Абырой биігі немесе тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 2470
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады», – дейтін халық мақалында қаншама ой, тәлім-тәрбие, ұлағат жатыр. Адам болып өмірге келген әр пенденің тамырын тереңге тартып, қанатын кеңге жайғызар ұрпағы екені ақиқат. Десе де сол ұрпаққа жақсы тәрбие беріп, ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп, ынтымақ-бірлікке ұйыта білу, әрине, ата мен анаға артылған міндет пен парыз. Ал бұл аталған жауапкершіліктен басқа ауыр жүкті қос иығына артудан шаршамай жүрген қазақ азаматтары қаншама?! Мұндайда «Ер ел үшін туады» деген мақалды да басты назарға алсақ артық болмас. Біз айтқан ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы, ел ертеңі жолында аянбай қызмет етіп жүрген жетісулық азаматтар қатарын «Жерұйық-Талдықорған АӨК» ЖШС кәсіпорнының басшысы Ақшабай Керімбеков толықтырып жүр десек, қателеспесіміз анық. Ол – Кербұлақ ауданы мен Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, Қазақстан Фермерлер одағы облыстық филиалының басшысы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, тұғырлы отбасының қожасы, асыл жар, аяулы әке, мейірімді ата. Сондықтан да оның өмірінің КЕШЕГІСІ мен БҮГІНІН өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтуға тұрарлық. 

САҒЫНЫШТЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ
– ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҚАЙ ӨҢІРІН АЛЫП ҚАРАСАҚ ТА АҢЫЗҒА АЙНАЛМАҒАН ТҰС ТІПТІ АЗ. БӘРІ ҚАСТЕРЛІ ДЕ ҚАСИЕТТІ. ДЕСЕ ДЕ БАЛДАЙ ТӘТТІ БАЛАЛАҒЫМ МЕН САҒЫНЫШЫМНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫНА АЙНАЛҒАН ТУҒАН ЖЕРІМ КҮРЕҢБЕЛ ӨҢІРІНЕ, ОНЫҢ ТҰМСА ТАБИҒАТЫНА ЖЕТЕР ЖЕР, ҚАЗАҚТЫҢ КЕҢ-ДАРҚАН ДАЛАСЫНДАЙ БОЛҒАН АУЫЛДАСТАРЫМА ЖЕТЕР ЕШКІМ ЖОҚ. 
Ауыл дегенде жұдырықтай жүректің езіліп сала беретіні секілді бұл да біздің кейіпкеріміздің жүрек түкпірінен шыққан сағыныш сөзі. Кім де болса жалаңаяқ жүгіріп, доп қуған, асық ойнаған уайымсыз, қамсыз күндерін сағынышпен еске алатыны да заңдылық. Ақшабай Керімбеков әкесі мен анасының шексіз махаббатына бөленіп, ерте есейген, еңбекқор, елгезек, аса сезімтал бала болған. Ол шаңырақтағы он баланың тұңғышы. Дүйсенбек ақсақал мен София ананың тәрбиесін бойына сіңірген баланың зерек, тиянақты, бір сөздің иесі болмауына қақысы жоқ. Себебі, көпті көрген Дүйсенбек ақсақал өмірдің ағы мен қарасын, жақсысы мен жаманын ерте жастан баласының бойына сіңіре білді. Бүгінде үкілеген үмітін ақтаған перзенті кішкентай болса да жеткен жетістігі мен бағындырған белесін тек әке-шешесінің еңбегі деп біледі.
Ауылдастарының арасында сыйлы, беделді кісілердің ерке баласы ақылды  болатын. Бірде ойын баласы үйге кіріп келіп, бәдік сөз айтқанда төрде кітап оқып жатқан атасы «Тәйт!» деп бастан бір салғанын күні бүгінге дейін ұмытқан емес. Міне, әкенің қатқыл үні мен суық қабағынан сескенген бір үйдің еркесі ол сәттен бастап еркеліктің ауылынан ерте кеткеніне еш өкінбейді. Ауылдастары мен ұстаздарының, достары мен замандастарының мақтанышына айналып, көп баланың алды болғанына әкесі мен шешесі дән риза. Көзді ашып-жұмғанша мектеппен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басқан өрелі ұл  Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының агроном мамандығын ойдағыдай аяқтайды. Қызығы мен қуанышы мол студенттік шақтың тәтті дәмін әлі күнге дейін ұмытпаған Ақшабай аға сол күндерін сағынышпен еске алады. Әр өңірден жиналған білімді жастар пәтер жалдап, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүреді. Жырақта жүрген баласын күндіз-түні уайымдаған ана бар тәтті мен дәмдіні тамағынан өткізе алмай, барын арқалап Алматыға алып-ұшқан ана жүрегінің кеңдігі мен мейіріміне жетер ешқандай сезім жоқ қой шіркін?! Достары да тамақтың түр-түрін жасайтын София ананың дәмділерін тағатсыздана күтіп отыратын. Осылайша баласына жем тасыған қарлығаштай шырылдап жүрген ақ жүректі ана ұлы үшінші  курска көшкенде өмірден өтеді. Бұл бұғанағы бекіп, қанаты қатайып келе жатқан бозбалаға оңай тимегені анық. Көзінің ағы мен қарасындай болған перзентінің көптің алғысын арқалаған азамат болғанын, еңбек жолының алғашқы сатысынан бастап басшылық қызметке дейін көтерілген ұлының жетістігін көре алмағыны өкінішті. Не десек те бұл сынаққа толы өмір. Десе де асқаралы әке ана орнына ана да бола білді.

Қос шынарыма алғысым шексіз
– Әкем тұнып тұрған шежіре болатын. Жыр-дастандарды жатқа айтқанда көпшілік таңғалып, қайталап айтқызатын күндері де болған. Бір істі бастаса соңына жеткізбей қоймайтын. Мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде сөздің майын тамызатын. Мен ес білгелі үнемі: «Ұлым, әр ісіңе жауапкершілікпен қарағын. Артылған сенімге сызат түсіруші болма. Ең бірінші адам бол. Біліммен ғана керегеңнің кеңейетінін ұмытпа. Абыройлы бол. Қандай істі бастасаң да ынтаңмен беріліп атқарғын», – деп отыратын. Осы сөз күні бүгінге дейін менің жүрегімнің түкпірінде сақтаулы тұр. Мен үшін ең үлкен білім ордам – әкемнің мектебі еді. Ал қазақ әйеліне тән барлық асыл қасиетті тұла бойына жия білген анамдай жан өмірде жоқ. Ол кісінің берекелі дастарқанынан дәм татпаған жан кемде-кем. Берекелі шаңырақтың тазалығы мен бақытын еселеп отырған текті жерден шыққан жанның табаға қуырған сап-сары картобының дәмі қанша жыл өтсе де таңдайдан кеткен емес. Әкем би болмаса да, би түсетін үй болғаны маған да үлкен сабақ болды. Қос шынарым мәңгілік сағынышым болып жүректе сақталады. 

Жігіттің ТҮСІН емес, ІСІН айт
– ҚАШАНДА МАҚСАТ МҮМКІНДІКТЕН АРТЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК. СОНДА ҒАНА БҮГІНГІ ІСІҢ КЕШЕГІДЕН, ЕРТЕҢГІ ІСІҢ БҮГІНГІДЕН ЖАҚСЫ БОЛАРЫ ХАҚ. 
Бұл әр күнін тіпті, сағаты мен минутына дейін үнемдеп пайдалануды басты мақсат еткен Ақшабай Дүйсенбекұлының басты қағидасы. 
Бірде Төле биге сәлем бере келген шешен, батыр Шақшақ Жәнібек одан былай деп сұрайды:
– Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, үлгі алып билік құрайын ба?
Сонда Төле би?
– «Өгізді өрге салма, қанатың талар, наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ, ит жүгіртіп құс алсаң әуейі боларсың. Әйел алсаң көркіне қызықпа, тектіні ал. Мақтаншақ жігіт жисаң – ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса ата менен нарға күш, ел шетіне жау келсе батыр менен биге күш. Қарап отырғанша бір нәрсеге жарап отыр, ұлым», – деген екен. Осы сөздің бәріне лайық болып, бір іске емес, мың іске жарап жүрген біздің кейіпкердің әр ісі берекеге толы. Оның жемісін бүгінде тегіс жетісулық тұрғын көріп келеді десек, жаңсақ пікір бола қоймас. 
Бала Ақшабай оқушы болып жүрген кезінен-ақ еңбекке ерте араласты. Амангелді кеңшарының басшысы болған Нәукен Суанбайұлының тапсырмасымен жазғы демалыста «атқарушы» қызметті істеген. Баласын жаяу жүргізбес үшін әкесі моторлы велосипед алып берген. Міне, еңбектің дәмін ерте татқан жас бала бастық шақыртқан жұмысшыларға тезарада хабар беріп, аз да болса кеңшар жұмысына өз үлесін қоса білді. Кейін оқу бітіріп, жас маман атанған соң Жоламан ауылындағы «Сәмен» фирмасында еңбек жолын бастайды. Осы тұста аталған ауылда Нәукен Суанбайұлы басшылық қызмет атқарады. Енді басшы кешегі бала Ақшабайға емес, жалындап тұрған жас маман агроном Ақшабай Дүйсенбекұлын еңбекке араласуына себепкер болады. Жастық жалыны қайнап тұрған жігіттің Еңбек Ері атанған Федор Житниковтың мектебінен өтуінің өзі үлкен мәртебе болды. Араға бір жыл уақыт салып кеңшардың бас агрономы қызмет бабымен жұмысын ауыстырады. Оның қызметіне бірден-бір лайық деп Ақшабай Керімбеков танылып, міндетін атқарушы қызметін атқарады. Жауапкершілік пен еңбекқорлығының арқасында белді басшылардың көзіне түскен жас маманға артылған сенім жүгі де ауыр бола бастады. Әр ісін жеті рет өлшеп, бір рет кескен ол халықпен тығыз байланысты жұмыс істеді. «Ешкімнің ала жібін аттама. Адамды қорлама. Көпшілікпен біте қайнасып жұмыс істе», – деген бір ауыз әке сөзі өмір бойы сабақ болды.
Тынымсыз еңбек пен талпыныстың нәтижесінде ұжымшар мемлекетке 1973 жылы 1 млн. 200 пұт астық өткізген. Бұл өте үлкен жетістік. Бес жыл мақтанышпен жұмыс істеген білікті де білімді маман аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне ауысады. Бұл қызметтің жауапкершілігі бірнеше есеге көбейсе де жас жігіт еш қиналған емес. Әр жұмыстың көзін тауып, көппен бірге ұйымдасып, ақылдасып жұмыс істегенінің арқасында еңбек елеусіз қалмады. Уақыт ағымымен келетін аудандық кеңестің депутаты, аудандық комиссияның мүшесі қызметтерін қатар ала жүріп, халық игілігі жолында аянбай тер төкті. Араға екі жыл салып, «Сарыбұлық» асыл тұқымды қой шаруашылығына партия ұйымдастырушысы (парторг) қызметіне ауысады. Мұнда да өзінің іскерлік қабілетін таныта білді. Кейін «Сельхозхимия» бірлестігі ашылып, басшылық қызметке ауысады.  Сол қызметте жүргенде де мақтау, марапаттан кенде қалмады. Ептілігі мен іскерлігін байқаған басшылар Ақшабай Керімбековті «АПК Жаркент» жүк тасымалдау базына директорлық қызметке тағайындайды. Міне, ауылдан шыққан қара домалақ бала өз еңбегі мен күшіне сеніп, алатаудай асулар мен биік белестерді жастайынан бағындырып келді. 
Еңбекпен ғана тапқан нанның дәмді екенін о бастан-ақ сезінген Дүйсенбектің Ақшабайы балаларының болашағын ойлап, облыс орталығы Талдықорғанның құлдырап тұрған шағында алақандай қалаға қоныс аударады. Әр істен міндетті түрде нәтиже шығаратынын білген сол кездегі облыс басшысы Серік Шаяхметов пен бизнес саласына жауапты орынбасар Ибрагим Түктібайұлы бизнестің көзін тапқан Ақшабай Керімбековке мейрамхана ашу туралы ұсынысты жеткізген. Көп ойланбастан отбасылық бизнестің қазығын орталықтағы «Жетісу» мейрамханасына қаққанына ол еш өкінген емес. Ойына алғанына, алдына қойған мақсатына қол жеткізуде батылдығы мен тәуекеліне сүйенетін ол ескіні түзеуден, тозығы жеткенді жамап-жасқаудан емес, бәрін өз қолымен жасауды, жаңадан бастауды жөн көреді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс жұмыстарын ары қойғанда ондағы ыдыс-аяқ, тіпті, үстел үстіне жайылатын дастарқан да талғам мен танымнан, тәртіп пен тазалықтан сыр шертеді. Отбасылық бизнестің бастауы осылай қолға алынды. Бүгінде мейрамхана жұмысымен отбасының отанасы Ұлбай апай айналысуда. Көпті көрген, текті жерден шыққан қазақтың қайсар қызы жетісулық ақсақалдар мен ақжаулықты аналардың алғысына бөленіп, батасын алып жүргені көпшілікке аян. Мейрамхана жұмысын Ұлбай апайға өткізіп берген Ақшабай аға Үкіметтің арнайы шешімі бойынша 2006 жылдың желтоқсан айының басында «Жерұйық» коммуналдық базарына басшылық қызметке ауысады. Алғашында екіқабатты нысанда саудагерлерге айтарлықтай жағдай жасалмаған, тіпті қажетті көлемде тоңазытқыштар мен өнім сақтайтын камералар да болмаған. Десе де, осындай кемшіліктерге көз жұмып, жұмысты бірден бастап кеткенінің өзі іскер әрі тәжірибелі басшының қайсарлығын аңғартады. Халықтың сұранысына сай еңбек етудің тарам-тарам жолын меңгерген ол коммуналдық базардың ауласына арнайы комплекс құрып, онда температураны қалыпты сақтап тұратын жалпы сыйымдылығы 3 мың тонналық көкөніс, 400 тонналық жеміс-жидек қоймасы, 25 гектар жерді алып жатқан алма бағы, 4 мың 800 шаршы метр жылыжай кешенін жасаған. Сонымен қатар, әр сенбі сайын жылдың төрт мезгілінде жәрмеңке ұйымдастырылады. Оған облыс аумағындағы қалалар мен аудандардан тауарөндірушілер келіп, саудасын қызыдырады. Қалалықтар сапалы әрі таза өнімнен қорларын толықтырып, қуанып қайтқанын көз көріп келеді. Ал наубайхана, көкөніс өңдейтін, орап-қаптайтын, кеспе шығаратын цехтың өнімін облыс тұрғындары күнделікті тұрмыста қолданып келеді. Ақшабай Дүйсенбекұлының айтуынша, талдау нәтижесі көрсеткеніндей наубайханадан шыққан ас атасын бір күнде 5-7 мың қала тұрғындары тұтынып келеді. Бұл жақсылықтың нышаны емей немене?
Ақшабай аға адал еңбек пен маңдай тердің арқасында қандай да бір жетістікке жетіп отырса болдым-толдым демей, жан-жағына қарайлай жүреді. Тұрмыс тауқыметін тартып, алдына келгенді құралақан қайтарған жері жоқ. Жетім-жесірді жебеп, қолынан келген көмегін ұсынады. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасының балаларына мектепке қажетті киім-кешек әперіп, басқа да керек-жарағын үнемі түгендеп отыру оның қашаннан бері келе жатқан әдеті. Осындай азаматтығының арқасында ерен еңбегі еленіп Тәуелсіздіктің 10, 20 жылдығы кезінде кеудесіне жарқыраған медальдар тағылды. Ал «Ауылшаруашылығының үздігі» деген атақ та дер кезінде өз иесін таба білді. 

ҰСТАЗСЫЗ ШӘКІРТ ТҰЛ 
Ауылшаруашылық саласында жүргенімде бұл  қызметтің әдісі мен тәсілін аса құрметті Нәукен Суанбайұлынан үйрендім. Ол кісі тіпті қарапайым жұмысшымен қалай сөйлесу керектігіне дейін үйретті. Кейінге таман аудан басшылары Айтақын Алпысбаев, Мәжен Өнербекұлының қарамағында етене жақын араласып, жұмыс істедім. Олар менің бағытым мен бағдарымды бақылап, қажет жерде ақылдарын айтып, демеп қоятын. Талапшыл қос басшының тапсырған тапсырмаларын бір-екі күн бұрын орындап қою керек болатын. Мен осыған дағдыландым. Кейін өзімнің еңбек жолымда осы кісілердің жақсы қасиеттерін пайдалана білдім. Бұл мен үшін үлкен мектеп болғаны рас. Осы ұстаздарымның ақыл-кеңестерінің нәтижесінде құралақан қалған кезім болған емес. 

ЕКЕУ болсаң, БЕКЕМ боласың 
– КЕШЕГІ ТОМПИҒАН ҚАРА ҚЫЗ БҮГІНДЕ ШАҢЫРАҒЫМНЫҢ ШАТТЫҒЫ, АҒАЙЫН-ТУЫСЫМНЫҢ ЖАНАШЫРЫ, САЛИҚАЛЫ ҰРПАҒЫМНЫҢ АНАСЫ,  БАЛДАЙ ТӘТТІ НЕМЕРЕЛЕРІМНІҢ АПАСЫ.  
Шаңырақтың тұтқасы – отағасы. Түздегі сан алуан шаруа, ауыр жүк әрқашан үй егесінің иығына түседі. Азаматың АРЛЫ, қоршаған ортасына ҚАДІРЛІ, арзанды көріп АЗБАЙТЫН, қызылды көріп ТОЗБАЙТЫН, дәтіне БЕРІК, ЖІГЕРЛІ, ҰСТАМДЫ болып келсе, ЖАНЫП ТҰРҒАН БАҒЫҢ деген дана қазақ. Міне, осы аталған азаматтық болмысты бір бойына жия білген Ақшабай ағамыз бәйтеректей тамырын тереңге жайған отбасының тірегі. Шаңырақтағы береке мен бірліктің қаймақтай ұйып тұруы әрине, әйел затына тікелей байланысты екені ақиқат. Міне, бұл әулеттің туын биікке желбіретіп, үлкеннің алдын қия кесіп өтпеген, тіпті, оларға тіктеп те қарамаған ибалы, қайындарын Мырзажігіт, Төрежігіт, қайын сіңлілерін Еркежан, Бойжеткен деп ерекше құрметке бөлеп жүрген кешегі қазақ келіндерінің сарқыты болған Ұлбай апайымыз десек, қателеспесіміз анық. Кешегі Кеңес кезінде марксизм-ленинизм университетінде жас мамандардың партиялық білімін арттыру үшін арнайы оқу оқытылатын. Талай жас осы арадан өз теңін тауып, бақытты болғанын да кешегінің жастары жақсы біледі. Міне, осы кезде Қаратал кеңшарының жұмысшы комитетінде қызмет етіп жүрген белсенді, алғыр, зерек жанып тұрған бойжеткен де осы оқуға келеді. Бір күні сабақта бозбала бойжеткеннің суретін қағаз бетіне түсіріп, сыйға тартады. Оқудан басталған таныстықтың соңы шынайы сезімге ұласып, үлкендердің батасын алып, құда түседі. Содан бері қырық алтыншы көктемді олар бірге қарсы алып келе жатқан жайлары бар. 
Қазақта «Түскен келін жақсы болса, екі ауылдың арасы тақтайдай тегіс жол болады, ал әдепсіз болса, екі ауылдың арасы сор болады», – деген мәнді де мағыналы сөз бар. Екі ауылдың арасына алтын көпір орнатып, тақтайдай жол салған Ақшабай аға мен Ұлбай апай бүгінде асқар таудай әке мен аяулы ана, ардақты ата мен апа. Олар өмірде кездескен қиындықты бірге қасқайып тұрып күтіп алып, күліп шығарып салуға бейімделген. Үнемі біріне-бірі сүйеу, тірек бола білді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, балаларына саналы тәрбие беріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеуде олар кемшін қалған жоқ. Әке-шешенің осындай сыйластығы мен татулығын көріп өскен ұлы көреген жерден келін түсіріп, қыздары өрісін кеңейтіп мың жылдық құда мен құдағи деген атаққа жеткізді.
Әке салған сара жолмен жүріп, жаңылмаған Ақшабай аға өз балаларына да әке мектебінің білімін берді. Оларды ерте жастан еңбекке баулыды. Жауапкершілік пен сенімнің қаншалықты маңызды екенін ұқтырды. Ешкімнің ала жібін аттамауға тәрбиеледі. Ең бастысы, ӨМІРДЕН АДАМ БОЛЫП ӨТУДІ перзенттерінің бойына сіңірді. 
Әкесі мен шешесінің еселі еңбегін желге ұшырмаған жетелі ұл Әлібек Ақшабайұлы бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінде қызмет етсе, қызғалдақтай құлпырған қызы Роза Ақшабайқызы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мектебінде ұлағатты ұстаздық қызметті атқарып, қаншама шәкіртті қанаттандырды. Бүгінде сол шәкірттері ел болашағы жолында еңбек етіп келеді. Ал айдай керім Әйгерім Ақшабайқызы «Zepter» компаниясының аймақтық директоры қызметін абыроймен жүргізуде. Балаларының бәрі де әке мен ана салған дара жолмен жаңылмай жүріп келеді. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт та, байлық та жоқ шығар, сірә?!
Жалпы, ер-азаматқа тиесілі үш міндет бар. Ол –  отбасын құру, үй салу, ағаш отырғызу. Осыларды мінсіз атқарған біздің кейіпкер шаршаған уақытында дене шынықтырумен айналысып, шағын ауласына еккен ағаштарына қарап, жазда жемісін балалары мен немерелерінің аузына тосуды әдетке айналдырған. Қолы қалт етсе бар уақытын отбасына арнайды. 

ҰРПАҒЫММЕН ҰЛЫҚПЫН
Балаң өскенше, немерең өлгенше. Барлық іс-әрекетіміз немеренің келешегіне арналады. Немере көргеннен соң адам шөберені де армандайды екен. Үлкен немере жиенім Бақсұлтан төртінші сыныпта оқиды. Қазіргі бәріміздің көзқуанышымыз, немерелеріміз Бекжан, София, Айша, Айсұлтан, Жанель және кішкентай ғана тәттіміз бір жарым жастағы Әмірәли. Бәрі үйге келгенде аталап, апалап мойнымызға асылғанда жүрегіміз елжіреп сала береді. Міне, өмірдегі нағыз бақыт осы. Ал отбасымда осындай көңіл күй орнатып жүрген асыл жарымның еңбегі ерекше атап өткен жөн. Түсінігі, түйсігі бар әйел заты ешқашанда ер-азаматының намысын көпшіліктің көзінше аяққа таптамайды. Біздің арамызда да мұндай жағдайлар ешқашанда орын алып көрген жоқ. Аналарының осындай ақылдылығы мен байсалдылығы қыздарға үлгі. Тәубе, өмірде жар таңдаудан қателескен емес екенмін. Біздегі ендігі тілек – ЕЛІМІЗДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ, БАЛА-ШАҒАМНЫҢ АМАНДЫҒЫ.

P.S: АҒАЙЫН-ТУЫСТЫҢ ЖАНАШЫРЫ, АТ БАЙЛАР ТЕМІР ҚАЗЫҒЫ БОЛА БІЛГЕН, ҰЛЫН ҰЯҒА, ҚЫЗЫН ҚИЯҒА ҚОНДЫРҒАН ЖЕТІ НЕМЕРЕНІҢ АТАСЫ УАҚЫТ ЖЕЛІСІНЕН, ЗАМАН АҒЫМЫНАН ҚАЛМАЙ НАРЫҚТЫҢ ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН ТЕРЕҢ МЕҢГЕРІП, БӘСЕКЕНІҢ ҚЫЗҒАН УАҚЫТЫНДА КӘСІПКЕРЛІКТІҢ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРЫП ОННЫҢ ЖЕТЕУІНЕ ЖЕТКЕН ШАҒЫНДА ОСЫЛАЙША БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУІНІҢ ӨЗІ ҮЛКЕН БАҚЫТ. АЛДА ТАЛАЙ АСУ ҚОЛ БҰЛҒАП ТҰР. ӘРҚАШАН ЕЛ-ЖҰРТЫҢЫЗБЕН, ЖАҚЫНДАРЫҢЫЗБЕН, БАЛА-ШАҒАҢЫЗБЕН СОЛ АСУДЫҢ БИІГІНДЕ ЖҮРГЕЙСІЗ.


Көңілдің кеййбір сәттері

– Cізді жиі мазалайтын сұрақ
– Ертеңгі күніміз не болады деген сұрақ жиі ойымнан кетер емес. Болашақ не болады? Біз өз кезеңімізде жақсылы, жаманды өмір сүрдік. Кешегі күнді біреу мақтаса, екінші біреу даттап жатады. Не десек те әр кезеңнің өзіндік жақсылығы барын жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі таңда қаптап кеткен жемқорлықтың тамырына балта шабылса деп армандаймын. Өзім үшін емес, ертеңгі жас ұрпақтың болашағы баянды болса деймін. Қалай десек те, тәуелсіз елдің болашағын бірінші орынға қоюды әр адам өзінен бастаса жақсы болар еді. 

– НЕДЕН қорқасыз?
– Алла тағаланың аяқасты жіберетін қатерінен қорқамын. Жалынды жастардың мезгілсіз жарық дүниеден өтіп жатқаны жаныма батады. Мен он баланың үлкені болғандықтан, тәубе, менде іні де, келін де, қарындас та, күйеубала да бар. Құдай көп көрмесін. Солардың амандығын, елімнің тыныштығын тілеп, әр ісіме шүкіршілік етіп отыруды естен шығарған емеспін. Ең бастысы, амандық болса деймін. Қалғанының бәрін әр адам өз қолымен жасап алуына болады. 

– Әйелді қалай бағалау керек?
– ӘЙЕЛ – АЯУЛЫ АНА. ӘЙЕЛ – АРДАҚТЫ ӘПКЕ. ӘЙЕЛ – ҚАМҚОРШЫ ҚАРЫНДАС. ӘЙЕЛ – АСЫЛ ЖАР. ӘЙЕЛ – ҚЫЗҒАЛДАҚТАЙ ҚҰЛПЫРҒАН ҚЫЗ. Міне, осындай ардақты да асыл жандарға деген құрмет пен қошемет ең жоғары деңгейде атқарылуы тиіс. Барлығы махаббаттан, сыйластықтан басталуы керек. Мәселен, отбасындағы отағасы мен отанасы уақыт өте келе бір бүтін адамдай болып кетеді. Отбасындағы көп мәселе әйел адамына байланысты. Азаматын ардақтайтын, балаларына аналық махаббатын аямайтын асыл жандар аман болсын.

– Ақшадан тарыққан кезіңіз болды ма? 
– Әкем мен шешем мені ештеңеден тарықтырып өсірмеді. Бар тәттіні аузыма тосып, бар жақсыны үстіме ілді. Ол кісілердің еңбегін еш етпеуге тырысып бақтым. Еңбектің дәмін ерте татқандықтан болар, ақшадан тарылып көрген емеспін. Менің есіміме де байланысты шығар бәлкім. Әр балаға есім бергенде бір ырымға сүйенеді. Десе де, адал еңбекпен тапқан нәпақаның берекесі мол болады. Аз, мейлі көп болсын, берекесінен айырмасын Жартқан. Осы күніме де шүкір.

– Өмірде НЕ ҰТТЫҢЫЗ, НЕДЕН ҰТЫЛДЫҢЫЗ?
– Жалпы, өмірде көп ұтылған адам емеспін. Ер-азаматтың еншісіне бұйырған дүниенің барын алдым деп айта аламын. Бұл жерде байлық, дүние мәселесі емес. Адамгершілік, адами қасиеттер мен үшін бірінші кезекте. Осы күніме шексіз ризамын. Өмірім түбі тесік ыдысқа су құйғандай болып өткен жоқ. Аз да болса өз ортама сыйлы болғаныма қуаныштымын. Үлкен мектептен өткеніме, жақсы адамдармен қызметтес болғаныма қуанамын. Ұтқан тұстарымды зор мақтанышпен айта аламын. Мен үшін бірінші кезекте атақ, мансап, байлық емес. Олар өмірдің бір қажеттілігі ғана. Өмір жолымда кездескен жаны жайсаң жандардың көптігімен ұттым десем де болады. 

 

Еңлік КЕНЕБАЕВА.​