Сенсеңіз, сәуірдің 12 жұлдызы ғылыми қызметкерлер күні

Уақыты: 12.04.2023
Оқылды: 1093
Бөлім: ТҮПСАНА

Бүгін, сенсеңіз, ғылыми қызметкелер күні. Бәлкім, мерекелік кесте бойынша "шырамытарсыз", тіпті, жақсы жаттап алған болуыңыз да бек мүмкін. Ал оны сезіну жағы ше? Технократтанған ел болса елдегі ең ұлық, ең биік мереке болу тиіс күнде қазір ешкім ештеңе сезінбейтіндей. 

Мемлекеттік деңгейде жоғары дәрежеде аталып өтуі тиіс пе еді дейсің осындайда. Себебі, бұл мерекенің өзі ҚР Президентінің Жарлығымен 2011 жылы бекітіліп, 2012 жылдан бастап аталып келеді.

Алайда "аталып келеді" деген сөздің өзі дәтке қуат, сөзге сәл де дәйек қылған ақпар демесеңіз, ғылымға бір күн шынайы қолдау көрсетіліп тұрған жоқ. 

Көрсетілсе дейсің: қазақтың не бір эрудит ғұламасы, басы "бөтен" ғалымы шетке ағылып, ел ғылымының бір-бір кірпішін өздерімен ала кетер ме еді, кім білсін?!

Осындайда оймақтай ойдан асып істер қайырымыз болмағасын ғалым Асқар Жұмаділдаев көтеретін технократтанған елге айналу мәселесі, нақты сөзден іске көшу тақырыбына тіреліп қана тоқтаймыз. Өйткені, ғылым жайлы, оның мұң-зары жайлы ғалымнан асып тағы ештеңе айта алмаспыз.

Мерейлі күндегі қысқа ғана сөз ұстауымыздың мақсаты сол - көш түзелгенде көрікті той тойланса дейтін бір ниет қана әзірге. 

Айтпақшы, Қазақстандағы жоғары ғылыми ұйым болып Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы есептеледі. Ең сүйінерлігі де ол шаңырақ 1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен өз биігіне көтерілген. 

Бұл күн - қазақтың маңдайына Қаныш біткен күн тағы!

 

 

Қозыбай ҚҰРМАН.