Тіл жанашырлары жарысты

Уақыты: 17.10.2017
Оқылды: 1533
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі» қоғамдық келісім орталығында өзге этнос өкілдері арасында «Көркем ой. Көркем сөз. Көркем тіл» атты байқау өтті. Қатысушылар біліктілігі мен білімін ортаға салып, бақтарын сынасты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел ішінде үлкен қолдау тапты. Онда көрсетілген бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырылуда. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз тарапынан қолдау танытып, жұмыстар атқаруда. Аталмыш шара да  Елбасы мақаласы аясында өтті.
«Көркем ой. Көркем сөз. Көркем тіл» атты жарыстың мақсаты – мемлекеттік тілді құрметтеуге үйрету, қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, халық арасында бірлік пен қоғамдық келісімді насихаттау. Байқау барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай және «Достық үйі» қоғамдық келісім орталығының директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, республикалық байқаулардың жеңімпазы, ақын Ақсұңқар Ақынбаба қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңіске шын мықтылар ғана жететінін айтып өтті. 
Облыстық байқауға аудан және қалалардан келген үміткерлер, Ассамблея жанындағы құрылымдар, этномәдени орталықтардың төрағалары мен белсенділері, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Бірнеше кезеңнен тұрған додада облыстың аудан, қалаларынан келген 28 қатысушы сайысқа түсті. Жарыстың қорытындысы бойынша бас жүлде Ирина Керимоваға бұйырды. Ал бірінші орынды Алина Готуно, екінші орынды Эмрабуви Джамиева, үшінші орынды Мехришат Аутов пен Руслан Данилов жеңіп алды. Тоғыз қатысушыға ынталандыру сыйлықтары мен арнайы дипломдар табыс етілді. Шара соңында көрермендерге жетісулық өнерпаздар дайындаған концерт ұсынылды.

Мәулен Әнербай.