Ербол ТІЛЕШОВ: "АЛЬБОМДЫ "ӘЛБӨМ" ДЕП ЖАЗАМЫЗ"

Уақыты: 10.11.2018
Оқылды: 2069
Бөлім: ТҮПСАНА

Талдықорғанда "Latyn álipbıi: tájirıbe, pikir" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Еліміздің тіл саласындағы зерттеуші  ғалымдары мен шетелдік жетекші университеттердің профессорлары қатысқан алқалы жиында қазақ тілі жазуын латын негізіндегі әліпбиге ауыстырудың өзекті мәселелері талқыланды.

Еліміздің және Түркия, Қырғызстан секілді мемлекеттердің белгілі ғалымдары қатысқан жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев баяндама жасайтындарды таныстырып, ғылыми-тәжірибелік конференция көтеріп отырған тақырыптың маңыздылығын атап өтті.

Мінберге кезекпен шыққан А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек, Түркиядағы Кыркшехир-Ахиевран университетінің профессоры Осман Қабадайы, Назарбаев университеті түркітану және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, АҚШ-тағы Винконсин университетінің профессоры Юлай Шамилұғлу, қырғыз ғалымы, Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы, профессор Қадірәлі Қоңқабаев, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Алдашова сынды мамандар латын әліпбиіне көшудің мемлекеттік тілге берер мүмкіндігін саралап, қазақ тілінде бар әуезділікті, үндестікті сақтауға ықпал ететінін мысалдармен таныстырды. Конференцияда латын әліпбиіне көшудің артықшылықтарына тоқталып, емле ережелеріне қатысты ұсыныс-пікірін білдірген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл–қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов:

- Сан жылдар бойы қазақ тілінде емле ережесін дайындау барысында шет тілінен енген сөздерді қатесіз жазуға мән берілді. Шет тілінен енген сөздер бізге орысша айтылымда келді. Яғни, орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде солай жазылуы тиіс болды. Бұл – кеңестік саясаттың салқыны. Бұл сөздердің көптігі соншалықты, олар тіліміздің кейбір заңдылықтарын, табиғатын бұзды, – деді.

Ғылыми орталықтың директоры өз сөзінде жаңа әліпби қазақ тілінің төл дыбыстарына мейлінше жақындатылғанын, мәселен, «альманах», «альбом» сөздерін «әлбөм», «әлманах» деп таңбаланатынын тілге тиек етті.

Тіл мамандарының айтуынша, қазіргідей ғаламдық жаһандану дәуірінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені, түркі халықтарының басын біріктірмеу мақсатында кеңестік идеология тілдік айырмашылықты арттыру үшін жазуға орфографиялық нақтылықты кіргізеді. Соның кесірінен түркі халықтарының өзара оңай түсінісетін тілінде өзгешелік пайда болып, бұрын ағайынды бауырдай болған елдер алыстап кете барды. Енді соның орнын толтыру үшін түркі халықтары бір әліпби қолдану керек. Оның үстіне қазіргідей технологиялық төңкеріс заманында компьютердегі, планшеттегі, телефондағы «жадылар» латын қарпінде жазылады. Осыған орай көптеген дәлел келтірген тіл мамандарының пікіріне қарағанда, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру процессі нақты талқылауды, мысалы анық дәлелді, бұлжытпас деректі қажет етеді. Сондықтан да бүгінгі конференция тәжірибе мен пікірге арналып отыр.

Тілдің әуезділігін, ұлттық реңкін сақтауға мүмкіндік беретін латын әліпбиі ономастика, сот жүйесі, прокуратура, әділет сынды құқық қорғау органдары мен халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді аса маңызды салалардың жұмысына да өз ықпалын тигізеді. Бұл туралы нақты мысалдар келтірген А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қыздархан Рысбергеннің айтуынша, жеке басты куәландыратын құжаттар беру кезінде бірқатар қиындықтар туындайды. Әсіресе, ұлты славян адамдардың атын, әкесінің есімін, фамилиясын жазу барысында кездесетін кедергілер шығуы мүмкін.

– Қазіргі кезде республикадағы құжат беруші орындар көптеген қиындықтарға тап болып, азаматтарымыздың аты-жөндері туу туралы куәлік, жеке куәліктерде кейбір жағдайларда бұрмаланып жазылып келеді. Әсіресе орыс тілінде транслитерацияланған есім-фамилияларда көптеген қателер кездеседі. Оның жүздеген, мыңдаған мысалын келтіруге болады, – деген филология ғылымдарының докторы, профессор Қыздархан Құрмашқызы кейбір кемшіліктерді түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, қазақ тілінің латын қарпінде таңбалануы тек әліпби ауыстыруда емес, тіліміздің төл табиғатын сақтап жазылуына да ықпал етеді. Жаңа әліпбиде есім түбірі сақталып, ұлттық болмысқа сай жазылып, айтылатын болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшуді кезең-кезеңімен, асықпай, әбден талқылап, қажетті нұсқасын дайындап барып бір-ақ кірісуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының алысты болжап, тереңді байқаған көрегендігін айтқан мамандар талқылаудың әлі де жалғасатынын ескертті. Осыған орай жиынға қатысушылардан қажетті сауалдар мен сұрақтар жолдауын сұраған ғалымдар ескертулер мен ұсыныстарды толықтырылатын латын әліпбиіне қосатынын атап өтті. Ғылыми-тәжірибелік конференция соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Түс ауа ғалымдар Текелі тұрғындарымен кездесіп, латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелерін талқылауды ары қарай жалғастырды.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕК

"Жетісу"