Жүрек тулатқан қойылым

Уақыты: 17.10.2017
Оқылды: 1282
Бөлім: ТҮПСАНА

Құба даланың бір шөкім топырағын жат табанға таптатпауға  серт! Алаш үшін қынынан суырылған алдаспанды жау қанына суармай дамыл таппауға серт! Қазақ деп бармағымды қызылға малып қасам іштім. Ендігі бетім сағалап келіп сан соқтырғысы келген, бас бағып жетіп басып қалмақ болған ойрат-қалмақтың тәует басты тұлпарына қу медиеннің қуыс қурайын да шалдырмау, – деп шамырқанған бабалардың ұлы жорықты бастан кешкен тұсы жүрек тулатады. Тіпті, басынан бақайшағына дейін құрышпен құрсанған дұшпанның сесінен сескенбей жекпе-жекке суырылып шыққан «Сабалақтың» аруағы асқан сәті, Шарыштың басын алған тұсы ойлы көрерменнің көңілін аспандатқаны даусыз. Жетісулықтарды тарих қойнауына бойлатқан бұл қойылым Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында көрсетілді. 

Қойылым алдында бас қаладан ат арытып келген өнер ұжымына алғыс білдіру үшін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз алды. 
– Армысыздар, өнерсүйер қауым! Театр туралы сөз бастаған кезде «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» екенін ұлы Ғабеңнен артық айту мүмкін емес. Сол хас әрі өрелі өнердің салтанат құрған кешіне қош келдіңіздер, – дей келе Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әрі 70 жылдық мерейтойының алғашқы салтанатты шарасын кіндік қаны тамған Жетісу өлкесінен бастаған «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері Нұрғанат Жақыпбайдың ұлттық өнер жолындағы ерен еңбегі мен оның тұлғалық болмысы жайлы кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар, оны кешегі театр және кино өнерінің корифейлері қатарында екенін тілге тиек етіп, иығына оқалы шапан жапты. 
Ал өз кезегінде «Парасат», «Достық» ордендерінің, «Алтын адам», «Еңлік гүл – 2016», «Сахнагер – 2017» сыйлықтарының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғанат Жақыпбай сөз алып, жерлестерінің ізгі ниетіне деген ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, күннен-күнге тотыдайын түрленіп келе жатқан  Талдықорғанның көркі көз қуанышы екенін мақтанышпен атап өтті. Осындай киелі өңірді басқарып отырған басшылар мен жаны жайсаң жерлестеріне бақ пен береке тіледі.
Көрнекті жазушы, қазақтың сөз зергері Әбіш Кекілбаевтың қаламынан туындаған «Нар тәуекел» пьесасы үш жүздің басын қосқан Абылай ханның бейнесін ашуға құрылған шығарма. Қойылым барысында айбарлы ханның Сабалақ атанғанынан бастап, қасиетті таққа отырған сәті мен дау тоқтатып, жау тойтарған кезін, алты Алаштың ақ тілеуіне кенелген кемел басшы екендігін танытар  эпизодтардан көрермен ерекше тебіренгендей болды. Өйткені, төрт құбыладан телмірген, анталаған жаулармен қағыспай табысып, жауласпай жарасып күн кешкен әділ патшамен айналасындағы шенді-шекпенді қазақ зиялыларының бейнесін актерлер жоғары деңгейде сомдай білді. Қазығы қағылып, Астана төрінде шаңырақ көтергеніне 10 жыл болса да халықаралық, республикалық байқаулардың  он мәрте Гран-при иегері атанып үлгерген театрдың шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігі осы бір қойылымнан-ақ ұғынықты болды десек, артық айтқандық емес.
Сан көрерменнің көз қуанышы болып үлгерген «Жастар» театры кезекті гастрольдік сапары барысында «Достық пен қулық», «Егер де мен», «Асауға тұсау» қойылымдарын жетісулық көрерменнің назарына ұсынбақ.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.