ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ БАСТЫ НЫШАНЫ ТІЛ ЕКЕНІН ӘЛІ ТҮСІНЕ АЛМАЙ КЕЛЕМІЗ

Уақыты: 26.12.2022
Оқылды: 2847
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлы қазақ даласында азаттық туы желбіреп, тәуелсіздіктің таңы атқанына 31 жыл болды. Оның бізге берген жемісі аз емес. Алайда біз, бүгінгі ұрпақ, Тәуелсіздіктің қадірін біліп жүрміз бе? Өкініштісі сол, ұлттың ұлт екенін дәлелдейтін, тәуелсіздіктің басты нышаны – тіл екенін әлі түсіне алмай келеміз.

Тәуелсіздік дегеніміз – ұрпағымыздың бақыты дейміз. Ешкімге жалтақтамайтын, азат ойлы, еркін, тәуелсіз буын өсіп келеді деп қуанамыз. Дегенмен айту бөлек те, оны көзбен көру, шынайы сезіну бір басқа.

Жуырда «Қазақстан аруы – 2022» байқауы өтті. Сұлулық байқауында бақ сынаған арулардың дені 16-24 жаста, яғни, 1998–2006  жылдары дүниеге келген, нағыз Тәуелсіз елдің өскіндері. Байқау жеңімпаздары не қазақ, не орыс емес, Мөңке би айтқан алашұбар тілде шүлдірлегенде «Бабалар аңсаған, тәуелсіз елдің болашағы осы ма?» - деп көңілге кірбің ұялағаны жасырын емес. Сондағы арудың айтқан уәжі – 11 жыл бойы қазақ тілінде білім алса да, орыс тілді ортада өсіп, тұрмыстық қарым-қатынаста ана тілін жиі қолданбағандықтан, жат тілде сөйлеп, жат тілінде ойлауға дағдыланып кеткен. Бұл бір ғана мысал. Аралас мектепте оқып, асфальтта өскен қала балаларының жағдайы осы.

Өз тілінде сөйлемейтін, сөйлей алмайтын адамды рухани мүгедек дейтін болсақ, аралас мектеп ашып «мүгедектер қоғамын» қолдан жасап жатқан жоқпыз ба? Олай дейтінім, елімізде аралас мектеп саны жыл санап артуда.

Белгілі абайтанушы, әде­биетші Мекемтас Мырзахметұлының: «Ара­лас мектептің көзін құртпай, мемлекеттік тіл­дің мерейін өсіреміз деу қармақсыз балық аулаумен бірдей», – деген сөзінің мәні терең.

Жуырда "Фейсбук" әлеуметтік желісінен журналист Камшат Тасболаттың: «Қазақ тілі «тілдер иерархиясының» жүздігінен шығып кетуі мүмкін бе?» - деген жазбасын оқыдым. Талай адамның көкейінде жүрген ойын дөп басып, ұлттық санаға сілкініс туғызатын бұл жазбаны барлық қазақ басылымдары көшіріп басып жатты.

Журналист өз жазбасында әлемдегі кеңінен қолданылатын тілдер жүздігінде көршілес өзбек, өзімізден 10 млн-ға аз әзірбайжан халқынан әлдеқайда төмен тұрғанымызды  көрсеткен.

«Бір өкініштісі, осыдан 10-12 жыл бұрын әлемдегі кеңінен қолданылатын тілдердің жүздігінде шамамен 70-ші орында болған қазақ тілі кейбір рейтингтерде 89 орынға сырғыған. Керісінше, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кеңінен дамуы тиіс тіл неге мұндай күйге түскен?!» - деп жазды ол.

Өткен ғасырларда ұлы қазақ даласында «Жесір дауы», «Жер дауын» жиі көтерілсе, қазіргі тәуелсіз қазақ елінде «Тіл дауы» белең алып тұр. Әсіресе, қоғамда үлкен резонанс туғызған аралас мектептерге қатысты дау-дамай, «Мухоряпов дауы» да елімізде тілдің қаншалықты ауыр да өзекті тақырып екенін, қоғамның екі тілге бөліну нышанын көрсетеді. Сондай-ақ, Камшат Тасболат Қазақ тілін қолдайтын халықаралық ұйым қажет деп, қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерде қазақ тілін көбірек насихаттау жөнінде ұсыныс айтады.

«Байқауымызша, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде Димаштың тыңдармандары мен фанаттары қазақ тілін интернет арқылы үйреніп жатыр. Неге осы үрдісті барынша қолдамасқа?» - дейді.

Мен бұл пікірге толықтай қосыламын. Соңғы кездері әлеуметтік желілерден өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде ән салып, қазақ тілінде түсірген бейне жазбаларын жиі көріп жүрміз. Өздерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлейтінін мақтанышпен жеткізетін отандастырымыздың қатарының  да көбейіп жатқандығы қуантады. Қазақ әндеріне  билеп, қосылып шырқап жататын өзге мемлекетте тұратын ұлттар да бар. Желі қолданушылары қазақ тіліндегі  ән мәтінің түсінбесе де оның өте әдемі тіл екендігін жарыса жазуда. 

Жасыратыны жоқ, қалай мақтансақ та қазақ тілі әлі қамқорлыққа зәру.

"Қазақ тілі ең бай, көркем тіл" деп құрғақ сөзбен айтып ана қоймай, оның қоғамдық ортадағы ықпалын көтеру әрқайсымыздың парызымыз екенін ұмытпайық. Әр қазақ, әрбір қазақстандық  кез келген ортада мемлекеттік тілде мақтаныш сезіміммен сөйлеуі тиіс. «Орыс мектептерінің білімі көш ілгері», «қазақ тілінде білім алу қиын» деген қасаң ойдан арылатын кез жетті. Мамандардың айтуынша, қазір барлық жерде орыстілді педагогтар тапшы. Соның салдарынан орыс тілінде білім беру сапасы біртіндеп төмендеуі мүмкін.

Балаларымызды, қазақ балабақшасы мен қазақ мектебіне беріп, отбасы мен ошақ қасында, қоғамдық ортада өз ана тілімізде сөйлеп, қазақ тіліне деген қажеттілікті арттырайық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын: «Ағылшын тілін ерте жастан оқытуға дайынбыз ба?» - деген мақала жаздым. Араға жылдар салып әріп танымайтын баланы бірден үш тілде оқытудың тиімсіз екендігіне ақыры көз жеткіздік. Бұл жөнінде министр Асхат Аймағамбетов: «Зерттеу мен сараптама жүргізе келе, 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін көрдік. Осы мәселе бойынша шешім қабылдап, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуға қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдымен өз тілінде оқып және жазып үлгереді. Екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі енгізіледі», – деді.

Сөйтіп, жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушыларын үш тілде оқыту алынып тасталды. Қазақ тілді мектептерде оқушылар орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқитын болды. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы да жетістігі де осы дер едім. Бұл шешімге барлық ата-аналар, оқушылар қуанбаса ренжіген жоқ. Өзім де, 1-сыныпқа баратын қызым үшін қатты қуандым.

Тәуелсіз елдің ұрпақтары алдымен өз ана тілінде білім алуы керек.

Тіл тірі ағза секілді. Жаңарып, толығып отыруы, мәңгі жасауы үшін оған ерекше күтім қажет. Өз тілімізді бағбандай аялайық.

Әйгерім ИЕБЕКОВА,

«Жетісу университеті» газетінің бас редакторы

Жетісу облысы