"СЕНЕ АЛМАЙМЫН, СЕНГІМ КЕЛМЕЙДІ": МЕЗГІЛСІЗ СӨНГЕН СӘУЛЕ-ҒҰМЫР

Уақыты: 01.05.2021
Оқылды: 2627
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қандай қиын... Індетпен күресіп, өмір мен өлімнің жанталасына түскен үміт сәулесі кенет сөнгеніне де сене алмаймын, сенгім келмейді. Тағдырдың талай тайталасында жеңістің дәмін сезінген, күш-жігері мықты, өмірге құштарлығы зор, қайсарлығы мен табандылығы мол Гүлекеңнің – Гүлжиян МАҒДАНҚЫЗЫНЫҢ демін әлемді жайлаған пәлекет пандемия үзді. Өкінішті... Ал бүгін Гүлекеңнің туған күні.

Сан алуан сүрлеу мен соқпақтан тұратын, небір керемет сыр мен мұңнан өрілетін, қуанышы мен бақыты қатар жүретін өмір деп аталатын үлкен сынақ бар. Сол жолдың қалтарысы мен бұрылысында, даңғылы мен ой-шұңқырында, еңісі мен өрінде сәтін салған бір күні жолыққан жандардың ішінен ізгіліктің нұрын шашып, жүрегіңнің түкпірінен орын алатыны болады.

Гүлжиян Мағданқызы Сүлейменова – мен үшін осындай жанның бірегейі еді. Бір қызығы, арман қуған жандардың басын қосатын Алматы бір-бірімізге таяу, тіпті кейде тым жақын жүрсек те біздерді кеш жолықтырды. Облыстың аудандары мен қаласында түрлі мемлекеттік қызмет атқарып жүрген Сүлейменованы облыстық «Жетісу» газетінде тапжылмай отыз жылдан астам еңбек еткен мен журналист ретінде сыртынан жақсы білетінмін. Талай жиналыста жүзбе-жүз кездескен де болармыз. Алайда екеуіміз де зейнетке шыққаннан кейін бірлесіп, «Кәсіпкер. Деловой мир» журналын шығара бастағанға дейін етене араласпадық (бұл туралы кейінірек).

Жас ерекшелігіміз екі жыл, мен кішімін. Ол Керекудің (Павлодар), мен Қызылжардың (Петропавлдың) қызымын. Жақсы көрген кездерінде «сестра» деп қоятын. Терістіктің жазынан қысы көп табиғатының мінезімізге салған біраз өрнегі ұқсас болатын. Гүлекең бес қыздың ішінде ерекше көрген, бауырына жатып өскен әкесінің қара қызы. Мен болсам алты қыздың ортасындағы әкемнің ұлға балап өсірген «еркекшорасымын». Басымыз қосылғанда бейне бір шешеміз болмаған жандардай тек майдангер әкеміз туралы небір әңгіме айтатынбыз. Әкесі өмірден 97 жасында өткен, біз де денсаулығына тым сергек қарайтын Гүлекеңнің сол жасты еңсеретініне шүбәсіз едік, амал қанша... Бір кем дүние!

«Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам әкемнің ұлындаймын» деген ел ауызында айтылып жүрген қарапайым қара өлеңнің екі жолы ойға еріксіз орала береді. Гүлжиян Мағданқызы дәл осы өлеңнің кейіпкеріндей еді. Шынымен де, қыз да болса ер-азаматтармен қатар жүріп, қиындығы мол, жауапкершілігі басым қызмет атқарған жан. Табиғаты сұлу Баянауылдың қасиетті топырағында кіндік қаны тамған Гүлекеңнің бойжеткен шағынан өмірінің соңына дейінгі уақыты жер жаннаты аталған Жетісу жерінде өтті. Жоғары оқу орнын тарих пәнінің мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болудан бастаған. Жұмысты ұйымдастыруы, талап-талғамымен көзге түскен Гүлжиян Мағданқызы мектеп директоры болып жүрген жерінен аудандық комсомол жастар ұйымына шақырылады. Осы сәттен құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін мемлекеттік қызметтің сан түрлі сатысынан өтті.

Гүлекеңнің есімін облыстық ішкі саясат басқармасына басшы болып келген кезінен жақынырақ біле бастадық. Облыстық идеологияның тізгінін ұстағандықтан бұқаралық ақпарат құралдарымен тікелей жұмыс істеді. Оған дейін облыстың бірнеше ауданы және Текелі қаласы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып, шарболаттай шыңдалған Гүлекең нағыз пісіп-жетілген кезінде облысқа келді. «Елбасының кіші Отаны» деп дәріптелетін, бір кездегі екі облыстың басын біріктірген, жүзден аса этнос өкілі тұратын аймақтың идеологиясын жүргізу де оңай емес екені айдан анық. Бірде желдің өтінде, бірде елдің шетінде шапқылап жүріп, тепсе темір үзетін азаматтармен қатар тұрып, еліне елеулі еңбек етті. Сонда басынан өткен қызықтары мен қиындықтарын еске алып айтып отыратын.

Кейде көңілі толқып, көзіне жас та алады. «Мен әкеме тартқанмын. Әкемнің қызымын ғой. Әкеммен кейде құрдасымдай қалжыңдасып кетсем, кейде сырласымдай ой бөлісемін. Анамыз кеткеннен кейін әкемнің қас-қабағына қарап, артымдағы сіңлілерімді жеткізем деп жүріп, өзім отбасын құруды ойламаппын да. Іні-сіңлілерімнің балалары «мама» десе, соған мәз болып жүре беріппін. Соларды жеткіздім. Оқыттым. Солар аман болсыншы», – деп толқынысын, қоламтаға айнала бастаған өкінішін басатын. Әңгімесін тыңдап отырып, Гүлекеңнің қайраткерлігіне, ер адамның да екісінің бірінің қолынан келе бермейтін өткірлігіне қайран қалатынмын. Жан-жағын қоршаған көпшілік бар бақытқа қол жеткізген, «ішкені алдында, ішпегені артында» болған жан деп бағамдайтын жанның жүрек түкпірінде орындалмаған бір арманы, өзіне ғана белгілі бір сыр жатқанын жобалайтынмын. Бір кем дүние!

* * *

... Жеңістер мен жеңілістен тұратын,
Тірлік-күрес.
Жеткізе ме мұратың.
Сол тірлікте керек екен бір адам
Жүрегіңді жақынырақ ұғатын.

Кездеріңде қиял аттан құлаған,
Кездеріңде қиянаттан жылаған.
Жұрт аяйды.
Бірақ сенің жаныңда,
Қалмайды ешкім.
Қалатыны бір адам,
– Күләш Ахметованың сен оқитын өлеңінен ғой.

"Шынымен солай екен", – деп сезімге берілгендей жүзі мұңайғанымен жанары нұр шаша отырып, Айды аспанға шығаратын әңгіме шетін тарқатты бір күні. Алғашында қалжың шығар дегеніммен, шынымен бел буғанына көзім жетіп, екіұдай күйге түстім. «Саған айтушы едім ғой. Сіңлілерімнің балалары «мама» дегеніне мәз болып жүріп, тұрмыс құруды да ойламаппын. Енді сол өкініштің орны толайын деп тұр. Өзім жақсы білетін, менің қадіріме жетіп, сыйлай алатын бір кісіге тұрмысқа шықпақшымын. Мен ел алдында жүрген адаммын ғой, ұрлық істегендей жасырып, тығылып емес, бойжеткен кезде кимеген той көйлекті кимесем де, ел қатарлы ағайын-туыс, дос-жаранымды шақырып, дүркіретіп той жасаймын. Елге жария етемін», – деді.

Алғашында не сенерімді, не сенбесімді білмегеніммен, Гүлекең айтса орындайтынына көзім жеткелі қашан, құптаудан басқа амал қалмағанын түсіндім. Сөйтіп, той күнін белгілеп, шақыру билетін жасап, Жетісудың жерінде, Талдықорғанның төрінде дүркіреген той өтті. Көрген де арманда, көрмеген де арманда болды. Бұл Гүлекеңнің мінезі: жалғыздықтың тар қауызынан шығудағы тәуекелшілдігі мен арманға жету жолындағы күрескерлігі, әйел бақытына қол жеткізуі еді.

«Айдың аппақ сәулесіне оранып, Мен бақытты бола салам бір күні», – дейтін әйел бейнесін көрсетті (Гүлнар Салықбай). Тойын қазақтың мақтанышына айналған тележүргізуші, өзін шеше деп құрметтеген марқұм Бейсен Құранбек пен «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары, Гүлекең бірде «балам», бірде «бауырым» деп еркелететін Жұматай Оспанұлы жүргізді. Рухани ағасына айналған, сыйластығы ешқашан суымаған қоғам қайраткері Серік Әбікенұлы Үмбетов бастаған ел ағалары көркін келтіріп, тарихта өтпеген ғаламат тойдың куәсі болып едік. Мұрат аға екеуі аз уақыт ішінде ұзақ жылдан бері бірге тұрып келе жатқандай үйлесімділік тауып, бақытты отбасына айналып шыға келді. Бір-бірін қалай сыйлап, құрметтегеніне куә болдық. Талай жылғы мемлекеттік-басшылық жұмыс қасаңдыққа, қаталдыққа бейімдегенімен жүрегінің түкпіріндегі нәзіктік, жан сұлулығы жар алдында әдемі әйел әлемінен сыр шертті. Еркеледі... назданды.

Мұрат аға да шынайы шырайлы сезіммен еркелете білді, құрмет тұтты, аялады. Көрген жан қызығатын, қызғанатын жұп еді. Амал қанша... Бір кем дүние!

* * *

Зейнетке шыққаннан кейін Гүлекең «Медиахолдинг Жетісу-Ақпарат» акционерлік қоғамына басшылық етті. Арада біраз уақыт өткеннен соң аталмыш мекеме жабылатын болып, оны тарату аяқталып, жұмыссыз күндер басталды. Қоғам өміріне етене араласып, облыстың ішкі-сыртқы жаңалығынан хабардар болып жүру табиғатына әбден сіңіп кеткен жанға бұл оңай болмады. Қоғамдық ұйымдардан болсын бір қызмет тауып берер деген үмітпен жоғарғы жаққа қарайлаумен жүрді. Қым-қуыт тіршіліктің қарбаласы ма, әлде көзден кеткен соң көңілден кететіннің бір дәлелі ме, енді ғана зейнетке шыққан күш-қуаты, білім-білігі, тәлім-тәжірибесі талай адамға жүк болатын Гүлжиян Мағданқызына «келе қалыңыз, мына жұмыс қолайлы болар» деген ешкім бола қоймады. Уақыт жылжып өте берді.

...Бір күні: «Гүлеке, жұмыс ұсынып жатса көрерсіз, қарап отырғанша бір журнал ашсақ қайтеді. Облыстың бүкіл әкім-қарарын танисыз, талай жерде басшылық қызмет атқардыңыз, баспасөзге жазылу кезінде сол беделіңіз көмекке келер. Мен болсам, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде отыз үш жыл істеген тәжірибем бар, журналдың мазмұнды, мағыналы болуын қамтамасыз етейін», – дедім. Сәл ойланып отырды да: «Сонда қандай журнал шығарамыз?» – деді. «Бүгінгі күннің негізгі де маңызды саласы адамдардың өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз етіп, кәсіппен айналысуы. Кәсіпкерлерді басты бағытқа алайық», – дедім. Екі көзі жайнап: «Бастайық», – деді.

Бұл 2015 жылдың желтоқсаны болатын. Гүлекең журналды тіркеу және тағы басқа ресми жұмыстарына, ал өзі ішкі саясат басқармасында жүргеннен бері қамқорлығына алған Ілескен Әлбатырұлы деген журналист жауапты хатшы болып, екеуміз наурыз айында шығатын алғашқы нөмір материалдарының дайындығына кірістік. «Кәсіпкер» журналының бірінші санының басты кейіпкері ретінде елімізге аты танымал, облыстағы маңдайы жарқыраған кәсіпкер, меценат азамат Бауыржан Оспановтан бастадық. Енді журналдың дизайнына келгенде бүкіл Талдықорғаннан іздеп, Татьяна Сорокинаны таптық. Өз ісін жақсы білетін маман бірден жоғары бағасын айтты, бір журналды беттеу – екі жүз мың теңге. Өте қымбат баға еді ол кезде. Келісті, бірақ сапа керектігін баса айтты Гүлекең. Журналдың түрлі түсті, қағазы да сапалы болу керектігін ортаға салды.

Осылайша бар-жоғы екі айда дайын болған журналды Алматыдағы «Print House GERONA» баспаханасына тапсырдық. «Jetіsý» мен «Огни Алатау» газеті журналистері мен суретшілерінің, танымал фотограф Жеңіс Ысқабайдың көмегі зор болғанын айта кеткен орынды. Осылайша 2016 жылдың наурызында қазақ баспасөз айдынына екі тілде шығатын арманы биік, мақсаты айқын жандарға арналған «Кәсіпкер» журналының алғашқы нөмірі шықты.

Талай жыл идеология саласында талмай еңбек еткен Гүлекең саясаттан тыс қалмау керектігін алға ұстап, журналдың алғашқы атына «Деловой мир» дегенді қосты. Енді журнал «Кәсіпкер. Деловой мир» деп шыға бастады. Гүлекең журналдың құрылтайшысы және Редакция алқасының төрайымы ретінде қызу жұмысқа кірісті. Жаңадан салынған Баспа үйінің екінші қабатында өзінің меншікті кабинеті болды. Облыстың барлық редактор-журналистерінің ортасында жүрді. Облыстық деңгейдегі жиналыс, түрлі шарадан қалған жоқ. Осылайша кеше ғана бел ортасында жүрген, өзінің жанына жақын қоғамдық өмірдің арнасына қайта түсті. Кездескен сәттерде: «Жанкүміс, журнал шығару сенің идеяң ғой, осынымыз қалай дұрыс болды», – деп ризашылығын да білдіріп отыратын.

Ең басты проблема – журналдың таралуы, яғни, оған жазылатын оқырман санын арттыру, әр нөмірдің басты кейіпкерін таңдауда Гүлекең өзінің барлық мүмкіндігі мен іскерлігін пайдаланды. Кабинетінде тапжылмай отырған емес, аудан-ауданды аралап іссапарға шығып, журналды насихаттаумен болды. Тіпті, баспаханаға жіберер алдында дайын болған беттердің орысша бөлігін жұбайы Мұрат аға, қазақшасын өзі бір оқып шығатын. Өйткені, қолына алған істің мінсіз болуына аса қатты мән беретін, газет-журнал сапасы ұжымдық еңбектің жемісі екенін жақсы білетін.

Гүлекеңнің беделі мен іскерлігі, шағын ұжымның өзара бір-бірін түсініп, ынтымақпен атқарған жұмысының нәтижесінде жыл сайын айтарлықтай таралыммен журналдың 52 нөмірі шықты. Сапалы, мазмұнды, алуан тақырыпты, түрлі түсті күйінен айнымай оқырман қолына жетті. Арман-ой, мақсат-мүдде көп еді, амал қанша... оның бәрін әлемге енген пандемия қас пен көздің арасында, ойламаған тұста тоқтатқан Гүлекеңнің жүрегімен бірге кетті. Ең болмаса әр нөмірі шыққан сайын қолына қуана ұстап отыратын журналының бір нөмірін қандай істе болсын шеберлігі, іскерлігімен, төңірегіне шашып жүрер жан шуағымен ерекшеленген Гүлжиян Мағданқызына арнағымыз келген ойымыз да жүзеге аспады. Бір кем дүние!

...«Тобықты елімен көршілес төлеңгіттен шыққан Меңаяқ би қайтыс болғанда, Абай жиналған елге қарап:

– Меңаяқ өзінің атын өзі алып жүре алатын адам еді, – дейді.

Азалы елдің бір үлкен адамы:

– Абай-ау, сен дана емес пе едің? Ол не дегенің?! Меңаяқ өз атының басын ғана емес, рулы елді билеген адам емес пе?! – дейді. Оған Абай:

– Елді билеуден АДАМНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ билеуі қиын. Жағдайы келгенге бақ көтеріп, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен ӨЗІН-ӨЗІ ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ содан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді», – дегенін жақында оқыдым. Қандай керемет сөз. Сізге қаратып айтса артық емес. Сіз де неше аудан, қалада, облыстық басқармада басшылық қызмет атқарып, қалың елдің ортасында, Елбасының алдында сөз сөйлеп, өзгеге жөн сілтеп жүрсеңіз де лауазымды тақтың буына балқымай ӨЗІҢІЗДІ-ӨЗІҢІЗ билеудің өнегесін, қазақ қызының ерлермен иық тірестіре жүріп еңбек етуінің үлгісін қалдырдыңыз. Абыройыңызға ешқашан селкеу түспеді.

...Сол күндердің бәрі естелікке айналып отыр. Өткен күнмен сөйлеу кімге болса да оңай емес. Екі дәуірді бастан кешіріп, кеңестік кезең мен тәуелсіздік алған халқының өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен Гүлжиян Мағданқызы 2020 жылдың 7 шілдесінде әлемді жайлаған пандемия салдарынан мәңгілік мекеніне кетті. Алла алдынан жарылқап, жұмақтан орын берсін. Тірілердің тілеуі осы ғана. Кенеттен сөнген сәуле-ғұмырдың елі үшін еткен еңбегін халқы ұмытпайтынына, көзкөргендері барда жақсылығы мен шапағаты айтыла беретініне сенім мол.

Жанкүміс ЖӘМЕҢКЕ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты