Бойтұмарым

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1238
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Тарихтан білеміз. Тарихтың сарғыш тартқан парақтары санамызға талай рет құйған. Әлі де айта береді. Қазақ астанасыз болған емес. Замананың адуынды, азулы дауылдарымен алысып, күресіп жүрсек те бағыт сілтер бас шаһарымыз қай дәуірде де бой көтеріп отырды. Бас шаһардағы хан шатырынан күллі қазақтың қамына қарарлар шығып, қаулы, ұрандар естілген. Сәніміз бен салтанатымыз жарасып, абыройымыз асқақтаған, аспан тіреген. Қымбат құндылықтарымызды, бай мәдениетімізді, құнды дүниелерімізді жоғалтып тынуға асыққан талай дұшпанмен де дүр майдандастық. Әңгіме астана жайлы еді. Иек астындағы ғасырға көз тастап көрелік. Орынбор, Семей, Қызылорда, сосын бәрімізге мәлім – Алматы. Әрқайсысының тағдыры бар, салмағы бар, өткені бар. Ал бүгінгі астанамыз – Астана! Бар-жоғы жиырма жылда оның да тағдыры, салмағы, өткені түзілді. 
Егемендік алдық! Даралық пен дербестікке қол жеткіздік! Ақ түйенің қарны жарылып, айымыз оңынан туды! Сан ғасыр аңсатып, зарықтырған азаттық Құдіреттің қалауымен маңдайымызға бұйырды. Иә, халықтың бағына туған Нұрсұлтан ұлымызды ақ киізге орап, хан сайладық. Елбасы деп таныдық! Кемеңгер ұл ұлт сенімінің үдесінен шықты, үкілі үмітті ақтады. Баянды бастамаларды қолға алып, келешекке кемел жол салды. Әлбетте, Елбасының сарабдал саясатының арқасында! Өрлеу мен өркендеуге құлаш сермеген екпінімізді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы уақытша тоқыраудың тегеуріні де тоқтата алмады. Ұлт болашағы үшін Ұлы істер жасалып жатты. Солардың бірі – астанамыздың сайын Сарыарқаның төсіне көшуі. Байырғы Ақмола енді қаны қасиетті елдің астанасына айналды. Елімізге кірер бас қақпа болды.
Елбасының бұл игі бастамасы әбден пісіп, жетіліп, Күлтебенің басындағы ел ағаларының байыпты, пәтуалы кеңесінде сан мәрте талқыланған. Сондықтан да қолдауын тапты, сенім білдірдік. Өйткені, қабырғалы қазақ еркін жайлаған Арқаның төсін астана ету – ұлт мүддесі үшін маңызды еді. Бабалар білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған байтақ даланы ұрпаққа жеткізу – басты мақсат, мұрат болатын. 
Тәубе! Бәрі сәтті басталды. Оңтүстік астанамыздан Ақмолаға дейінгі Ұлы көш ұлт санасында үлкен сілкініс тудырды. Жарқын болашаққа асықтырды. Ел жігерін арттырды. Десе де...
Жұрт әрі-сәрі күйде-тін. Көкейде күмән, көңілде сенімсіздіктің болғаны жасырын емес. Тәуелсіздікпен қатар келген нарық заманы азат елді алқымынан алып, тізесін дірілдеткен. Сондай сәтте астананың Ақмолаға ауысуы бірлі-жарымымызға асығыс істей көрінген. Өйткені, Арқаның төсіндегі Ақмоланың бұл кездегі жағдайы аса мәз емес-тұғын. Бүгінде еркелей ағатын Есілдің жағасы тым жұпыны болатын. Қабырғалары сөгілуге жақын қалған шаһардың үйлері мен ғимараттары «Астана» тәжін иемденуге лайық еместей көрінді. Көше бойларындағы батпақ пен лай болашақ астананың келбетін қанша әспеттесе де сын көтертпейтіндей еді. Шығыстан соққан дауылы мен ақ түтек бораны, тәулік бойы жауғанда тобықтан асып, белге жететін қары, қысқасы, алты ай бойы арылмайтын аязы мен суығы астанаға біртүрлі жараспайтындай болған. Ақмоланың байырғы тұрғындары ше?.. Қатарын толықтырғандарға тосырқай қарады. Басталған іс қолдан келмейтіндей, егемендігін кеше алған мемлекетке қиын соғардай еді. Бірақ, «шешінген судан тайынбас». Бастама бағытынан таймады.  
Ұлы көш мәреге жетісімен су жаңа ғимараттардың іргесі қаланып, алғашқы әсем үйлер бой көтере бастады. Ілгерідегі қорқыныш пен күмән сейіліп, ерекше серпін пайда болды. Жаңа Астанамен бірге бас қаланың өрге ұмтылысымен күллі Қазақ елі де жаңарып, жасарып, бой түзеп, даму мен өрлеуге қадам басты...
Иә, жасару мен жаңару! жаңа Астанамен бірге! Жас шаһармен қатар! Өліарадағы күмән мен күдік өшуге айналды. Санада туған сілкініс еңбекке деген ерекше құлшыныс тудырды. Қадамын тәй-тәй басқан елорданың өркен жаюына ондағы азаматтар білек сыбана іске кірісті. 
Астананың әсемденуіне, кемелденуіне, қанатын кеңге сермеуіне еліміздің түкпір-түкпірінен келіп үлесін қосушылардың қатары күн санап көбейе түсті. Тіпті тәуелсіздігімізге, еркіндігімізге, бағытымызға ниеттес, дос, бейбіт мемлекеттердің қолынан іс келетін өкілдері аянбай тер төге білді. Олар Астана шаһарының әр кірпішін адал көңілмен, пәк тілекпен қалады. Ерке Есілдің қос қапталы көркем ғимараттармен толықты. Әдемілігімен көзді арбайтын нысандар пайда болды. Қаланың күретамыры іспеттес кең де тегіс көшелер шаһардың сәніне сән қосып, ажарландыра берді. Көне атаулар мен ұлттық нышандар Астананың әр тармағынан орын тауып, жаңғырып жатты. Осылайша, астанамыз ғажайып, көз қарықтырар шаһарға айналды. 
Рас. Бүгінгі Астананың келбеті көпті таңдай қақтырады. Шетелден елордамызды көруге арнайы келгендер әсем қаланың айшықтарына тамсанып қайтады. Көпшілік Астананың қонағы болуға асық. Тұрғыны болуды арман етеді. Әрбір қадамымызға, құлашымызға әлем көз тігіп, қимылымызды сүйсініп бақылап отыр. Зәулім сарайларымызда бүгінге дейін де халықаралық, әлемдік дәрежедегі талай жиындар мен басқосулар ұйымдастырылды. Оның бәрін жіпке тізбей-ақ, кешегі Астана Саммиті мен Ақ Азиаданы айтайық. ЭКСПО – 2017 ше?! Одан кейін де талай әлемдік басқосулардың алаңы болғанбыз. Олардың барлығы дерлік мәртебемізді биікке көтеріп, абыройымызды асқақтатты. Астана алдағы уақытта да маңызды, салмақты шаралардың ұйтқысы, куәсі бола беретініне сенім мол. 
Астана – қай елдің болмасын қақпасы іспетті. Біздің астанамыз өзімізді көптеген мемлекетке үлгі етті. Шүкір, жер бетіндегі ілгерілеп, дамыған алпауыт елдермен тереземіз тең, үзеңгі қағыстыруға қарым-қабілетіміз бен дәрменіміз жетеді. Халықаралық аренада беделіміз бар, орнымыз нық. Бейбітшілікті, татулықты, бірлікті сүйген халықпыз. 
Елорда – Елбасының қолтаңбасы. 
 
Асхат РАЙҚҰЛ.