ҚАПАЛДАҒЫ ЕҢ КӨНЕ МЕШІТ ҚАЙТА ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ. КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕГІ

Уақыты: 17.09.2022
Оқылды: 1964
Бөлім: ТҮПСАНА

«Jetіsý» газетінде жарияланған «Қасиетті жерлер қашанғы қараусыз жатады?» тақырыбындағы мақалада Қапалдағы Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізіміне енген 3 нысанға назар аударылмай жатқаны жайлы дабыл қағылған еді. Сол жазбада талай тарихи оқиғаның куәсі болған, Кеңес кезеңінде бүлініп, тоқырау жылдарында қараусыз қалған «Қапал мешіті» туралы айтылған. Ел назарын аударған жағдай оң шешімін табатын болды. 1865-1867 жылдары татар саудагері Ғалиәкпар Сейфулмүліков қажының жеке қаржысымен бой көтерген ғибадат үйі қайта жаңғыртылмақ. Ғалиәкпар қажының ұрпақтары Димаш атамыздың жеке дәрігері болған Ахат Муликов, медицина саласында үлкен жетістіктерге жеткен Гариф Әминұлы және кәсіпкер Тахир Гарифұлының рұқсатымен жаңғырту жұмысын кәсіпкер Сабыр Қадырұлы және Ілияс Сабырұлы жүргізетін болды. «Алдын ала болжам бойынша қайта жаңғырту жұмысына 100 млн.теңгеден астам қаржы кетеді», – дейді бізге берген сұхбатында Сабыр Қадырұлы.

«Қапал мешітін» қайта жаңғыртуға қатысты бастама көтерген басқосуға алыс-жақыннан ел жүгін арқалап, ұрпақ болашағына үмітпен қарайтын азаматтар жиналды.

«Қапал мешіті» туралы ең алғаш жазба қалдырған Петр Семёнов-Тянь Шаньский Қапал өңірінің табиғаты жайлы айта келіп, осында қоныстанған мұсылмандарға мешіт-медресе үйі керектігін жазады. Оның осы ойын Тәнеке батыр бастаған ел асылдары құптап, 1866 жылы Ғалиәкпар қажының ұйымдастыруымен 92 ел ағасы Қапалда бас қосып, генерал-губернатор Герасим Колпаковскийге ұсыныс хат жолдайды. Бұл ұсынысты қолдаған генерал-губернатор Омбы қаласына барып, мешіт құрылысын жүргізуге қажетті құжаттарды реттеп, келесі жылы архитектор Никитин бастаған шеберлер құрылыс жұмысын қолға алады. Содан бергі бір жарым ғасырдағы аумалы-төкпелі оқиғалардың бәрін бастан өткерген мешіт бүлінсе де бүгінге жетті. Осы мешітті қайта жаңғыртамыз деп білек сыбанып кіріскен Сабыр Қадырұлы мен Ілияс Сабырұлының бес атасы да Меккеге барып, қажы атанған адамдар», – деп тарихтан сыр тарқатты өлкетанушы Жемісбек Толымбеков.

Мешіттің іргетасы таудан жеткізілген көгілдір кесек тастармен өріліп, қабырғасы қалыпта құйылған саз балшықпен қаланады. Ғибадат үйі 300 орынға арналған. Ұзақ жылдар халыққа үзіліссіз қызмет еткен мешіт 1918-1928 жылдары жабылып, мұнарасы қиратылады. 1991 жылға дейін қойма, асхана, дүкен, тағы да басқа мақсатқа пайдаланылып, тәуелсіздікпен бірге мешіт үйі болып қайта ашылады. Бірақ кейіннен түрлі себеппен қараусыз қалып, тозып, тоналды.

Ғалиәкпар қажының кіндігінен Ұлықпан, Сықтық, Хакім, Сұлтан атты 4 ұл тараған. Бүгінде өсіп, өнген әулетке айналып отыр. Аталарының қолының табы қалған тарихи нысанның қайтадан түлейтініне қажы ұрпақтары да қуанышты.

– Аталарымыздың осынау өлкенің тарихын түлетуге қосқан үлесін қашанда мақтанышпен еске алып отырамын. Айталық, Ғалиәкпар қажы атамыз – Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапарында бірге болған көпестерінің бірі. Мешіт құрылысы біткен соң 2 жылға Меккеге сапарға аттанады. Кейінгі кезде архив деректерінен атамыздың Меккеде қонақүй салып, қажылыққа барғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені жайлы деректер табылды. Кеңес одағы келіп, қажылыққа баруға тыйым салынған соң мешіт жұмысы да тоқтады. Студент кезімде бұл нысан қойма болатын. Жазғы демалыста ауылға келіп, зат тасушы болып уақытша жұмыс істеуші едік. Бір жылдары Ғалиәкпар қажы балаларына арнап салған үйге жөндеу жұмысы барысында жертөледен мешіттің төбесіне орнатылған жарты айды тауып алдық. Оны әкеміз қызыл белсенділер лақтырып тастаған жерінен тауып, жасырып қойған екен. Тәуелсіздік келіп, мешіт қайта ашылғанда оны мешіттің төбесіне қайта орнаттық, – дейді қажының ұрпағы Гариф Муликов.

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жобасы басталғанда нысан өңірлік маңызы бар нысандар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, мешіт үйі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының балансында тұр. Ендігі кезекте «Нысан қайта жаңғыртудан өткеннен кейін қандай мақсаттағы құрылысқа айналады?» деген сұраққа жұрттың көңілі ауғаны анық.

Бұл жайлы ауыл ақсақалы, «Матай-Бөрібай» қорының төрағасы Берікбол Қасымов: «Матай-Бөрібай» қорының бастамасымен ауданымызда бірқатар игі жұмыс атқарылуда. Алдағы уақытта Қызылорда облысындағы Төлегетай баба кешенін жөндеу жұмысына қолдау танытпақпыз. Міне, меценат Сабыр Қадырұлы отбасының қолдауымен тағы бір тарихи іс өз жүлгесін тапқанын көрдіңіздер. Жетісу өңірінде діни бағыттағы музей бар дегенді естімедім. Осы нысанды сол бағытта жұмыс жасатса деген ойым бар», – дейді.

Ал Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың айтуынша, қазір бұл нысанды медресе ретінде ашу, тарихи нысанға айналдыру, тағы да басқа ұсыныстар түсіп жатыр. Алдағы уақытта аудан әкімдігі, жергілікті тұрғындар, Ғалиәкпар қажының ұрпақтары және меценаттармен бірлесе отырып, бір шешімін шығарады.

Көпшілік бұл бастаманы Жаңа Қазақстанды құру жолындағы игілікті істің бірі деп қабылдағаны анық.

Қажет АНДАС

Қапал ауылы,

Ақсу ауданы,

Жетісу облысы