ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ОРАЛУ – ӨМІР ТАЛАБЫ

Уақыты: 17.10.2017
Оқылды: 1452
Бөлім: ТҮПСАНА
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деген болатын. Демек, біраз жылдан бері ел арасында әңгіме өзегіне айналған әліпби ауыстыру мәселесі Рухани жаңғыру аясында жүзеге аспақшы. Сол үшін де бұл бастама жұртшылық арасында қызу талқылануда. Осыған орай, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша құрылған республикалық жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, әліпбидің екі нұсқасымен де танысып шыққан Президент жұрт арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, ыңғайлы нұсқаны көп болып тауып шығуды тапсырған еді. Бұл тапсырманы іліп әкеткен облыстық тілдерді дамыту басқармасы өзге өңірлердегі әріптестерінің алғашқысы болып ақпараттық-түсіндіру жұмысын бастап кетті.
Жұмыс тобының басты мақсаты – мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруде ел арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу. Сол мақсатпен құрылған облыстық ақпараттық-насихат тобының мүшелері түсіндірме жұмысын құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің ауылынан бастауды жөн санады. Бұл бастамаға қуана үн қосқан ақсулықтар аудандық Мәдениет үйіне тайлы-таяғы қалмай жиналыпты. 
Алқалы жиынды аудан әкімі Әділбек Далбағаев ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөнінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен латын әліпбиіне көшуге қатысты ой өрімдерін ортаға салды. Осыдан кейін сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретінін баяндай келіп: «Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы», – деді.
Айта кетерлігі, облыстық жұмыс тобының құрамында әр саланың өкілдері бар. Солардың қатарында өлкеміздің рухани әлемін байытып жүрген ғалымдар да бағалы бастамаға барынша атсалысуда. Мәдениет үйінде өткен жиында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Мұратбек Иманғазинов латын әліпбиіне көшуге қатысты пікірін жайып салды. 
– Латын әліпбиіне көшу керек. Себебі, біздің келешегіміз осыған байланысты. Латын әліпбиіне өту әлемдік инновацияларды 
жедел игеруге, келешегімізге нық басып, технология мен коммуникацияны меңгеруге мүмкіндік беретін құрал. Латын әліпбиіне ауысу келешек ұрпақ үшін, саясатымыз үшін маңызы бар өзгеріс. Ендеше, рухани жаңғырумыздың темірқазығы болып отырған латын қарпін халық болып қолдауымыз қажет, – деді ғалым.
Сондай-ақ жиын барысында латын әліпбиіне көшу жөніндегі облыстық жұмыс тобының мүшесі облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым әліпби ауыстырудың ел келешегіне, ұрпақ санасының жаңғыруына, Мәңгілік Елдің ұлы мұраттарын орындауға ықпал ететінін нақты мысалдармен түсіндіріп берді. 
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Мақсатқа анық жету үшін біздің ісімізден санамыз алда жүруі керек» деп атап өтті. Ендеше Рухани жаңғыру сынды ұлы бастаманың басты жаңалығы латын әліпбиіне көшу арқылы сананы жаңғырту. Демек қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру алдағы міндеттердің бірегейі деп білуіміз қажет,– деді ол.
Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, ақын Ақсұңқар Ақынбаба графика ауысудың ғасырлық тарихына тоқталып, қазақ халқының әрқандай бастамаға жан-тәнімен кірісіп, үлкен нәтижемен орындап шығатынын тілге тиек етті. Демек, бұл жолғы бастама да баянды жетістікпен жұрт көңілінен шығып, өміріне өзгеріс әкелмек. Жиналыста өңір халқы облыстан арнайы келген топ мүшелеріне көкейде жүрген сауалдарын қойып, латын әліпбиіне көшу жайында нақты мәліметтер алды.
Жұмыс тобының өңір тұрғындарымен кездесуі одан ары «Нұр Отан» партиясы Ақсу аудандық филиалының мәжіліс залында жалғасты. Аудандық мәдениет пен білім саласының қызметкерлері, аудан жастары «дөңгелек үстел» басында бас қосып, латын әліпбиіне көшуге қатысты ойларымен бөлісті. Кездесуде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Карбозұлы: 
– Бәріңізге белгілі, қандай мемлекет, ұлт болсын өзінің даму тарихында түлеп, түрленіп, жаңғырып отырмаса, онда қоғам дамуының үдерісіне ілесе алмай қалады. Бұл адамзат өркениетінің барысында дәлелденген. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап ел дамуының ұлы жоспарларын жасап, даму үрдісін жетілдіріп отырды. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» Стратегиялық жоспарлары соның айғағы. Ендігі кезекте Елбасы рухани әлемді жаңғырту арқылы қазақстандықтардың нағыз елжанды бейнесі мен болашаққа деген батыл қадамын орнықтыруды қолға алды, – дей келе әліпби ауыстыру әлем қазақтары мен түркітілдес ұлттардың рухани бірлігінің негізі болатынын да тілге тиек етті. 
Мұнан кейін сөз алған облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас латын әліпбиіне көшудің тиімді тұстарын айтып, көпшілік қойған сауалдарға тұшымды жауап қайырды. Осы күні топ мүшелері Қ. Сәтпаев атындағы мектеп-гимназиясында, ауданға қарасты Ойтоған, Қапал елді мекендерінде де болды. Жұртшылықпен жүздесуде ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қазақ тілінің латын әліпбиіне көшудегі маңызы мен рөлі туралы, сонымен қатар, жаңа әліпбиге көшуде жүзеге асатын принциптерді де тізбектеп, жаңа әліпбиді өзгерту Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі үшін қажет екендігін көпшілікке жеткізді. 
Сапардың екінші күні ақпараттық-насихат тобы Сарқан ауданының жұртшылығымен кездесу өткізді. Осы барыста облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Ақсұңқар Ақынбаба Черкасск ауылында болса, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкері Аманжол Жазықбаев бастаған топ Шатырбай ауылдық округінің, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов, облыстық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова, облыстық тіл басқармасының бөлім басшысы Туғанай Рахымберлина бастаған топ Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесті. 
Черкасск ауылындағы кездесуге Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев арнайы қатысып, жұрттың ықыласына куә болды. Кездесуде сөз алған Айдар Карбозұлы шараның маңызы мен мақсатын салмақтап берді. 
  – Өздеріңіз жақсы білетіндей, Елбасының мақаласының ең маңызды бөлігі қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру болып табылады. Ал бұған басымдық беріп отыруының мәнісін өздеріңіз де жақсы түсінеді деп ойлаймын. Елбасымыз латын әліпбиіне көшу мәселесін дәл уақытында көтерді. Ендеше, қазақ тілінің аясын кеңейтіп әрі қарай дамытқымыз келсе бұл бастаманы батыл жүзеге асыруымыз керек.
Қоғамды жаңғыртуды әр адам өз санасын жаңғырудан бастауы тиіс. Ал сананы жаңғыртуда латын әліпбиінің алар орны ерекше. Латын әліпбиі бүкіл түркі дүниесін, әлемнің 42 мемлекетінде өмір сүріп жатқан біздің отандастарымыздың, қандастарымыздың басын біріктіретін ортақ әліпбиі болуы тиіс. Дамыған отыз елдің құрамына енеміз десек, оған біз өзіміздің төл жазу, төл әліпбиімізбен баруымыз керек. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы сол бағытқа жоспарланған жұмыстың жалғасы деуге болады, – деді ол. 
 Мұнан кейінгі сөзді облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас алды. 
– Өздеріңізге етене таныс рухани жаңғырудың бірнеше бағыты бар. Латын әліпбиіне көшуді соның бірегейі деп қарауымыз керек. Өйткені, латын әліпбиіне көшу арқылы рухани әлемімізді байытамыз. Бұл тұрғыда қоғамда түрлі пікір орын алуда. Біріміз әліпби ауыстыруды дұрыс десек, енді біріміз қарсы пікірдеміз. Әлбетте, екіжақты ойдың орын алғаны дұрыс. Бірақ қандай істе де артқа емес, алдыға қараған жөн. 
 Ал енді мұның түпкілікті мақсатын Елбасының өзі айқындап берді. Біріншіден, дүниежүзі қазақтарының ғылымын, білім-біліктілігін бір жүйеге келтіру, екіншіден, түркітілдес халықтардың басын біріктіру болып табылады. Дүниежүзінің 42 мемлекетіндегі қандастарымыз 42 түрлі ұғыммен кетіп бара жатыр. Олардың түпкі отаны Қазақстан екені даусыз. Ендеше, латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі болмақ, – деді ол. 
 Жиынның келесі сөзі топтың белді мүшесі Сағыныш Сабыржанқызына берілді. 
  – Жалпы, жаңғыру дегеннің өзі не? Мәселен, жолды жаңғыртудан өткізсек, жол тақтайдай түзуленеді, сапасы жақсарады, талапқа сай жаңарады. Ғимаратты жаңғыртсақ, сырланады, жаңа келбетке ие болады. Біздің маңайымыз өзгеріп жатыр, жаңарып жатыр, түрленіп жатыр дейік, ал өзіміз өзгердік пе? Сананы жаңғырту деген не? Оны қалай жаңғыртамыз? Ол өзі көзге көрінетін процесс пе? Міне, рухани жаңғыру осындай сұрақтардан басталуы керек.
 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы аса маңызды мәселенің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Бұл шешім – тарихи шешім, бүгінгі кезең – тарихи шақ, бұл әрекет – уақыт талабы, – деді ол.
 Латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсат – ұлттық тіліміздің ерекшеліктерін сақтай отырып, әлемдік даму үрдісіне төл әліпбиімізбен ілесу, жай ілесу емес, ілгері шығу. Оған қоса негізгі фактордың бірі – техниканы қолданудағы мүмкіндіктеріміздің артуы. Мысалы, ғалымдар ұсынған алғашқы нұсқа техника тіліне бейімделіп жасалғанымен лингвистикалық тұрғыда олқылықтары көп болды. Жалпы техникалық мүмкіндіктердің өзі ұлттық мүддеге жұмыс істеуі керек. Реформаның түпкі негізінің өзі де осы ойдан туындағандықтан көпшіліктің ой-пікірі ескерілген, әлдеқайда жетілдірілген екінші нұсқа да таныстырылды, қазір ол халық арасында қызу талқыланып жатыр.
 Халық «біз ғалым емеспіз» немесе «тіл маманы емеспіз» деп қарап отырған жоқ, немқұрайды кейіпте үнсіз қалған жоқ. Осы белсенділіктің өзі рухани жаңғырудың алғашқы сатыларына сенімді түрде аяқ басқанымызды білдіреді. Тағы бір айта кетерлігі, Латын әліпбиінің бір қазақты екіге бөлуі мүмкін емес. Себебі, Латын әліпбиінің ол біздің қанымызда бар дүние. Ал Ассамблея тарапынан бұл тұрғыда атқарылатын міндет өңірімізде тұратын этностарды жазу реформасына көшуге өз үлестерін қосуға шақыру, ел болып жұмылған жұдырықтай береке-бірлікте атқарып шығуға үндеу. Елбасының аталған бастамасы түбінде түркітілдес елдердің ортақ әліпбиін жасауға жеткізетін пайдалы бастама. 
 Осы тұста Черкасск ауылдық округінің тұрғындары арасынан көтерілген: «Латын қарпін кириллицамен шатастырып, қиналып қалмаймыз ба?» деген күдік, күмәнға толы сұрақтарға топ мүшелері дәйекті жауап қайтарды. Осындай сұрақтар Сарқан ауданының Алмалы ауылындағы Алмалы орта мектебінде, Абай ауылындағы орта мектепте және Сарқан гуманитарлық колледжінде өткен кездесу барысында да көптеп қойылды. Бірақ, топ мүшелерінінің анықтап айтып, жіктеп түсіндіруінің нәтижесінде көпшіліктің көкейінде жүрген күмән сейіліп, жаңа бастамаға батылдықпен атсалысу керектігіне жол ашылды.
Осындай ойды Ақсу ауданындағы Қ. Сатпаев атындағы мектеп-гимназиясының оқытушылары:
Біз осыған дейін латын әліпбиіне көшуді экономикалық, әлеуметтік, тағы да басқа тұрғыдан көп шығын әкелетін бастама деп түсініп келген едік. Міне, енді бұл қадамның Мәңгілік Ел болудың, әсіресе, жастарымыздың ел тізгінін мығым ұстап, әлемдегі өркениетті елдермен бәсекелесе алатын қуатқа жеткізетін күш болатынын сезіндік. Демек, Елбасының осы мұратын жүзеге асыру үшін ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылған жөн екен, – деп түйіндеді.
 Латын әліпбиіне көшу туралы облыстық ақпараттық-насихат тобының жұмысы алдағы уақытта облыстағы барлық аудан, қалада жалғасады. Демек, ол кезде де осындай ой бірлігінің орын аларына сенеміз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.
Ақсу, Сарқан аудандары.