Жаны ауырғаннан жақсы шығарма туады

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1890
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Осы жыл әріптесіміз, облыстық «Жетісу» газеті спорт бөлімінің меңгерушісі, белгілі спорт шолушысы, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Ришад Тұрғанбаев үшін табысты болды. Алдымен Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері атанса, енді жаңа кітабы жарық көрді. Осыған орай Талдықорғандағы Тіл сарайында спорт саңлақтары жайлы «Намыс – жебе» жинағының тұсаукесері өтті.

Мақаланың тақырыбын «Жаны ауырғаннан жақсы шығарма туады» деп қоюымыз да бекер емес. Бұл облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікен ағамыздың «дөңгелек үстел» барысында айтқан ақжарма тілегі. Иә, спорт журналистикасына түрен салып жүрген ағамыздың әр мақаласының көтерген жүгі ауқымды. Оның спортқа деген жанашырлығын, ұлт намысын қорғап жүрген бейбіт заманның батырларын барын салып жазатындығын қаламы қарымды журналистің мақалаларынан анық аңғарасыз. Кешке жиналған қауым спорт журналистикасының жілігін шағып, майын ішкен журналистке құтты болсын айтып, ізгі тілектерін жеткізді. Кітаптың тұсауын жүз жылдық тарихы бар облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев кесті. 
Алғашқы сөзді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін алды.  
– Қазіргі таңда кітап жазып ешкімді таңғалдыра алмайсың. Біреулер он, он бес кітап шығарса, халық кеңінен танып жатқан кәсіби жазушылар үш-төрт кітаппен шектеліп жатыр. Кітап шығару науқанға айналып кеткен мына дәуірде жақсы кітап жазу қиынның-қиыны. Егерде кітаптың кейіпкерлері мықты болса,  онда керемет туындылар шығары хақ. Қазақтың Рухани жаңғыруына септігін тигізіп, Ришад інім секілді спорттың көкжиегін кеңейтіп, ұлт намысын қорғаған ақтаңгерлерді өскелең ұрпаққа танытып, жастардың спортпен шұғылдануына әсер етіп жатса, онда кітап оның оң жамбасына келгендігі. Менің айтпағым, автор осы жағын ұтымды пайдаланған. Бүгінгі «Намыс – жебе» кітабы айы оңынан туған, күні солынан шыққан шырайлы шығарма, – дей келе  Ришад Тұрғанбаевтың спортшылармен тек жұмыс барысында ғана емес, өмірде де тонның ішкі бауындай араласып, бауырдай сыйласып жүретіндігін атап өтті. 
Иә, «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер». Ришад ағамыздың кітабының тұсаукесерін алғаш болып каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов өткізген болатын. Тосынсый әрі кітаптың тұсаукесері ретінде шағын футболдан турнир ұйымдастырып, жомарттығын көрсетті. Бұл – өз саласының шебері атанған журналистің ерен еңбегі мен төккен терінің жемісі.
Келесі сөз кезегін облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев алып: «Бұл кітап – болашаққа, келер ұрпаққа үлкен тарих. Қазақ Туын көкте желбіреткен саңлақтарды жазу арқылы Ришад спортқа жаңа қадам басқан жастардың ел намысын асқақтатқан ағаларындай боламыз деп жігерленуіне жол ашады, – дей келе еңбегіне табыс  тілеп, келесі кітабының  шығуына қолдау көрсететінін айтты. 
Осыдан кейін «Өлке тынысы» ЖШС директоры, спорт журналисі Мейрам Жанәділов, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікен мен жазушы Есболат Айдабосын сөз алып, Ришадтың  спорт жанашыры, өз ісін кәсіпке айналдырған еңбексүйгіш екендігін тілге тиек етіп, әр шығармасын шырайлы жазатынын айтты. Сонымен қатар, еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, каратэден Әлем чемпионы Мерей Сүйінов сынды Ұлы Даланың ұландары ақжарма тілектерін ақтарды. 
Шара барысында Ришад Тұрғанбаевтың анасы кешке жиналғандарға алғысын білдіріп, баласының тырнақалды туындысының жарық көргеніне қуанышты екенін жеткізді.  Тағылымды кеш соңында зиялы қауымға алғысын білдірген автор жинақтың жарық көруіне демеушілік жасаған Нұржан Саятұлына шексіз ризашылығын айтып, иығына шапан жапты. 
Тағылымды шара өз кезегінде шағын футболдан өткен турнирге ұласты. Спортшылар, журналистер қауымы мен Ришад ағамыздың достарынан құралған команда ала допты ұршықша иіріп, дода көркін қыздырды. Қиындығы мен қызығы мол жұмыста жүріп, үнемі жазудан бас алмайтын жандар теңбіл допты тынбай теуіп бой жазып қалды. Сонымен қатар, спортшылар мен қаламгерлер бір-бірімен жақын достаса түсті. Әйтсе де, жеңіс тұғырының желкенін көтеру үшін әр команда барын салып өнер көрсетті. Ойын басталғаннан-ақ алма-кезек шабуылға шыққан командалар әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қарша боратқан соққыларымен танылды. 
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды спортшылардан құралған «ZHETYSU CHAMPIONS» командасы иеленсе, 2-орынды өңірлік коммуникация қызметкерлерінен құралған команда қанжығасына байлады. Ал, 3-орын облыстық «Жетісу» газетінің тілшілеріне бұйырды. Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубок, Мақтау қағаздарымен марапатталды. Үздік ойыншылар да марапаттан тыс қалмады. Турнирдің «Үздік қорғаушысы» болып облыстық «Жетісу» телеарнасының журналисі  Есболат Айдабосын, «Үздік шабуылшы» қалалық Талдықорған газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев, және «Ең үздік сұр мерген» белгілі фотограф Жеңіс Ысқабай атанды.

Айдар ҚАЛИЕВ.