Ескелді бидің ел есіндегі жеті қасиеті

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 5015
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына, сан ұрпақтың өсіп-өнуіне жағдай жасап, оны сақтап қалу жолында маңдай тері мен жанын пида етуді мақсат еткен тарихи тұлғаларымыз аз емес. Олардың арасында халқының тәуелсіздігі мен жұртының тыныштығы үшін «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған хан-сұлтандар,  халықтың қамын жеген би-шешендер, ақын-жыраулар, айлап ат үстінен түспеген, түсе қалса, тоқым төсеніп, ер жастанған батыр-баһадүрлер, сардар-қолбасшылар, руымен бірге у ішуден тайсалмаған елбасылары, жұрт ағалары, ақсақалдар, т.б. болды. Егер біз өткенімізге салауат айтып, бүгінге шүкіршілік етіп, болашаққа үкілі үмітпен қарар болсақ, онда ұлт нышаны: тілімізді, ділімізді, дінімізді ту етіп, ұрпақты-ұрпаққа аманаттап, аман жеткізген ата-бабаларымыздың, оларды түзу жолға бастап, бағыт-бағдар берген тарихи тұлғаларымыздың, ұлы қайраткерлеріміздің рухына бас иіп,  олардың ерен ерлігі мен есіл еңбегін ұлықтап, жас ұрпақтың санасына сіңіру басты мұратымыз болуға тиіс.  Міне, бүгінгі сөз күреспен өткен бүкіл саналы ғұмырын туған халқының тұтастығын, руластарының ынтымақ-бірлігін, ағайынның өзара татулығын сақтауға жұмсаған, ел амандығы үшін жанын қиюдан тайынбаған, биліктің шыңына шықса да әділдіктің ақ жолынан танбаған ұлық тұлғалардың бірі, ірі қоғам қайраткері Ескелді би Жылкелдіұлы туралы болмақ. 
Ескелдінің өмірі мен қызметіне қатысты ел арасында сақталған аңыз-әңгімелерді, өлең-жырларды, қария сөздерді барынша жинақтап, оларды саралап-салғастырып, ой елегінен өткізіп, зерде таразысында салмақтағанда, оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны мен тарихи тұлға – билерге тән асыл қасиеттердің бәрін айқын аңғаруға болады.  Біріншіден, ол – Жетісудағы ірі тайпалардың бірі Жалайырдың Сиыршы руының Тоқымбет деген беделді атасынан тараған Жаңғабылдың немересі, Жылкелдінің белбаласы. Ел әңгімелеріне қарағанда, Жаңғабыл әйгілі Төле бимен құдандалы болып, Ұланбике есімді қызын ұлы Жылкелдіге айттырған. Кейін немересі дүниеге келгенде бұрынғының жолымен ұлы биге ат қойғызып, бата сұраған. Тумысынан зерек болып туған Ескелді атасының жетегінде жүріп тәрбие алып, ауыл ақсақалдарының ақылдасу жиындарын,  рубасыларының алқалы кеңестерін тыңдап өскен. Ел ішінен шыққан парасат иелерінің ақыл-кеңесін,  ділмәр-шешендердің сөз жүйесін, білікті билерден үзілмей келе жатқан жөн-жосық, ата жолын, уәж, пәтуә, бітім, келісім, шешім, үкім, кесім сияқты билік ұстанымдарын үйренді, жадына жаттады. Жастық шағының кейбір сәттерін нағашысы Төле бидің ауылында өткізіп, мемлекеттік, ұлттық мәселелерді қозғаған мәслихаттарға, құрылтайларға, ірі дау-жанжалдарды қарастырған  топтар мен  кеңестерге қатысуға мүмкіндік алды. 
Сол тұстағы қазақтың  зиялы қауымымен, тарихи тұлғаларымен жүздесіп, сөздеріне қанығып, көргенін көкейіне тоқыды. Кейде өзі де араласып, ұтымды жерде ұпайын жібермей дауға да қатысып отырды. Көргенінен көрегендігі басым Төле би баланың іс-әрекеті мен сөзінен келешегін барлап, екі мәрте батасын беріп, билік жолында тілекші болды. Бұл – қазақ билерінің мыңынан біріне ғана берілетін тағдырдың сыйы еді. Ескелді кейін жас болса да дауға араласты, әділдігімен әккі билерді таңдандырды. Сөйтіп, қазақ қоғамында сирек те болса кездесетін «Бала билердің»  қатарынан орын алды. 
Ел ішінде Ескелдінің тапқырлығына, зеректігіне, жастай билікке араласуына байланысты аңыз-әңгіме, өлең-жырлар аз  сақталмаған. Соның бірінде Ескелдінің алғашқы биілігінің бірі сөз болады. Ескелдінің бала кезінде әкесінің бір үйір қысырағы қолды болыпты. Араға жылдар өтіп бір елде той өтіп, балуандар күресіп, аттар бәйгеге қосылады. Ескелді сол бәйгеден озып келген атты көріп тұрып, оның әлгі жоғалған үйірдегі күрең биенің тұқымы екендігін айтып, дау қуады. Ат иесі де ант ішіп, өзінің төл малы екендігін дәлелдеп бағады. Ақыры екеуі Төле биге келіп жүгінеді. Абыз қарт екеуін бір күн қонақ етіп күтіп, келесі күні өріске өрген отардан үш қой алып қалып, Ескелдіге көгендегі көп қозының арасынан әлгі қойлардың төлін тауып, бауырына салуын бұйырады. Ол көгенге барып алдымен егіз қозы әкеліп бір қойдың бауырына салады, кейін тағы екі қозы қолтықтап келіп қалған қойларға салады. Қойлар жатсынбай емізіп кетеді. Көріп тұрған жұрт таңырқап, атты малданған жігіт кінәсін мойнына алады. Сонда Төле би тұрып даудың билігін Ескелдінің өзіне береді. Сонда жас өрен: «Мен мал іздеп жүргенім жоқ. Ол менен кеткен мал ғой. Іздемеймін де, ол өзіне құт болсын. Маған мына таныған атымды әперсеңіз болды»,– деп дау түйінін шешіпті.  
Екішіден, ХVІІІ ғасырдың өзге ірі билері  секілді Ескелді де ел басына күн туған сәттерде руластарынан жасақ құрып, оларға басшылық етіп, туған жер мен елдің тұстастығын сақтап қалуға атсалысты. Талай жекпе-жектерде қарсы келген жауынан күш-қайраты мен жігері үстем болып,  жеңіске жетіп отырды. Ол Жетісу өлкесіндегі қазақ-жоңғар соғыстарының көбіне қатысып, әсіресе Іле-Бақанаста, Қапалда, Текелі тауында, Үштөбе мен Шымылдық қарағайда өткен шайқастарда көзсіз ерлік көрсетіп, жорық жолдарында ұйымдастырушы, қолбасшылық қырларымен де танымал болды. Жұрт жадында жатталып қалған аңыздарда Ескелдінің жаужүрек батырлығымен қоса әскери істің шебері, соғыстың әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген, қабілетті қолбасшы ретіндегі тұлғасы жан-жақты баяндалады. Үштөбедегі алғаш жекпе-жегінде жаудың Долонхор батырын жер жастандырса, Іле бойындағы Лаузан-Шонаның түменімен болған соғыстағы жекеде  қалмақтың жеті батырының басын қанжығасына байлайды. Жетісу батырларының сапында, әсіресе рулас Балпық би, Қабан (Қаблиса) жырауменен үзеңгілес жүріп күрескен Ескелді батыр жоңғарлар толық күйреп, шекара ауғанға дейін қолынан найзасы, белінен қылышы түспей ат үстінде жүрді.
Үшіншіден, Ескелдіні өзге билерден,  рубасылары мен батырлардан ерекшелеп, оқшаулап тұратын тағы бір қыры – туыстарының, етене жақын ру-тайпаластарының келешегін ойлауы, оларды Сыр бойынан бастап жау тырнағынан босай бастаған атамекен, ата-бабалардың кіндік қаны тамған Жетісуға аман жеткізуі, замандастары Балпық, Қабан, Жолбарыс билермен бірігіп он екі ата Жалайырды алаламай әділдікпен қоныс бөліп беруі. Бұл да әйгілі Асанқайғы абыздың жөн-жосығымен еліне жайлы қоныс іздеген ұлы көштердің бірі еді. Белгілі фольклортанушы Ә.Диваевтың айтуынша Жетісу жұртын: «Үйсіннен Қасқарау Өтеген батыр, Суаннан Қараекенің баласы Дәулет, Жалайырдан Ескелді, Сыпатай,Байқоңыр батыр бесеуі жерге бастап алып келді».
Ел аузындағы бір әңгімеде Ескелді қасына жолсерік етіп Балпықты, Қабылиса мен Қоғыл көріпкелді ертіп  жер шолуға шығыпты делінеді. Түс мезетінде Қараталға жетіп, жан-жағын ағаштар мен көк шалғын көмкерген өзеннің суына жуынып-шайынып, жан рахатына бөленіпті. Сонда Жетісудың осы бір жерұйығына тамсанған Ескелді би: «Па, шіркін, жер деп осыны айтсаңшы! Шеңгелі үйдей, қояны қойдай, балығы тайдай тулап жатыр. Жағасы жайдақ өзеннің жетім менен жесірлерге беретін нәсібі де мол ғой, – депті де атына мініп, берекелі өзенді әрлі-берлі кешіп өткен көрінеді. Бұл бүгінге дейін сақталып, жұрт кәдесіне жарап жатқан «Ескелді өткелінің» тарихы. 
Төртіншіден, Ескелді  өзіне тән Сиыршы руының ғана емес, он екі ата Жалайыр тайпасының, тіпті Абақ пен Тарақтан өрбіген иісі Үйсіннің, қала берді бүкіл Ұлы жүздің қабырғалы билерінің бірі. Сондықтан ол рубасы ретінде өз жұртының күнделікті тіршілігіне, тұрмыс-әлеуетіне, әлеуметтік жағдайына, құқықтық жағынан қорғалуына жауапты болды. Әсіресе, ел ішіндегі қылмыстық іс-әрекеттерді, дау-дамайды реттеуде,  ағайын арасындағы, болмаса рулық мәселелерді шешуде  біліктілігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен, тура жолдан таймайтын адалдығымен танылды. Ескелдінің билігіне қатысты аңыздардың  көбінде ол айыпкерді, даугер мен құныкерді  бір-бірімен бейбіт түрде бітістіруге тырысып, үлкен руаралық  жанжалдардың алдын алып отырғандығын аңғаруға болады. Ол дауды қарау үрдісінде айыпкерді мойындатудың далалық үлгілерін мейлінше шебер пайдаланып, қылмысты бұлтартпас айғақтармен дәлелдеуге тырысқан. Мысалы, бірде екі адам бір атаншаға дауласып, иесін анықтап беруді сұрағанда, екеуіне де оның енесін алдырып, екі жерге байлатады. Жұрт алдында әлгі атаншаның тақымына қыл бұрау салып бақыртқанда, анық енесі бұйдасын үзіп, төліне қарай ұмтылса, қатысы жоқ екіншісі күйсеп тұра беріпті. Кінәлі амалсыз ұрлығын мойындап, ел бидің қисынды дәлеліне таңырқаған екен. 
Екінші жолы бір сәбиге екі әйел таласып, дауласқанда Ескелді  екі жақты байыппен тыңдап, ақыры түйіні шешілмеген соң ішкі сезіктеріне барлау жасап (психикалық сараптау), баланы қылышпен шауып, екеуіне қақ бөліп беретінін айтады. Сонда баланы шын туған әйел оның амандығын тілесе, иемденіп кеткен әйел тірідей айырылғысы келмей, бидің кесіміне мойынсынады. Екі әйелдің арасындағы психологиялық тартысты терең сезінген Ескелді баланың өліміне бейжай қараған адамды кінәлі деп тауып, оны туған шешесіне қайтарып беруге шешім шығарады. Бұл мотивтің төркіні сонау Сүлеймен пайғамбардың заманындағы осы мазмұндас оқиғамен орайласады. Кейін бұл сарын «Сүлейменнің соты» деген айдармен  «Інжілге» енгізілген. Қазақ халқы да әлемнің өзге жұрттары сияқты осынау көне сарынды жадтан- жатқа ауыстырып, бойына сіңіріп, билік үдерісіне пайдаланып келгенін көреміз. Әсіресе, бүгіндері Төле би, Қаздауысты Қазыбек, болмаса Ескелді айтты деген  сөздер жүздеген жыл ауыздан-ауызға тарап келгені белгілі. Алайда қазақ билері бұл сарынды  кесім алдындағы тергеуде  айғақты дәлел таппаған жағдайда айыпкерді бұлтартпаудың тәсілі ретінде пайдаланып отырған. Оған «Әділ төрелік» деген аңызда аталған көне оқиғаны Ескелдінің аузына салып, кейін Төле би шеше алмаған дауды оның үлгісінде аяқтап, кінәлі әйел жазаланады. 
Бесіншіден, Ескелді ауылдық, рулық, тайпалық деңгейлердегі дауларды шешуде бұлтартпас айғақтарды, қисынды дәлелдерді көркем ой мен шешен тілмен ұштастырып, байламды, кесімді тұжырымдарын бейнелі, кестелі тіркестермен, мақал-мәтелдермен, нақыл сөздермен, өлең-жыр үлгісімен жеткізіп отырған. Ол шаршы топ алдында, ел мәселелерін көтерген тартыстарда түйіні шиеленіскен дауды екі-ақ ауыз сөзбен шешетін жүйрік тілді шешендігімен де ерекшеленді. Сондықтан ел арасында Ескелді айтыпты деген сөздерде шешендік дау да, шешендік арнау да, шешендік толғауда да кездеседі.  Бірде Сарыүйсіннің атақты Сары биі жер дауымен келіп, Ескелдінің үйінен түстеніпті. Қолын шайып, ұсынылған сүлгінің ортасынан ұстап, сүртініп, ұзақ тұрып қалыпты. Сонда себебін сұраған Ескелдіге қарап: «Бір мәні болғаны ғой. Түсінсеңіз түсінерсіз, түсінбесеңіз көрерсіз», – депті. Ескелді бір мырс етіп: «Шетінен сүртінсеңіз, «бірігіп ел боламыз» дегеніңіз еді. Екі ұшына сүртінсеңіз, «еліңді екі бөлемін» дегеніңіз еді. Ортасына сүрттіңіз, «ортаңды қақ жарып, қоныс аламын» дегеніңіз ғой. Асқақ ойлап, астамшылыққа ұрынсаңыз, ел обалы мойныңызда»,– дейді. Осы аталы сөзге тоқталған Сары би елін Іледен өткізіп, Алатау баурайына көшіп кеткен көрінеді. Сондай-ақ Ескелдінің соңында қалған  мұралардың арасынан «Бақ пен дәулет тең келсе, Адамның толар кемелі», «Сабыр – ақыл серігі», «Ел қонбаса – жер азады, Жер болмаса – ел азады», «Абыройды төккенің – кісіліктен кеткенің», «Дұшпаным өзімнен зерек болғай» сияқты т.б. мәтелдер мен нақыл сөздерді мол ұшырастыруға болады. 
Алтыншыдан, сол кезеңдегі өзге де билер сияқты Ескелді де жыраулық, әулие-көріпкелдік қасиеттерден кенде болмаған. Жаугершілік замандарда, әсіресе ХV-ХVІІІ ғасырлар аралығында халықты жауға қарсы күреске жұмылдырып, елдікке, ерлікке, отансүйгіштікке үндеуші басты идеологтардың қатарындағы жыраулардың көпшілігі бидің де қызметін атқарса, қазақ тарихында із қалдырған билердің де ақындық, жыраулық қасиеттері басым болғаны баршаға мәлім. Сондықтан бұл үдерістен Ескелдің де сырт қалмағаны – заңдылық. Онымен үзеңгілес жүріп, ХVІІІ ғасырдағы ел басына күн туған ауыр кезеңдердің ыстығы мен суығын тең бөліскен Қабан жырау Жалайырдың Мырза руының қабырғалы биі болса, Оған қатысты сақталып қалған мұралардың қатарында Аңдас Балпық би айтыпты деген толғаулар жұрт жадында аз сақталмаған. Мысалы, Ескелдінің шабыттанып кеткенде жырауларша төгіп-төгіп жіберетінін қарт абыз Төле биге айтқан мына арнауынан айқын аңғаруға болады: 
Армысыз, ата!
Таудан аққан бұлағым,
Жауға шапсам ұраным.
Сыйынсам да Аллаға
Өзіңді айтып тұрамын!
Алты Алаштың өрісің,
Халқымыздың төрісің.
Өзің ғана табасың
Әрбір істің желісін.
Болмаса, «Есерліктің белгісі, Кеуде соғар, керілер. Өсекшілдің белгісі, cөзі жылмаң көрінер», – деген жыр жолдарынан құралған дидактикалық сарындағы толғауын дәстүрлі жыраулар поэзиясынан алшақ деп айта алмаймыз. 
Ескелдінің тағы бір қыры, көбіне жыраулардың бойына тән әулиелік, көріпкелдік, келешекті болжаушы сияқты тылсым күштердің де иесі ретінде халық сенімін иеленуі. Ел аузындағы қария сөздерге сүйенсек, оның бойындағы  мұндай қасиеттер бала кезінен белгілі болған. Соның бірін мынандай сюжеттің желісі құрайды. Бірде бесікте жатқан Ескелдіден өзге ешкімнің жоғын пайдаланып бір бейтаныс адам Жылкелдінің үйіне кіріп, керегеде ілулі тұрған қылышты алып кетіпті. Біраз жылдардан кейін әлгі адам тағы келіп, қонақ болып отырғанда ойын баласы Ескелді оны танып қалып, үйдегілерге өткен қылышқа қатысты оқиғаны баяндап беріпті. Сондағы қолы суық адамның түр-келбетін, киген киімін, іс-әрекетін толық баяндап, оның қылмысын мойындауына мәжбүр еткен. Бұл әңгімені жоғарыда көрсетілген бәйгеден келген ат туралы, немесе Балпыққа Алладан перзент тілеуі жөніндегі, болмаса көз тиген тайлақты қамшымен жазып жіберуіне байланысты, әйтпесе киелі жез қармағымен Балпықтың қашқан атын байлап тастауына қатысты  т.б. аңыздар толықтыра түсіп, Ескелдінің әулиелік, көріпкелдік дарынын айқындай түседі.
Жетіншіден, Ескелді бидің тарихи тұлғасы, ірі қайраткерлік келбеті қазақтың ауызша тарихында тек рулық, тайпааралық дау-жанжалдарды үйлестіруші ғана емес, елдің сыртқы істеріне де араласқан қанігі саясаткер, жұртының тыныштығын ойлаған елші-бітімгер ретінде де көрініс береді. Атап айтқанда, «Суан да ортақ, су да ортақ» деген аңызда жапсарлас жатқан Жалайыр мен Суан арасындағы барымта дауын, «Ескелді мен Қараменде бидің кездесуі»  атты әңгімеде құн дауын әділ шешіп, алғашқысында тайпааралық, екіншісінде Ұлы жүз бен Орта жүз арасындағы қылмыстық іс-әрекеттерді ел мүддесі тұрғысында қарастырып, екі жақтың ынтымақ-бірлігін сақтап қалғанын аңғаруға болады. 
Енді бір аңызда  Ескелді жау қолына түседі. Оны қолға түсірген батыр ұлына үйіндегі ұры мысықты елсізге апарып тастауды бұйырады. Бала діттеген жерге барып, мысықты лақтырғанда ол аттың бауырына жабысады да ат үркіп, баланың аяғы үзеңгіде кетеді. Тулаған аттың тепкісінен бала түсіп қалып, жұлынған бір аяғы үзеңгіде кетеді. Қалмақ батыры бұл қасіретін Ескелдінің киесінен көріп, оны босатып, тілегін сұрайды. Сонда би оның ел шегінен жыраққа көшіп кетуін сұрайды. Оның тілегі орындалып, ел басына тыныштық орнайды. Сөйтіп, Ескелді өзіне төнген қауіпке қарамай бойындағы бар асыл қасиетін жұмсап, қантөгісті соғыссыз, бейбіт бітімге келіпті. 
Абылай тынымсыз соғыстардан ығыры шыққан кездердің бірінде жоңғар жағына Ескелді бастаған елшілер тобын аттандырады. Жоңғар ханының алдында Ескелді қазақ-қалмақтың түпкі тегі бір екендігін, тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрдің де ұқсастығын термелей жеткізіп, арадағы араздықты ата-бабалардың дәстүрімен бейбіт түрде шешуді сұрайды.   Оның жолын: «Даудың түбін қыз бекітеді, судың түбін шым бекітеді. Жаудың түбін тіл бекітеді» деген далалықтардың ортақ ұстанымы айқындап беретінін де құлаққағыс етеді. Сонда Ескелдінің ұсынысын қолдаған хан беретінін қызды елшінің өзіне қосып, ұзатпақ болады. Тағы да жауап сөздің қисынын тапқан би: «Салтты санасыздар бұзады. Ел ағасынан бұрын елші жол алмас болар. Абылай еліміздің айбыны да, ағасы да, тақсыр! Жол алдымен хан иемдікі!»– депті. Сөйтіп, бейбіт келісім жасалып, жоңғар ханының  Қандан есімді қызын Абылай алыпты. Аңыз бойынша бұл әйгілі Қасым сұлтанның анасы болса керек. 
Азды-көпті ел есінде қалған халық туындыларындағы ауызша мәліметтер Ескелді Жылкелдіұлын он екі ата Жа-   лайырдың  көшбасшысы ретіндегі орнын, сондай-ақ Жетісу өлкесінің, жалпы қазақ  қоғамының саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени өміріндегі рөлін, сол тұстағы халық мүддесі үшін атқарған орасан еңбегін баяндайды. Біз жоғарыда тарихи тұлғаның қысқаша ғана ел билеудегі, адал төрелік, әділ кесім етудегі, айбынды батыр-қолбасшы тұлғасында ел қорғаудағы, әулие-көріпкелдікпен ел келешегін жорудағы, мәмілегер елші-дипломат, сөз өнерінің шебері-шешен ретіндегі қырларын сөз еттік. Ал оның дала заңдылықтарының, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің білгірі абыздық-шежірешілік қызметі, философиялық ой-түйіндері, шешендік, ақын-жыраулық бейімдері толық қарастырылмады. Сондықтан келешекте Жетісу өлкесінің, жалпы қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы тарихын толықтыруда  Ескелді бидің ерен еңбегі ескеріліп, оның тарихи болмысы жан-жақты зерттеледі деген ойдамыз.
 
Тоқтар ӘлІбеков,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және 
өнер институты қолжазба бөлімінің меңгерушісі, 
филология ғылымдарының кандидаты