Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА ЕКІ ТҮРЛІ ТОП БАР. ТАҒЫ ДА ТІЛ МӘСЕЛЕСІ СӨЗ БОЛДЫ

Уақыты: 31.12.2021
Оқылды: 941

Тіл мәселесі қашанда өзектілігін жойған емес. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толса да тіл мәселесінде шешімін таппай отырған жайттар көп. Осынау толғанысты істің мән-жайын пысықтау мақсатында Тіл сарайында «Тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Онда Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Болат Керімбек баяндама жасады.

- Қай халықтың болмасын басты байлығы – тілі. Бабаларымыз осы қасиетті, киелі қазынамызды қастерлеп, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап жеткізген. Қазіргі таңда да елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге бар мүмкіндік қарастырылған. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналған тілдерді қолдану мен дамыту бағытында өңірімізде де ауқымды істер жүзеге асты. 2005-2006 жылдары өңіріміздегі мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 40-45 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 99,5 пайызды құрап отыр, – деді ол. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Түркі жұртының рухани астанасы – киелі Түркістан қаласында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің VI құрылтайы өткенін, онда құрылтайдың қаулысы қабылданып, қоғамдық филиалдар мен орталық кеңесінің нақты атқаратын жұмыстары белгіленгенін, алдағы бес жылға арналған бағдарламасы мен жаңа жарғысы қабылданғанын жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов ҚР «Тіл туралы» Заңының қолданысқа енгізілгеніне ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданылмай келе жатқандығын атап өтіп, әсіресе, баяндамалардың екі тілде оқылып, ғылыми жұмыстардың да үш тілде аударылып жазылатынын, оның бәрі адамның көп уақытын алатындығын атап өтті. Ал Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістік ретінде өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақтілді балабақша, мектептерге беріп жатқандығымен сипаттады.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Гүлім Чукенаева «Тіл саясаты: кеше және бүгін» деген тақырыпта баяндама жасап, тіл тарихы мен қазақ тіліне негізделген латын қарпіне қатысты кейбір ерекшеліктерге тоқталып өтті.

«Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұматай Әміреев: «Қазіргі қазақ қоғамында екі түрлі топ бар: бірі – қазақ тілін өшірмейтіндер, екіншісі – қазақ тілін өсірмейтіндер тобы. Өшірмейтіндер тобы – ұлтын сүйетін, тілдің майын ішіп, жілігін шаққан, қазақ тілінің қасиетін білетіндер. Қауіптісі – өсірмейтіндер тобы. Олардың көбі бүгінде билік басында отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қолданысқа енуі үшін миллиондап ақша шашудың қажеті жоқ еді. Тек қажеттілік тудыра білсек болғаны. Қажеттілікті кім тудырады? Оны билік тудырады», – деген жанайқайын жеткізіп, «Қазақ тілі» қоғамының алдағы міндеті тілдің көсегесін көгертіп, өткен ғасырда алаштықтар бастаған ұлы істі жалғастыру екенін ортаға салды.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Дүйсен Аңсабаев болса, тіл мәдениеті мәселесін көтеріп, қазіргі таңда жастардың, тіпті үлкен адамдардың айғайлап ерсі сөйлейтінін, сыпайылық жойылып бар жатқанын алға тартты.

Облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбай ұлттық мәселелерді бүгежектемей шешетін уақыттың келгенін, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жүргізуде күрескерлік рух пен қайраткерліктің қажет екенін баса айтты. Тіл мамандарының сөздіктерді дайындаудағы кейбір қателіктерін де сынға алды.

Б.Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлы да тілді дамытуда балалар театры ашылса деген ұсынысын жеткізіп, өнерге баулып жүрген шәкірттерінің тіл туралы өлеңдер оқуына кезек берді.

Шара соңында тіл саласына қызмет етіп жүрген бірқатар жандар облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Алғыс хатымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бар бақытым – қасиетті Отаным» атты облыстық байқаудың бас жүлде иегері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Бүрлен Серікбол марапатталды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы