бір-біріне ұқсас Төрткүл керуен сарайлары көп болған-ды. Соның бірі Тараз қаласындағы 1948 жылы археолог ғалым Әлкей Марғұлан тауып зерттеген «Төрткүл» керуен сарайы. Ал біздегі «Төрткүл» қаржы тапшылығы ма, жоқ әлде ғалымдардың назарынан тыс жатқандықтан ба, әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Қамалдың халық арасында таралып кеткен құпия үңгірі туралы аңыз әңгіме көп. Өткен ғасырдың 75-80 жылдары  Кавказдан келген шешен ұлтының бір топ азаматы қамалдың күл араласқан топырағын пайдаланып, кірпіш кұймақшы болыпты. Лай құюға арықпен ағызған сулары терең үңгірге сіңіп жоқ бола берген екен. Содан бір жас жігіттің беліне арқан байлап үңгірге түсірсе, үңгір іші толған адам сүйектерімен қаптаған жылан ордасы екен. Кавказ азаматтары іле-шала мал сойып, құран оқытып, еңбектерінің ақысында алмай бір түнде тайып тұрған көрінеді.
Біздің ауданның көптеген жері тарихи жәдігерлер мен көне ескерткіштерге өте бай. Мәуленбай ауылындағы «Адам ата», Өндірістегі «Хан қызы», Алғабастағы «Байкісі», Амангелді ауылына жете берістегі «Дарабоз-ана» қорғандары, Көксу өзенінің бойындағы, Шаған тауының етегіндегі «Балбал тас», көптеген питроглиф, Талапты ауылының шығыс жағындағы Антропов заманындағы қола дәуірдегі ескерткіштер әлі күнге дейін зерттелмеген. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналу керектігін, ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы керек деп баса айтқан болатын. Сондықтан да ауданымызда киелі жерлер географиялық картасына осы тарихы терең, өткені кемел жерлерді кіргізіп, болашақта жас ұрпаққа ауданымыздың қасиетті жәдігерлерін аманаттай білу қажет-ақ.


Бақыт Шенгелбаев,             
Көксу ауданының Құрметті азаматы,  «Үш ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.