Жастар жаңғыруға дайын

Уақыты: 19.10.2017
Оқылды: 1596
Бөлім: ТҮПСАНА

Жамбыл аудандық спорт кешенінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Әлемдік үрдіске оң қадам» деген атпен жастар форумы өтті. Тың идеялар мен жаңашылдық сипатында ұйымдастырылған шара әр саладағы жастардың көптеп қатысуымен ерекшеленді.
Шараның басты мақсаты жаңа жаһандық жағдайдағы ел өмірінде іске асырылып жатқан Рухани жаңғырудың сан салалы бағыттарына барша жастарды тарту, белсенділіктерін арттыру, жаңаша көзқарас қалыптастыру, тың серпіліс беретін жетістіктер мен перспективалық бағыттарды саралау. Осы мақсатта аудан елді мекендерінен мыңдаған жас жаңа спорт нысанына жиналды. Арнайы шақырылған құрметті меймандар алдымен кешен ауласында қанат жайған көрмені аралап, білім, мәдениет, өнер, спорт саласында жастар қол жеткізген жетістіктермен танысты. Сол сәтте төбеден «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген жазуды желбірете шағын ұшақ екі айналып өтті. Ұшақ штурвалында Үмбетәлі ауылындағы «Ұлан» әуежайының спортшы-ұшқышы, спорт шебері, бірнеше мәрте әуе жарыстары жеңімпазы, капитан Нұрмұхамбет Әбдірахманов отырды. 
Стадиондағы ауқымды шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туын белсенді жастардың ортаға алып шығуымен басталды.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзінің құттықтау сөзінде жастарды сапалы біліммен, жұмыспен қамту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақыттары мен демалысын пайдалы өткізуді ұйымдастыру жайларын тілге тиек етті. Мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, спорт салаларында жетістіктерге жетіп, ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне, жастар саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысып жүрген бірнеше жасты Алғыс хатпен марапаттады. Грек-рим күресінен әлем чемпионы, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, облыстық мәслихат депутаты Жақсылық Үшкемпіров жастарға жігер берер жалынды сөзін арнап, спорт пен білім елдің даңқын асқақтататын күш екенін, ақындар мен батырлар елінен абыройлы азаматтардың өсіп шығатынына сенімді екенін, рухты ұл мен қылықты қыз әрдайым елін жерге қаратпай, Отан абыройын биіктетерін жеткізді. Белсенді жастар сөз алып, замандастарын уақыт талабына сай болуға шақырды. Бұл орайда аудандық мәслихат депутаты, Үлгілі ауылы ветеринарлық қосынының меңгерушісі Тұрар Батырбаев, жастар ресурстық орталығының жетекшісі Қымбат Байсариева, кәсіптік колледж студенті Григорий Клименко лебіз білдірді. 
Барабаншы 100 қыз бен Ту ұстаған 100 жігіттің салтанатты қимыл-қозғалыстары әсерлі болды. Ұзынағаш медициналық колледжі мен Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі студенттері флешмоб биін орындады. Біркелкі киінген мыңдаған көрермен-жас жиын барысында «Рухани жаңғыру» деген жазу түзіп, осы сөздің негізгі нышанына айналған қыран бейнесін шеберлікпен көрсетіп отырды.
Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты дамытуға үлес қосып жүргендер ауданда баршылық. Ортаға шыққан спортшылардың шеруі де ауданның кемел келешегінің келбетін елестеткендей әсер қалдырды. Бокс, еркін күрес, грек-рим күресі және басқа да спорт түрлерінен жүлделі орын алған жастардың атын ғана естіп қоймай, көпшілік олардың өздерін көріп, қошемет көрсетті. Ұзынағаш ауылында орналасқан  ҚР Ұлттық Ұланы Оңтүстік өңірі қолбасшылығына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің оркестрі саптық салтанатпен жүріп өтті. 
Шара соңында «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары көкөзектік жас дарын Елдос Үмбетәлиевтің «Жамбыл ауданы» әнін шырқады. Көкке бейбітшілік символы көгершіндер, қызылды-жасылды шарлар ұшырылды. Кешқұрым аспанды әдемі отшашу көмкерді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.