Ана

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 5243
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Үш-ақ әріптен ғана тұратын бұл сөзде үлкен мән-мағына, ерекше қасиет бар. Әлемнің барлық мейірімділігі мен махаббаты ананың жұдырықтай жүрегінде орналасқан. Адамзат баласы үшін ананың аялы алақаны мен ыстық құшағынан артық не бар бұл өмірде?! Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында сәбиін әлдилейді. Содан кейін өмір бесігіне бөлеп, жақсы мен жаманды үйретеді.

Бойындағы шексіз сүйіспеншілік пен мейірімін ана сүтімен сәбиінің бойына дарытады. Жан-дүниенің сұлулығы ана жүрегінен бастау алады. Бала бойындағы жақсы қасиеттер ананың ақ сүтімен тарайды. Баласы үшін анасы бармайтын құрбандық бар ма? Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда, өзін ұмытып барлық күш-жігерін сарқа жұмсайды. Бұдан оның жаны байып, нәрлене түсетіндей. Бүгінгі қоғамда баланың анаға деген махаббаты жеткіліксіз. Оны барынша құрметтеп, сыйлау әрбір баланың міндетіне жатады. Кейбір балалар арасында өз ата-анасын жөндеп сыйламайтын, еңбегінің қадірін білмейтін, айтқан тілін алмайтындары кездесіп қалады. Мұндай бала өсе келе ата-ананың борышын өтемек түгілі, екіжүзді сұрқия адам болып шықпасына кім кепіл? Лайым балалардың тәрбиесі адам қызығарлықтай болып өсе берсін дегім келеді.
Ана – үйдің берекесі. Қыз баланың өнегесі анасынан бастау алады. Ананың көзінен нұр төгіліп, маңайына шуағын шашады. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген біз алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалауымыз шарт.
Адам «адам» болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек деп ойлаймын. Дүниедегі ең жұмсақ нәрсе, ол – анамыздың аяулы алақаны, дүниедегі ең тәтті нәрсе, ол – анамыздың ақ сүті. Ұмай ананың ізін жалғап, Зере мен Ұлжандай ақылымен елге сыйлы, Ұлпандай ағайынның ұйытқысы, Қарашаштай тапқыр да  дана аналарымыз әманда аман жүрсін. Осылардың жолын жалғастырып келе жатқан менің анам ең мейірімді, жанашыр, ақылды адам. Ол менің көңіл-күйімді қас-қабағымнан таниды. Жақсы қылықтарыма сәбише шаттанып, менің аздаған жетістіктерімді таудай қылып жақсылыққа балайтын да осы кісі. Сондықтан да мен анамды бәрінен артық жақсы көремін. Әрине, оны дүниедегі ең бақытты адам еткім келеді. Барлық бақыт пен ғажап нәрселер анамның аяғының астында тұрса екен деп тілеймін және ренжітпей қадір тұтамын. «Анаға қарап қыз өсер» деп тегін айтылмаған. Қашанда анам сияқты болғым келеді. Мені дүниеге әкеліп, аялап өсіріп отырғанына мың да бір алғыс айтамын. Мен оған шексіз ризамын.

Зарина Емберген,
Қ. Сәтбаев атындағы мектеп- гимназиясының 8 «А» сынып оқушысы
Ақсу ауданы