Татулықты танытқан той

Уақыты: 18.10.2017
Оқылды: 1198
Бөлім: ТҮПСАНА

Жаркент іргесіндегі Өсек өзенінің жағалауында өңірде тұратын қандастар мен ауданның құрметті азаматтары бас қосып, «Туған жер аясында» атты шағын той өткізді. Өңірге әр жылдарда көшіп келіп, қоныстанған оралман ағайынның тұрмыс-тіршілігін саралап, жетістігін елге жеткізу және жергілікті халықпен ынтымақ-бірлігін, татулығын таныту мақсатында өткен мерекенің бастамашысы – осы ауданда тұратын қандастар.
Дала сахнасы жасалып, киіз үйлер тігілген тойдың басы ресми шарамен басталды. Жиында алдымен аудан оралмандарының ақсақалы Сахари Мұса баяндама жасады. Баяндамада Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері көшіп келген бір миллионға жуық шетелдік қазақтың 1550-ден астамы жазиралы Жаркент өңіріне қоныстанып, аудандағы қырықтан астам ұлт өкілімен қоян-қолтық өмір сүріп, тұрақты мекен тапқаны жан-жақты деректермен дәйектелді. Оралмандар арасында жергілікті биліктің алдына көлденең тартар мәселелер де жоқ емес. Олардың қатарында үй салатын жер теліміне қол жеткізу, егін салатын, мал өсіретін жайылым жайы, жастардың жұмысқа орналасуы айтылды. Сағынышпен елге келгенде ыстық құшағын жайып, кең қолтық пейіл танытып, бауырына басқан жергілікті халыққа деген ағайын алғысы да ерекше. «Бұл басқосудың басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған елдік жаңғыруды қолдап, қуаттаудың бір көрінісі», – деп түйіндеді қария сөзін.
Өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Бердәулет Абдулдаев мерекесіне берекесі негіз болған өңір халқының бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгімеге арқау ете отырып, баяндамада көрсетілген бірқатар мәселелердің орындалуы жедел ойластырылып, шешімін күткен жайттар заңды әкімшілік құзыретпен біртіндеп реттелетінін жеткізді. Панфилов ауданының Құрметті азаматы, қадірлі қария Сағымбек Ұшбаев та тойға жиналған қауымды қуаныштарымен құттықтады. 
 

М. Нұрсейіт.

Панфилов ауданы.