Өркениетке бастар жол

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1467
Бөлім: ТҮПСАНА
Қоғамның қызу талқысына түскен латын әліпбиіне көшу мәселесінің маңыздылығын түсіндіру мақсатымен жолға шыққан облыстық ақпараттық-насихаттық топ өкілдері бірнеше аудан жұртшылығымен жүздесті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілгендей, латын әліпбиін қалыптастырып, оған біртіндеп көшу жұмыстарына ел тұрғындары бейжай қарамауда. 
ТАЛҒАР АУДАНЫ. Жас ұрпақты оқытып, білім беріп отырған ұстаздардың ащы да болса айтары бары Талғар қаласындағы №7 мектеп-гимназияда өткен жиын барысында айқын аңғарылды. 
«Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – өркениетке апарар жол» атты талқылауға облыстық тілдерді дамыту  жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Айна Рахимова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің өкілі Бауыржан Сейітов және бір қауым ұстаздар мен өнер өкілдері, қала тұрғындары қатысты. 
Толғауы тоқсан тіл мәселесіне орай өткізілген шараны аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева тізгіндеді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының түпқазығы – қазақ жазуының латын қарпіндегі нұсқасына көшуі. Себебі, халқымызда «қыран құстың биікке самғап ұшуы үшін оған уақыт пен бап керек» деген даналық бар. Ал Елбасы елімізде жүргізілген экономикалық, саяси реформалардан кейін адамның санасын жаңғыртуына, рухани баюына ықпал ететін латын әліпбиіне көшуді ұсынып отыр. Жаңа әліпби, біріншіден, бүкіл түркітілдес мемлекеттердің басын біріктіруге ықпал етуі тиіс.  Ең бастысы, жаңа әліпбидің қабылдануы – қаншама жылдар бойы санаға сіңіп қалған отарсызданудың бір жолы. Кез келген адам сананы жаңғыртқан кезде өзінен бастау керек деп ойлаймыз, – деген Айдар Карбозұлы  бұл арада бүкіл қауымның әліпби жөнінде жұмыла жұмысқа кіріскені жөн екендігін баяндады. 
– Ақыры әліпбиімізді жасап, жазуымыздың болашағын ойлайды екенбіз, ол ешқандай қателігі жоқ, саяси-экономикалық тұрғыдан да, көз шалым, дыбыс сыйымдылығы тұрғысынан да тиімді,  қазақтың тілін өмір бойы тарихқа таңбалап жүретіндей жазу болуы керек. Біз сол үшін бүкіл жұмысымызды қалдырып, сіздердің  тың ұсыныс-пікірлеріңізді білейік және соларды тіл басқармасы арқылы құзыретті орындарға жеткізейік деп келдік, – деген Айна Маратқызы латын қарпіне көшудің тиімділігі мен маңыздылығы турасында жік-жігін тарқата айтып берді.
Келелі жиында ақын Жұматай Әміреев мемлекеттік тілді латын қарпіне көшірудің кезең-кезеңмен жүзеге асырылатындығын айтты. Сондықтан азаматтарға оны игерудің аса қиындық тудырмайтындығына, жаңа әліпбидің әлемдік ғылым және біліммен қарым-қатынаста болу үшін аса қажет екендігіне тоқталды.
Латын жазуын енгізу – бұл әліпбиді ауыстыруға ғана емес, ұлт болашағының мүддесіне қызмет ететіндігі де еске салынды. Дей тұрғанмен, білім саласындағы сан түрлі реформалардан қажыған ұстаздар жаңа әліпбиге көшудің қиындықсыз, кедергісіз болмайтындығын айта келіп, өзіндік пікірлерін білдірді. Қызу талқыға түскен тақырыпты арқау еткен жиында Талғар қаласындағы №3 орта мектептің мұғалімі Айнұр Момбек, Талғар политехникалық колледжінің мұғалімі Майраш Мұхамедиярова, №16 орта мектептің мұғалімі Жазира Жанәлі, ауданның Құрметті азаматы Найля Үмбетова, сондай-ақ, Кеңес Баймұханов пен Ғайса Рамазанов сынды өнер саласының өкілдері көкейкесті ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Латын қарпін оқып-үйрену мен балаға үйрету мүмкіндіктері жайлы да сұрақтар қойып, оған тұшымды жауаптар алды. Ақпараттық топ өкілдеріне қоғамдық пікір ескерілсе деген өтініштерін білдірді.   
Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын жұртшылыққа түсіндіру жөніндегі облыстық ақпараттық топ өкілдері бұл күні Талғар қаласымен қоса Тұздыбастау, Нұра, Панфилов ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, ортақ ой бөлісті.
ЖАМБЫЛ АУДАНЫ. Ақындар мен батырлар елі аталатын Жамбыл ауданындағы басқосу шалғай ауылдан басталды. Әуелі аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта жатқан Қазыбек бек бекетіне жол тартқан топ ауылдық Мәдениет үйінде ұстаздар мен оқушылар және ауыл тұрғындарымен жүздесті. Бұл басқосуда да облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев латын қарпіне көшу уақыт талабы екенін, ендеше заман көшіне ілесу үшін қазақ ұлысының жаңа кеңістікке ашылған жолы екенін айтып, сапардың мәні мен мағынасын атап өтті. Түркі жұртында «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген қанатты сөз бар. Осы ұстаныммен тіл маманы, жас ғалым, философия докторы Айна Маратқызы әңгіменің әлқиссасын жиналған қауымға сұрақ қоюдан бастады. «Бүгінге дейін қызу талқыланып, талас-тартыс туғызып жатқан латын графикасымен танысып шықтыңыздар ма? Біз ақыл айтқандай сөйлей бергеннен гөрі сіздердің ұсыныс-тілектеріңіз бен пікірлеріңізді тыңдап, ашық әңгіме құрайық», – деген өтініш сауалы жауапсыз қалды. Тіпті, мектептегі жоғары сынып оқушыларының алты айдан бері айтылып, соңғы екі айда қызу талқыланып жатқан латын қарпіне көшу жайлы әңгімеден хабарсыз кейіп танытқаны бәріміздің көңілімізге көлеңке түсірді. Қолдарына ұстаған заманауи қалта телефонының пернетақталарын басып, латын қарпі туралы сауал тастаса алдына жайып салатынын білмейді емес-ау, немқұрайдылықтың нәтижесі де баяғы. Әлемді алақандағыдай етіп көрсететін смартфондарынан құнсыз да қажеті шамалы дүниелерді көріп, уақыттарын өлтіріп жатқанын естеріне салуға тура келді. Дегенмен әңгіме қыза келе  мектеп басшылығы мен ауыл тұрғындары көңіл алаңдатқан сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Келесі кездесу Ақсеңгір ауылында жалғасты. Жалпы латын тілі мемлекет тарапынан қолға алынып, қабылданатын болғандықтан ғана емес, ұлтымыздың жаңа кезеңге қадам басу жолындағы тағдыршешті мәселесі деп түсініп, қолдау білдіретінін де жеткізіп жатты жиылған жұрт. Дәл осы тұста кириллицамен бірге жетектеспей, Қазақстанды мекендейтін барлық этнос өкілдерінің латын қарпіне көшкені дұрыс. «Аққу, шортан һәм шаяндай» жан-жаққа тартпай, болашағын осы елмен байланыстыратын барша қазақстандықтардың жаңа дәуірдің жаңалығын жатырқамай қарсы алуға шақырды. 
Облыстық тіл басқармасының ұйымдастыруымен іссапарға шыққан мамандар екі топқа бөлініп, бірнеше ауылды қамтуға бел шеше кіріскен. Бұл орайда бір топ Мыңбаев және Қарғалы, Қаракестек ауылдарында кездесулер өткізіп жатты. 
Аудандық кітапханадағы кездесуде де латын қарпіне көшу уақыт күттірмейтін негізгі тақырып екені айтылды. Қазақтың ақын қызына айналған Надежда Лушникова апамыз Алланың сөзі қасиетті Құран кәрімнің өзі қазақшаға да, орыс тіліне де кириллицамен аударылғанын, кезінде Ыбырай Алтынсариннің өзі осы қаріп үлгісін қолдағанын айта келіп, Елбасының көреген саясатының нәтижесіз болғаны жоқ, сондықтан біз қолдаушымыз деген пейіл білдірді. Жалпы дәл қазіргі уақытта қазақ қоғамы шешуші кезеңде тұр. Ол – мемлекет құраушы қазақ ұлтымен бірге өзге жұрт өкілдерінің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жаһандану толқынына жұтылып кетпей, жаңа заманға жаңаша қадам басу. Небір қилы кезең, қиын уақытты бастан кешірген ұлтымыз үшін бұл сын сағаттан да сүрінбей өту үшін береке-бірлік пен мұқалмас жігер керек.        
ҚАРАСАЙ АУДАНЫ. Жұртшылықпен жүздескен жұмыс тобы жұма күні Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласындағы аудандық кітапханада алқалы басқосу өткізіп, қоғамда қызу талқыланып жатқан жаңа бастама жөнінде өз ойларын ортаға салды.
 «Қазақстанның келешектегі кемел жазуы» атты көшпелі отырысты ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев алдымен Қазақстанда қолданыста болған әліпбилердің тарихынан сыр шертіп өткен. Жалпы, әліпби ауыстыру бізге жат емесі белгілі. Ислам өркениетімен бірге қолданысқа енген араб графикасына негізделген төте жазу әдісін пайдаланып келген еліміз кеңестік саясаттың салдарынан өткен ғасырдың 30-шы жылдары латын әліпбиіне көшірілгені аға буынның жадынан өшіріле қойған жоқ. Аз ғана уақыт аралығында бейтаныс әріптерді меңгеріп алған қоғам көп ұзамай кириллицаға бейімделуге тура келген. Қыран құстың самғауы үшін уақыт пен бап керек болса, Елбасының латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы да уақыттың еншісіндегі дүние. Яғни, қазақ тілінің аясын кеңейтіп, әрі қарай дамыту үшін заман талабынан туындаған жаңа бастаманы батыл жүзеге асырар кезең келді.
Күн тәртібіне қойылып отырған мәселе бойынша алғашқы болып сөз алған шаңырақ иесі – Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева латын әліпбиіне көшу бастамасының өзектілігіне тоқтала келіп, ақпараттық-насихат тобының жұмысына сәттілік тілеген. Ал, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Айсәуле Аманбаева «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі» тақырыбы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Біз бұған дейін Елбасының алдына латын қарпінің негізінде жасалынған қазақ әліпбиінің екі нұсқасы түскенін білеміз. Айсәуле Жантемірқызы осы ұсыныстардың жақсы-жаман жақтарына тоқтала келіп, институт қызметкерлері жасаған үшінші нұсқасы жайлы жан-жақты әңгімеледі. Осы институттың ғылыми қызметкері Жанар Жұмабаева жасаған баяндама да танымдық жағынан ерекше болғаны анық. Ол латын графикасындағы жаңа әліпбиге қатысты ғылыми тұжырымдарды ортаға салып, еліміздің рухани жаңғыруы, қазақ тілінің болашағы турасында тұшымды пікірлерімен бөліскен.
Жер жаннаты Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов «Латынға оралудағы келелі мәселелер» тақырыбына жан-жақты тоқталды. Сайлау Қажыбекұлының елімізде қолданыста болған әліпбилер турасында тарихтан тартып айтқан әңгімесі көңілге қонымды болғаны анық. Сол сияқты, І. Жансүгіров атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Айна Рахимованың «Ұлттық мүддеге ұмтылыс» тақырыбында жасаған баяндамасы да жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. 
Қазақстандай көпұлтты мемлекетте әліпби ауыстыру сияқты келелі бастаманы көп болып кеңесе шешкен абзал. Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай «Латын әліпбиіне көшу – алдағы міндеттердің бірегейі» деп аталатын баяндамасында ұлтаралық қатынастар сияқты нәзік мәселеде жан-жақты ойластыра отырып әрекет жасаудың маңыздылығына тоқтала келіп, латын графикасын пайдалану арқылы қоғам да, адам да жаңабір белеске көтерілетінін сенімді әңгімелеп берді. Ал, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің басын біріктіретін «Өлке тынысы» ЖШС-нің басшысы Мейрам Жанәділов  тың игеру кезінде қазақ жерінде ойнақ салған соқаның тілімен бірге тілінген ана тілімізді тұғырына қондыру үшін латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын тебірене айтты. Жиын барысында сөз алған «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев ақындық шабыттың арғымағына мініп, ұлттық рухты жаңғырту жолында сананың жаңаруы алғышарт екенін жыр жолдарымен түйіндеді.
Сөйлеушілердің барлығы жаңа әліпби қазіргі жазуымыздан мейлінше жетілдірілген, ыңғайлы болатынын, оған көшу арқылы өткен ғасырларда түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ баласының басын қосуға ықпал ететінін әңгіме өзегіне айналдырған. Бұл шара мұрағаттарда шаң басып жатқан латын әліпбиінде жазылған баға жетпес мұраларымызды зерттеуге мүмкіндік ашып қана қоймай, халықаралық ақпараттық кеңістікке шығуға, ғаламтор жүйесін еркін меңгеруге де жол ашатыны  сөз болды.
Түс ауа көшпелі отырыстың келелі жиыны жаңа Шамалған мен Ұмтыл ауылдық округтерінде  жалғасын тапты.
 
Ұлбосын Исабек,
Жұматай Оспанұлы,   
Қуат Қайранбаев, 
«Жетісудың» арнаулы тілшілері.